- Негізгі бет
- Психология
- Жұмыс барысында қолдануға...
Жұмыс барысында қолдануға болмайтын сөздер
Жұмыс барысында жанжал туындауы әбден мүмкін. Ұрыс-керіспен ешнәрсе шешілмейтінін біле тұра, өзіміз сол ұрыстың ортасында жүреміз. Әрине, өзіңіздің пікіріңізді білдірген дұрыс-ақ. Дегенмен сіз өз ойыңызды қаншалықты дұрыс жеткізесіз, сол – маңызды. Сонымен қатар, жұмыс барысыңызда ақталу үшін немесе көзқарасыңызды айту үшін қолдануға болмайтын сөздер бар. Соны есіңізде сақтаңыз.
Онда менің шаруам жоқ....
Кейде қолыңыз бос болмай, «мен білмеймін» немесе «онда менің шаруам жоқ» деп зекіп құтылатын әдетіңіз болса, одан арылғаныңыз абзал. Өйткені, бұл сөздер арқылы топпен жұмыс жасай алмайтын адамдай әсер қалдырасыз.
Біз әрқашан осылай жасайтынбыз
Жаңа нәрсеге бет бұруды үйрену керек. Бір жолмен жүре берсеңіз, ол жер тақырға айналады. Сол секілді бір әдіспен жұмыс жасау сіздің дамуыңызға кедергі келтіреді. Керісінше, әріптесіңізден оның жаңа идеясының артықшылығын сұраңыз.
Бір минут!
Бір минут дегеніміз әрқашан жарты сағатқа созылады. Өзгенің уақытын бағаламау – әдепсіздік. Әріптесіңізге уақытыңыздың дәл бағасын беруге тырысыңыз. Осылайша ол сізді күтіп әуре болмайды әрі өз жұмысын еркін жалғастыра алады.
Сенікі дұрыс емес
Бұл сөз – жанжалға апаратын тіке жол. Оданда, «Мен сенімен келіспеймін, өйткені...» деп неліктен оның ойын құптамайтыныңызды ашып айтыңыз.
Кешір, бірақ....
Әрдайым кешірім сұрап бастайтын әңгіменің барлығы кешірімнен алшақ болады. Сондықтан, сөзіңіздің артын дұрыстай бермейтін кешірімді сөздің басында қолданып қажеті жоқ.
Мен тырыстым ғой...
Мектеп кезінде мұғалім сізден бір әрекетті жасауға тырысқаныңызды көруге ұмтылады. Ал, үлкен өмірде бізден нәтижені талап етеді. Егер жасаған жұмысыңыз сіз ойлағандай жүзеге аспаса, өзгелермен кеңесіңіз. Есесіне сіздің шынымен тырысқаныңызды әріптестеріңіз де байқайды.
Саған осылай істеу керек еді
Біреудің қателігін бетке баса беру – әлсіздігіңіз. Сіз осылайша ақыл-кеңес бердім деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ, әріптесіңіздің сізге деген сенімін жоғалтып алдыңыз.
Мүмкін менікі қате шығар...
Осылайша сіз өз идеяңыздың бағасын түсіріп аласыз. Бұл сізге айтылатын сындардан қорғамайды, бірақ сіздің ұсынысыңыздың құндылығын төмендетеді. Оданда «Менде мынандай идея бар» деп бастаңыз.
Уақыт жетпеді
Бұлай ақталып керек емес. Уақыттың жетіспеуі сіз уақытпен жұмыс жасай алмайды дегенді білдіреді. Оданда алдын-ала қай уақытқа дейін бұл жұмысты аяқтай алатыныңыз туралы басшылықты хабардар етіп қойыңыз.
Т. Есқали