"Оны ұмытамын" десеңіз...

"Оны ұмытамын" десеңіз...

Өмірде қандай жағдай болмайды дейсіз? Бақытты кездер де, мұңаятын шақтар да болары анық. Жастайыңда әр нәрсеге қуанып, әр нәрсеге ренжисің. Махаббаттың да жақсы, жаман жақтарын жүрегіңе жақын қабылдайсың. Жақсы жақтары бәрімізге де мәлім, ал жаман жағы – сүйгеніңмен ренжісу. Ұзақ уақыт бойы өмірлік жарым деп сеніп келген адамың бір сәтте жоқ болып кетсе, күні кеше күліп-ойнап, үйреншікті әрекеттерді бірге бастан өткізіп жүрген екі жас бүгінде бір-бірін танымайтындай кейіпте жүрсе, екеуінің бірі әдетте көбірек мұңайып, күйзеліп жүреді.  

Сүйгеніңмен ренжісіп, екі жаққа кеткен соң болатын күйзелістен арылу әдістерін ұсынамыз.

Ең жақсы әдіс – жұмысқа берілу. Жылап-сықтауға мүмкіндік қалдырмау үшін бос уақытты азайтып, жұмысқа берілгеніңіз жөн. Мұндай талпыныстың арқасында жұмысыңызда жетістіктерге жететініңіз де ғажап емес, ал бұл өз алдына сіздің жүрегіңізді жазуға септігін тигізеді.

Арақашықтықты сақтаңыз. Хабарласпаңыз, жазбаңыз, көшеде кездестіріп қалуға талпынбаңыз. Оны тезірек ұмытқаныңыз жөн.

Ашуға берілуге қорықпаңыз. Айырылысып кеткен соң өзіңізді жазықтымын деп сөкпеңіз. Мұның сізге еш пайдасы жоқ. Бұрынғы жігітіңізге сізді ренжіткен барлық жайтты алдына төсеп беріңіз. Сіз бәрібір бірге емессіз, демек реніштердің барлығын бетіне айтуға болады. Бұдан біраз жеңілдейтініңіз хақ.

Достарыңызды шеттетпеңіз. Кез келген қиын жағдайда өзгелердің арқа сүйеуі үлкен көмек екені жалған емес. Сондықтан құрбы-достарыңызға ренішіңізді айтып, кеңестерін тыңдап, керек жерінде көз жасын да шығарып алыңыз.  

Сүйгеніңізді еске салатын барлық сурет, заттарды қоқысқа тастаңыз. Оларды сақтаудың пайдасы жоқ.

Айнаға қараңыз. Өзіңізді күтіп, шаш үлгіңізді өзгертіп, киімдеріңізді жаңартып, не жаңа маникюр жасап, өзіңіздің көңіл-күйіңізді көтеруге тырысыңыз. Сіз басы бос адам болғандықтан, өзіңіздің сыртқы келбетіңізге мән беріп, өзгеруіңіз керек.

Араларыңызда болған ұрыс-керістер, ренішті сөздер мен жағдайларды жазып, қайта-қайта дауыстап оқып, есіңізге салып тұрыңыз. Бұл - оны тезірек ұмыттыратын әдістерінің бірі.

Уақыт өте келе мұның бәрі артта қалады. Уақыт – бәріне емші. Барлық болған жақсы, жаман кездері үшін оған іштей алғыс айтып, өзіңізге «өткенді бостандыққа жіберемін» деп айтыңыз. Сіздің жігеріңіз мықты! Осыны ұмытпаңыз! Сіздің бақытыңыз әлі кезігеді, сол мезетті мейлінше жиірек көз алдыңызға елестетіп тұрыңыз.

Бақытты болыңыздар!

Сурет: Дарья Лапина

Ф. Абилова