- Негізгі бет
- Психология
- Тайм менеджмент немесе...
Тайм менеджмент немесе уақыт үнемдеу
Жұмыс кеңсесі екінші үйіңіз болды ма? Туыстарыңызға қарағанда әріптестеріңізді жиі көресіз бе? Туған-туыстарыңыздың проблемаларына соңғы рет қашан көңіл бөлгеніңізді ұмытып қалдыңыз ба?
Тайм-менеджмент жайлы ойлануға уақыт келді: уақытты бағалауды және бір минут болсын уақытты босқа жоғалтпауды үйрену қажет. Бір мақаланы оқи салып, тайм-менеджмент дағдысын меңгеріп алу, әрине мүмкін емес. Алайда жүріс-тұрысыңызға қажетті түзетулер енгізу мен назар аударуға тұрарлық тұстарды анықтауға әбден болады.
Бұл мақалада біз сіздерге тайм-менеджмент бойынша 8 практикалық кеңес береміз. Ұсынылатын кеңестер оңай әрі күнделікті өмірде өте қажетті.
Кеңес 1. Әдеттеріңіз бен шұғылданатын істеріңізді анықтап алыңыз
Ол үшін 1-2 апта бойы күнделікті атқаратын тірліктерді белгілеп отыратын күнделік арнаңыз немесе ұялы телефоныңызға жазып жүріңіз. Тек жұмыс, мерекелік шаралар, әңгіме-дүкен мен кездесулерді ғана жазып қоймай, ойларыңызды да түртіп отырыңыз. Бұл сіздің уақытыңыздың қайда кетіп жатқанын және күні бойы қанша іс атқаратыныңызды анықтауға көмектеседі.
Сонымен қатар, бұл әдіс - ешқандай пайда әкелмейтін істерді анықтауға да ықпалын тигізеді. Мысалы, әріптесіңізбен ауа райы жайлы әңгімелесу, қызық емес телебағдарламаларды қарау және т.б.
Кеңес 2. Жоспарлаумен айналысу
Күндік жоспарыңыз толығымен дайын болмағанша, жұмыс күніңізді бастамаңыз. Іс-шараларыңызды кешкісін немесе жұмыс уақыты басталмас бұрын жоспарлаңыз.
Жоспарланған істеріңіздің кемінде жартысы нақты нәтиже алуға бағытталған болсын.
Маңызды істеріңізге (ойлануға, іс-шараларға) нақты уақыт қойыңыз. Қашан басталып және қашан аяқталатын уақыттарын анықтаңыз.
Жетістікке әкелмейтін жұмыстарыңызға (іс-шараларға, кездесулерге) уақыт шектеуін қойыңыз.
Кеңес 3. Демалуды да ұмытпаңыз
Күндік жоспар құру барысында демалуға уақыт бөлуді де ұмытпаңыз. Ол тек түскі ас үзілісі ғана емес, 15 минуттық кофе-брейк те болуы мүмкін немесе жарты сағаттық тынығу (тыныштықта босаңсу - тек жеке кабинетіңіз болса ғана мүмкін).
Кеңес 4. Өзіңмен-өзің қалу
Мысалы, маңызды мәселемен айналысу кезінде кабинет есігіне "Мазаламаңдар" тақташасын іліп қойыңыз. Хатшыңызды шұғыл жұмыс кезінде ешкіммен байланыстырмауын және ешкімге кіруге рұқсат бермеуін ескертіп қойыңыз.
Кеңес 5. Біртекті жұмыстарды топтарға біріктіріңіз
Айналысып отырғаныңыздың бәрін тастап, жаңа ғана келген электронды поштаңызды оқуға көшпеңіз. Тап осылай, сізге телефон арқылы хабарлаған проблемаларды бірден шешуге кіріспеңіз. Есіңізде болсын, тіпті аса жедел істер де 15 минут күте алады, ал шұғыл еместері онсыз да...
Телефон келіссөздеріне, хабарламаларды оқуға (электронды поштаны), есептеулер жүргізуге және басқа осындай біртекті жұмыстарға арнайы уақыт бөліңіз. Жасалған график уақытын сақтауға тырысыңыз.
Кеңес 6. Жетістік жайлы ойлаңыз
Кез келген жұмысты бастамас бұрын, оның қалай аяқталғанын қалар едіңіз соны ойланыңыз. Тапсырманың орындалуынан нені күтесіз? Тіпті, бұл жұмысқа не үшін кірістіңіз?
Мысалы, сіз біреуге телефон соқпақшысыз. Қоңырау қандай нәтиже бермек? Не себепті телефон соғып отырғаныңызды ішіңізден талдаңыз.
Кеңес 7. Жаман әдетеріңіз бар ма?
Компьютердегі артық ұяшықтарды (ойын, әлеуметтік желілер, ойын-сауық порталдар, ақпарат сайттары және тағы басқа қажеті жоқ беттер) жабыңыз. Егер шылым шегетін болсаңыз маңызды жұмыс барысында одан бас тартыңыз: 1-2 сағат темекі шекпесеңіз өліп қалмайсыз. Дәлізде кездейсоқ кездескен әріптестеріңізбен әңгіме-дүкен құрмаңыз. Алдағы демалыста не істейтініңіз жайлы армандамаңыз. Жалпы айтқанда, сізді аз уақытқа болса да алаңдататын нәрселерден аулақ болыңыз.
Кеңес 8. Бәрін бірден үлгеруге ұмтылмаңыз
Барлық істі тындыру мүмкін емес: бір жұмысты орындаған абзал, содан соң кезекке жаңасы келеді. Естеріңізде болсын, жетістіктің сыры санда емес, сапада: "асықпаған арбамен қоян алады", - дейді атам қазақ.
"20% атқарылған іс 80% нәтиже береді" деген Парето заңын да естен шығармаңыздар.
P.S. Уақытты шығындамаңыз, оның әрбір секундын бағалай білуді үйреніңіз. Сонда ғана өмір сүрудің оңай да жағымды екенін байқайсыз.
Сурет jangl.name сайтынан алынған
Ж. FM