- Негізгі бет
- Психология
- Көктемде жігіттер нені...
Көктемде жігіттер нені армандайды?
Жігіттер көктемде не туралы армандайды? Көктемде әйел де, еркек те өмірін жаңа парақтан бастауға құштар болады. Көктемде жігіттер өз өмірін толық електен өткізеді: жұмыс кестесін, сыртқы келбетін, әйелдермен қарым-қатынасын, киген киімін, мінген көлігін ойлап шығады. Бірақ ең бастысы бұл емес. Жігіттер жылдың осынау жылы мезгілінде жүрегінің жартысын іздейді.
Көктемде ер мен әйел арасында нағыз соғыс басталады. Екі жақ та жеңістен үмітті. Көктемде жеңіске жеткен адам жылдың суық мезгілінде қарым-қатынастың қожайыны атанады.
Кейбір ер адамдар наурыздан мамыр айына дейін кенеттен үйленгісі келуі мүмкін. Сондай-ақ далада өз-өзіңмен отырып, өткен-кеткен адамдарды зерттеуге де құлшыныс осы көктем айларында ашылады.
Дене сымбатын қалыпқа келтіру – әр жігіттің арманы. Жігіттерге көктемде жүгіру спорты жақсы жағады. Таза ауада таңертең жүгіріп тұрыңыз.
Кейбір көлігі бар жігіттер жылдамдықты асыра айдағысы келеді. Сақ болыңыз...
Жігіттер ұсақ-түйекке бас қатырмайтын жаратылыс болғандықтан, мақсаты да ірі. Отбасының асыраушысы жаңа көлік пен баспана жайын ешқашан естен шығармайды. Арқалаған жүгі мың есе ауыр жігіттер жұмыста табысқа жетіп, әлеуметтік жағдайын жасап алу мақсатын бірінші орынға қояды. Бизнес саласы мен оқуда көш бастайтын ер адамдар өз саласы бойынша ізденісін тоқтатпайды. Нағыз жігіт ата-анасын, сүйіктісін, бала-шағасын асыраудан ләззат алады. Нәзік жанның мойнына отыруды намыс көретін жігіттер неғұрлым табысқа жеткен сайын соғұрлым өзіне сенімді бола түседі.
Ер адамдар қыздарға қарағанда достыққа берік. Олар досы үшін жанын бермесе де, барын беруге даяр. Айнала шуақ шашып тұрғанда, бақытты сәтіне достарының да ортақтасқанын қалайтын жігіттер жанына жақын адамдармен кездескенді құп көреді. Тек достарымен бірге жиналып, сыр бөлісу – жігіттердің жан қалауы.
М. Оңғарова