- Негізгі бет
- Психология
- Жаңа жұмысқа орналассаңыз...
Жаңа жұмысқа орналассаңыз
Шексіз түйіндемелерді жіберіп, жұмыс іздестірген күндерді артқа тастап, уайым мен сан сұрақтарға толы сұхбаттасулардан өтіп, жұмысқа орналастыңыз. Арман-мақсаттарыңызға жеткенмен, жадыңыз үрейлі сұрақтар мен күдіктерге толы.
«Алғашқы жұмыс күнім қалай өтеді екен?», «Әріптестер жаңадан келген мына мені қалай қабылдар екен?», «Берілген тапсырманы ойдағыдай орындай аламын ба?», «Басшылық тарапынан сөз естимін бе?» т.с.с сұрақтар сізді жаңа қызметіңізге кіріспес бұрын мазалауы ғажап емес. Сондықтан жаңа жұмысқа орналасқанда «Ақырын жүріп, анық басқан абзал» деген Абай данышпан нақылын естен шығармаңыз.
Сабыр сақтаңыз!
Алғашқы күндері әріптестер жаңа қызметкерге жылы қабақ танытпай, ал жұмысыңыз өзіңіздің көңіліңізден шықпауы да мүмкін. Сондықтан да, барлығына түсіністікпен қарап, сабыр сақтаңыз. «Мына жұмыс ұнамай тұр», «Әлі де кеш емес, кетіп қалсам ба екен», «Мен мұндай жұмысты қаламап едім», «Берілген жұмыс үстелі мен орындығы ыңғайсыз» деген ойлардан арылыңыз. Бұл жұмысқа қалай орналасқаныңызды ұмытпаңыз, келісімді де өзіңіз бергеніңізді естен шығармаңыз.
Салыстырудың қажеті шамалы
Жаңа жұмыс орнын ескі жұмыс орнымен ешуақытта салыстырмаңыз. «Ескі жұмысымда компьютерлер жаңа еді», «Бізге ешкім қатал талап қоймайтын», «Бұрынғы әріптестерім бұл жұмысты өздері істейтін», «Жаңа бастығым ескі бастығым сияқты маған жылы қарамайды» деп салыстырып, жаңа жұмыс орнына жатырқай қараудың еш жөні жоқ. Бір жұмыс басқаға ұқсауы тиіс емес.
Ашық ауыз болмаңыз
Жаңа танысқан әріптестермен бірден сырласып, оларға ескі жұмысыңыздан не үшін кеткеніңізді айтып, кеңінен ашылудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, жақсы таныс емес жандармен өзіңіздің жеке өміріңізбен, қызығушылықтарыңызбен, отбасылық жағдайлармен бөлісуге асықпаңыз. Өзгелермен ашық-жарқын әңгімелесетін адамға жұмыс орнында күдікпен қарайды. Себебі, «Ашық ауыз жандар өсек әңгімелерге, қызыл сөзге жақын келеді» деген түсінік бар.
Көмек сұрауға ұялмаңыз
Жаңа жұмыс орнында берілген тапсырманы түсінбей жатсаңыз я орындаған кезде кедергілерге ұшырасаңыз, әріптестеріңізден көмек сұрауға арланбаңыз. Жаңа келген қызметкердің тез үйреніп кетуіне ықпал етуге әріптестер қашанда дайын екенін ұмытпағайсыз.
Іс-әрекеттеріңізге мән беріңіз
Жаңа ортада өзіңізге сенімді болыңыз. Әріптестеріңіздің барлығымен сәлеміңізді түзу болғанын қадағалаңыз. Жұмыс уақытында бос әңгімелерге, жөнсіз мәселелерді талқылауға, өзгелермен қосылып, өзгені сөз етуге жол бермеңіз. Қызмет талаптарына сай киім киіңіз, жұмысқа кешікпей келіңіз, тапсырмаларды уақытылы орындаңыз.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Сурет: vk.com
Ғ. Ұзақ