- Негізгі бет
- Психология
- Жақыныңыз қайтыс болған...
Жақыныңыз қайтыс болған жағдайда #3
Алдыңғы жазбамызда жақынын жоғалтқан адамның басынан өтетін ашу, ыза кезеңі туралы айтқан едік. Алайда қанша ызаланып, ашуланғанмен жақынының келмеске кеткенін түсініп, қайғыға беріледі.
Мұндай жағдайда не істеу керек?
Жаныңыздағы достарыңыз, туыстарыңыз сізге көмектескісі келсе, бас тартпаңыз. Жан дүниеңізді өртеп бара жатқан күйікті бір сәтке болса да ұмыттырады. Сондықтан олар қонаққа шақырса, барыңыз. Бірақ қайғыңызды ішімдікпен басам деу – қате түсінік. Себебі көп жағдайда адамдар осындай кезеңдерде салынып ішіп кетеді.
Сіз қайтқан адам туралы көп ойлайсыз, көп жылайсыз, бұл – заңдылық. Даусын естігендей боласыз, далаға шықсаңыз, үйде отырғандай болып көрінеді. Үйге жүгіріп кіріп, қаңырап бос тұрған бөлмені көріп, қайтадан құлазисыз.
Тіпті соның өліміне өзіңізді кінәлі деп есептеуіңіз де мүмкін. Егер осындай ойлар жиі мазалайтын болса, күнделік жазыңыз, оны жақсы көргеніңізді, ұрсысқан кездеріңіз болса, кешірім сұраңыз, өзіңіздің де кешіретініңізді баяндаңыз. Кейбір қалжыңдасқан сәттеріңіз жайлы да жазыңыз. Қайтыс болған кісінің қуанған шақтарын еске түсіріңіз. Жағымды жайттарды еске алу, уақытша болса да жаныңызды жадыратады.
Өзіңіз сенетін жанға барлық ойыңызды айтып, бөлісіңіз. Оның сізді қолдағаны, түсінуге тырысқаны жаныңызға медеу болады.
Сіздің күліп-ойнап жүргеніңізді қайтқан адам да қалар еді ғой. Сондықтан барынша позитивті көңіл-күйге оралуға тырысыңыз.
Жалғасы бар...
Сурет: ©Роман Романов
Оқи отырыңыз:
Жақыныңыз қайтыс болған жағдайда
Жақыныңыз қайтыс болған жағдайда #2
Ф. Абилова