Дуэльдің мақсаты – әділдік

Дуэльдің мақсаты – әділдік

Ерлік, батырлық жайлы қанатты сөздер ер адам бойындағы үздік қасиеттерді шыңдайды. Біз бұған дейін "Рим әскерінің әуелгі сөздері", "Орыс офицерінің ар-намыс кодексі", "Нағыз жігіт болу – самурайдың жолы" сияқты материалдарымызды ұсынған едік. Ендігі кезекте жекпе-жек кодексі туралы жазғымыз келді.

Дуэльдер тарихы сонау Геродот заманына кетеді. «Тарихшылар атасы» тракиялық тайпаларды суреттей отырып, олардың жекпе-жекке шығып, шайқасатын өнері болғандығын суреттейді. Ал Еуропаның арғы бетіндегі викингтер де дуэль ұйымдастырып отырған екен. Ежелгі Скандинавия елінде жекпе-жектер шың басында болып тұрған деген деректер бар. Бұл ойындар адам өмірін жиі жалмайтын болғандықтан, қоғам бұл жекпе-жектерді заңға қайшы деп тапқан еді. Әйтсе де, оның заңға томпақ келуі дуэлянттарға ерекше әсер етіп, бұл шайқас түріне өзіндік заңнамалар мен ережелер енгізіле бастайды. Бірінші жекпе-жек кодексі 1836 жылы жазылған. Оны франциялық граф Шатовильяр жазып шыққан. Кітапта мынадай талаптар кездеседі:

  • Жекпе-жекке шығушылар 15 минуттан артық кешікпеуі тиіс;
  • Жекпе-жек барлық қатысушы жиналған соң 10 минуттан кейін басталуы керек;
  • Басталмас бұрын төрешілер (секунданттар) ренжіскен азаматтарға татуласу жөнінде соңғы рет ұсыныс жасайды. Ұсыныс қабылданбаған кезде дуэлянттар бір-бірінің көзінше тапаншаларын оқтайды;
  • Ереже бойынша, жекпе-жекке шығушылар секунданттар сызып берген сызық бойымен жүруі тиіс. Ал олардың арттарында дәрігерлер дайын тұрсын;
  • Шайқас біткен соң жазаланған адам мен өшін алған адам қол алысып, татуласуы міндетті.
  • Аспанға оқ ату тек дуэльге шақырған жақ тарапынан болса ғана, дуэльдің аяқталғаны деп есептеледі.
  • Белгілі бір арақашықтыққа барған дуэлянттар қозғалмай тұрып, кезек-кезекпен бір-бірін атуы керек;
  • Жарақат алған адам жерде жатып та атуына рұқсат;
  • Ал 25-35 метр арақашықтықта тұрған жағдайда дуэлянттар «бір-екі-үш» бұйрығы бойынша бір уақытта атуы керек;
  • Қылыш, шпагамен де дуэльге шығуға болады. Бірақ адамдардың ебі мен шеберлігі әртүрлі болғандықтан оларға тапаншамен шығу әділ саналады.

Әлем елдерінде дуэль тарихы ерекше зерттеліп, оның негізгі міндеттері мен кодекстері тізбеленген еңбектер көп. Соның ішінде нағыз ер жігіттердің тайталасы, өзара әділ ерегестері жайлы тағы да бірнеше қалыптасқан ереже бар:

  • Жекпе-жектің тек тең адамдардың арасында болуы міндетті.
  • Дуэльдің негізгі мақсаты – өзгелердің көмегінсіз түсініспеушілікті шешу.
  • Дуэльге шыққандар бір-бірінің бітіспес дауын біржақты шешу үшін осындай қадамға барады.
  • Материалдық құндылық ешқашан да жекпе-жектің себебі бола алмайды.
  • Дуэльге тек қарсыласқан екі адам ғана шыға алады. Достар, туысқандар немесе басқа да жақын адамдар жекпе-жекке шыға алмайды.

 

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: sekretmira.ru

А. Құлтай