Жұмысым жемісті болсын десеңіз...

Жұмысым жемісті болсын десеңіз...

Тек ақымақтар ғана бір айтқан сөзін қайталаған сайын әртүрлі нәтиже болатынына сенеді.

А. Эйнштейн

Кеңседе күні-түні өмірімді өткізем. Бірақ, неге сәттілік алдымыздан күліп қарамайды? Неге бастық менің кеңседе түнейтінімді көрмейді? Неге менің жалақым аз, ал кеңсеге анда-санда бір соғып кететін пәленшенің қызметі бірден жоғарылап кетті? Неге менің үнемі жолым болмайды? Осындай сұрақтар мазалап жүр ме? Олай болса, ең бірінші өз-өзіңізді өзгеден төмен қоюды доғарыңыз. Бұл әлемдегі барлық адам бақытқа толық құқылы және сіз де санасы бар адам ретінде бақытты болуға, дәл сол сияқты қызметтік баспалдақпен көтерілуге толық лайықсыз...

Алтын қағида: Көп жұмыс істеу мықты маман екеніңіздің көрсеткіші емес...

Сәттілік пен қолпаштау, мақтау-марапат өз аяғымен келе салмайды. Бұл үшін расымен көп тер төгу қажет. Бойдағы қажыр-қайратты дұрыс бағытта жұмсай білу керек. 

Жұмыстың оңайы жоқ. Күні бойы бір орында тапжылмай отыруды талап ететін жұмыс денсаулығыңызға кері әсер етеді. Сондықтан, кейін "жемісін" көрмеу үшін денсаулығыңызға осы бастан мән беріңіз. Бір рет болса да, орныңыздан тұрып, жаттығу жасаңыз, тысқа шығып, таза ауамен тыныстап келіңіз...

Өз жұмысыңызды жаныңыз салып жасасаңыз да, өміріңіздегі ең маңызды нәрсені ешқашан естен шығармағаныңыз абзал. Ол әлбетте адамның жеке өмірі. Жұмыс карьеристер үшін отбасыдан жоғары тұратын шығар. Қызмет баспалдағымен көтерілу соңында үйілген ақшаның ортасында  қу тізеңізді құшақтап жалғыз қалуыңызға әкеліп жүрмесін. Жек өмір бақыты үшін жұмысты тастау керек болса, құрбандыққа барғаныңыз жөн...

Сәттілік күлсін десеңіз...

1-қағида. Өз-өзіңізді үнемі жетілдіріп отырыңыз. Жұмыста сізге тапсырылған тапсырманы ойдағыдай орындаудың өзі кейде жеткіліксіз болып жатады. Сіздің орныңызға сізден білімді, бірақ жұмыссыз жүрген қаншама адам бәсекелес бола алады? Сондықтан, біліктілігіңізді жетілдіріп отырғаныңыз дұрыс. Айына өз салаңыз бойынша кемінде 2 кітап оқуды әдетке айналдырыңыз. Оқыған кітабыңызды әріптестеріңіздің арасында талқыға салуды да ұмытпаңыз. Өйткені, бәріңіз бір қазанның ішінде қайнаған соң, олар сізді ымыңыздан-ақ түсініп, сіздің әңгімеңіз әрі қызықты пікірталастың арқауы болады, әрі әріптестеріңіздің көз алдында бір сатыға өсесіз. 

2-қағида. Уақытты үнемдеңіз. Уақыт - білдіртпей жылыстайтын ағыс. Уақытты ешкім де бағындырған емес, біздің қолымыздан келетіні - уақытты үнемдеу ғана. 

3-қағида. Кез келген тақырыпта басшылыққа ойыңызды еркін айта біліңіз. Ал егер таласты тақырып болса, сол тақырыпта білімім толық деп сенімді болсаңыз ғана, тәуекелге барыңыз. Біліміңіз толық болмаса, сауатсыз пікір айтудан қашқақтағаныңыз жөн...

4-қағида. Тек ақша табу үшін жұмыс жасай көрмеңіз. Өйткені, ниетсіз, құлықсыз істелген жұмыстың нәтижесі де соған лайық болады. "Адамның адамшылығы жұмысты қалай бастағанынан көрінеді". Иә, дана Абайдан асырып айта алмаймыз...

Сіздің ойыңызша, жұмыстағы сәттіліктің сыры неде? Ой қосыңыз!

сурет:x-fi.com.ua, mail.ru

Р. Роза