Жұмысқа қалай орналасуға болады?!

Жұмысқа қалай орналасуға болады?!

Жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтаған соң, мамандығы бойынша жұмыс іздестіре бастайды. Жұмысқа орналасуда аса маңызды рөл атқаратын жеті жағдайдың қаншалықты өтірік-шынын бірге қарастырайық.

  1.  «Ел арасында танысың болмаса», «барлық жерде таныстар шешеді» деген пікірлер жүргенменен барлығы өзіңізге байланысты екенін ұмытпаңыз. Айлығы жоғары, қызметі табысты мекемеге орналасу үшін міндетті түрде ол мекемеде істейтін аға-әпкенің я тамыр-таныстың қажеті жоқ. Әрине, танысыңыз сізге қол ұшын созып, жұмысқа орналастыра алады. Алайда, ол сіздің қалай жұмыс істейтініңізді білмегендіктен, басшылық алдында сіз үшін жауап бермейді. Жетекші мекемелер жұмысқа тамыр-танысты емес, білім мен талабы бар еңбекқор жанды алуға тырысады.
  2. «Барлығын жоғары білім ғана шешеді» деп ойласаңыз, қателескеніңіз. Әрине, сапалы жоғары білімің болса, алдыңнан ақ күн туады. Бірақ та, он бір жыл мектепте және төрт жыл білім ордасында үздік оқыған жанның бастық болып кетуі екі талай. Керісінше, үштікке қанағат білдіріп, орта біліммен ғана шектелген жан қызмет жолында көтеріліп кетуі мүмкін. Сондықтан да барлығы тек бір жапырақ қағазға, оның түр-түсіне ғана тәуелді бола бермейді.
  3. «Түйіндемені сай қызметке ғана жіберу керек», «талабына сай емес екенмін» деп хабарламада көрсетілген мекен-жайға түйіндемеңізді жібермесеңіз, өз жолыңызды өзіңіз байлайсыз. Егер де хабарламада көрсетілген қызмет талаптарына сай келемін десеңіз, түйіндемеңізді дұрыстап толтырып жіберіңіз. Дәл сол қызметке орналасуға шақырмағанның өзінде сіздің түйіндемеңіз мекеме базасына енеді. Болашақта сізді басқа қызметке шақыруы да ғажап емес. Сондықтан да жүрексінбеңіз!
  4. «Тәжірибең болмаса, жұмысқа алмайды» деген де бар. Көптеген мекемелер тәжірибесі жоқ, енді ғана диплом алған я білім оқып жатқан студенттерді жұмысқа алуға құштар. Себебі, тәжірибесіз жас маманның жұмысқа деген ұмтылысы мен қызығушылығы әрдайым жоғары келеді.
  5. «Ғаламторда жөнді жұмыс жоқ», «ғаламтордан жақсы жұмыс таба алмайсың» деген түсінік бар. Әрине, ғаламторда небір қызықтар мен сұмдықтар кездеседі. Алайда, ғаламтор көмегімен талай жас мамандар өздері қалаған қызметке орналасуда.
  6. «Түйіндемені өзгертуге болмайды!» деп оның бір ғана нұсқасымен шектелмеңіз. Түйіндемеңіздегі ақпаратты қалдырып, тек қана оның құрылымын өзгертіп жіберуге болады. Әр мекемеге әр түрлі құрылымдағы түйіндемеңізді жіберіңіз.
  7. «Хабар келген жоқ, мені жұмысқа алмайды деген сөз» деп қол қусырып, сағатқа қарап, тағат таппай отыруды доғарыңыз. Уақыты келгенде мекемеден сізге хабарласады. Шыдамсыз болсаңыз, сол мекемеге хабарласып, қызмет туралы біліңіз. Бос орынға басқа маманды алып қойған жағдайда, еңсеңізді түсірмей, жұмыс іздестіруді тоқтатпаңыз.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Сурет: napomosh.com

Ғ. Ұзақ