Қой жылына арналған махаббат жұлдызнамасы #3

Қой жылына арналған махаббат жұлдызнамасы #3

Жұлдыздар 2015 жылғы махаббат турасында не болжайды?

Мерген

Бұл жылы әртүрлі жағдайдың шешімін табуға тура келеді. Кейде қолды бір сілтеп, қашып кеткіңіз де келеді. Жақын адамыңыз көмек сұрап, сізді қолыңыздан келмейтін істерге кіріктіруі мүмкін. Оларға «жоқ» деймін деп, ренжітіп алуыңыз да әбден мүмкін. Бұл жағдайдан сытылып шығуға тырысыңыз. Ұрысып, ренжісудің алдын алуға болады. Басы бос мергендер жиі күйзеліске ұшырауы мүмкін. Жолыңызда әлі-ақ жақсы адамдар кездеседі. Бірақ сіз олардан бас тартып, жалғыз жүруді бейсаналы түрде таңдауыңыз мүмкін. Сондықтан санаңыз, көзіңіз «ашық» болуы керек. Себебі олардың бірі өмірлік серігіңізге айналуы ғажап емес.

Тауешкі

Бұл жылы көптеген тауешкіге тән салқынқандылық пен аса байыптылық жылулыққа алмасып, айналаға басқа көзқараспен қарай бастайды. Жылдың екінші жартысында махаббатқа деген құштарлығыңыз арта түседі. Өмірге деген құштарлығы оянып, өмірлік жарын іздеуге кіріседі. Қызды-қыздымен біреуге қатты ғашық болуыңыз мүмкін. Алайда бұл сезім жауапсыз қалуы ықтимал. Сондықтан сезімді тұсай біліңіз. Сыңарыңыздың сізге деген қарым-қатынасын бақылай жүріңіз. Өмірге мұндай тәжірибелер керек-ақ. Уақыт өте келе шын махаббатыңызды да кездестіресіз.

Суқұйғыш

Бұл жыл сіздер үшін махаббат пен сүйіспеншілікке толы болады. Жолыңызда қызықты адамдар кезігуі мүмкін. Сұқұйғыштың ғашықтығы алысқа апаруы мүмкін болғандықтан, маңызды шешім қабылдауда мұқият болыңыз. Бұл жылы сіз орнықты мекеніңізде отыра алмай, тау-тасты асып, саяхатқа шығуға құлшынасыз. Махаббатты теңізден асып, іздеуге құштар боласыз. Тұрақты қарым-қатынасты бастауға сұқұйғыштар әлі дайын емес. Алайда күндердің күнінде махаббатына кезігіп, ғашық болуы ғажап емес. Ал махаббатын іздеп, күтіп жүрген сұқұйғыштар сабырсыздық танытып, күйзеліске түсуі ықтимал. Бұл орайда айтатынымыз, жан-жағыңызға мұқият көз салыңыз, махаббатыңыз сізге «жол» таба алмай, айналаңызды кезіп жүрген болар.

Балықтар

Махаббатын күтіп жүрген балықтар қой жылы мақсатына жетуі ықтимал. Жаңа адамдармен танысу да қиынға соқпайтын болады. Энергияға кенеліп, әлемді таңғалдыруға құштарлығы пайда болып, биік мақсаттар қояды. 2015 жылы балықтар аса тартымдылыққа ие болады. Жаңа танысу ұзақ махаббат хикаясына ұласып, неке құрумен аяқталуы мүмкін. Бұл жағдайда баянды өмір сүріп, бақытты боларыңыз һақ.

Сурет: ©Ольга Ким

Оқи отырыңыз:

Қой жылына арналған махаббат жұлдызнамасы #2

Қой жылына арналған махаббат жұлдызнамасы #1

Неліктен жалғызсыз?

Болашақ жарым қандай болуы керек? #3

Ф. Абилова