- Негізгі бет
- Психология
- Бос уақытта қандай...
Бос уақытта қандай ермек іспен айналысса болады?
Көпшілік қауым қолы қалт еткен кезді, яғни бос уақытын қалай өткізуді білмей жатады. Кейде әр нәрсені сылтау етіп, кейін «менің мүлдем бос уақытым болмайды» деп өкпе артады. Психолог-ғалымдардың айтуы бойынша, адам бос уақытын өзі қадағалап, оны қалай өткізу керектігін өзі шешуі қажет. «Немен айналысуға болады?!» деген сұраққа психолог-мамандар: «Жаныңызға жай сыйлайтын ермек іс (хобби) тауып алыңыз» деп жауап айтып, кеңес береді. Ал сол ермек істі қалай табуға болады?
Ермек істердің әр түрлі болып келеді. Олардың барлығы тек уақытты тиімді өткізуге ғана емес, денсаулыққа да оң әсерін тигізеді. Олай болса, бос уақытта қандай ермек іспен айналысса болады?!
Қолөнер
Күйзеліс пен көңілсіздіктен арылтатын іс – тоқыма тоқу. Тоқыма тоқған кезде өзіңізді жайлы әрі жеңіл сезінесіз. Сондай-ақ, кесте тігу, сурет салу, экибана жасау, бисер тоқу, т.с.с. қолөнермен айналысуға болады. Қолымнан келмейді десеңіз, танымдық кітап-журналдарды ақтарып, үйреніп алуға ұмтылыңыз.
Көп жандар бос уақытын бау-бақшада өткізеді. Әрине, жер үйде тұратын болсаңыз, бақшаға гүл еккенге, оны жайқалтып өсіргенге не жетсін?! Ал көп қабатты үйде гүлдерді аса еге алмайсыз. Алайда, балконда шағын бау-бақша жасап алуға болады. Кішкентай гүл ыдыстарына қалаған үй өсімдіктерінің дәнін егіп, оны күтіп-баптауға кірісіңіз.
Коллекция жинау
Бала күні кәмпит қағаздары мен сүйікті әртісіңіздің суреттерін жиыстырған боларсыз. Сол сәттерді еске түсіріп, өзіңізге қызықты дүниелерді жинастырыңыз. Әдеби кітаптар, күйтабақтар, базарлықтар, пошта маркалары, ыдыс-аяқтар, жұмсақ ойыншықтар сияқты дүниелерді жиыстырып, өзіңіздің коллекцияңызды толықтырыңыз.
Үй жануарларын асыраңыз
Аквариумдағы балықтар, мысықтар, кішкентай иттер, тасбақа т.б. қалаған үй жануарларын асыраңыз. Үй жануарыңызға күтім көрсетіп, бос уақытыңызды оны асыраумен өткізіңіз.
Блог жүргізіңіз
Ғаламтор беттеріндегі ақпараттық-танымдық порталдарға тіркеліп, блог жүргізіңіз. Өзіңіздің басыңыздан өткен қызықты оқиғаларды, ой-толғауларыңызды жазып, өзгелердің пікіріне зер салыңыз. Әр түрлі тақырыптарды қозғайтын форумдарда өзгелермен өз ойыңызбен бөлісіңіз.
Спортпен шұғылданыңыз
Фитнесс-клубтары мен спорт залдарына барып, би, жүзу, йога, аэробикаға жазылыңыз. Достарыңызбен жиылып, спорт алаңына барып, бадминтон, волейбол, баскетбол ойнаңыз. Шеңбер айналдырып, секіртпемен жаттығулар жасаңыз.
Қандай ермек іспен айналыспасаңыз да, ол әуелі, сізге ләззат әкелу керектігін ұмытпаңыз. Ермек істер жаныңызға рахат сыйлап қана қоймай, бос уақытыңыздың қызықты өтуіне жол беруі керек.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Сурет: tb58.ru
Ғ. Ұзақ