- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Шетелдерден әкелінетін базарлықтар...
Шетелдерден әкелінетін базарлықтар
Кезекті демалысына немесе іс-сапармен шетелге барған кез келген жан өз еліне базарлық пен кәдесыйлар әкеліп жатады. Бұл кәдесый саяхат туралы естелік болып қалады. Тіпті, қажетке жарай қоймайтын кішкене бұйымның өзі сапардағы қызықты сәттерді еске түсіреді.
Әлемге әйгілі мүсіндердің кішкене ғана көшірмелері ең танымал базарлықтардың қатарына жатады. Мысалы, Париж қаласындағы Эйфель мұнарасы не Нью-Йорк қаласындағы Тәуелсіздік мүсіні сияқты танымал жерлердің кішкене көшірмесі. Сондай-ақ, танымал мекендердің суреті бейнеленген қалам, қобдиша, шам, шөлмек т.с.с. бұйымдар үлкен сұранысқа ие. Біздің елге келген туристер, әдетте, Алтын адам мүсіні мен Көк-төбе, Бәйтерек, Медеу т.с.с көрікті мекендердің суреті бейнеленген ыдыстарды өз елдеріне ала кетеді.
Базарлықтардың келесі түрі сол елдің тарихы, болмысы және салт-дәстүрімен байланысты. Мысалы, Испаниядан өгіз, Мысыр елінен пирамида, Қытайдан айдаһар мүсінін, Венециядан бетперде әкелуге болады. Қазақстанға келген туристер өз елдеріне тарихи кітаптар, ұлттық аспаптар мен құнды жәдігерлердің көшірмесін алып кетеді екен.
Туристер барған елдің ұлттық киімдерін ала кетуді жөн санайды. Мысалы, Мексика еліне барған туристер сомбреро алуға құштар. Үлкен бас киім алмаса да, сомбреро бейнеленген сөмке не төсбелгіні сатып алады екен. Ал Голландияға барған жандар базарлық сататын дүкендерден көбінесе көне кломпа кебісін алуға тырысады. Ал кең-байтақ қазақ даласына келген өзге елдің азаматтары әшекей бұйымдары мен ұлттық киімдерді сатып алады.
Кейбір елдерде сиқыр күші бар бұйымдарды сатып алу дәстүрге айналған. Мысалы, Түркия елінен әкелінген «Фатима көзі» (назар бонджук) немесе Израильден әкелінген «Мирьям қолы» адам баласын тіл-көзден сақтайды деген наным бар.
Шетелден әкелінген базарлықтардың ең көп таралғаны ол магнит, кітап, музыкалық күйтабақ, әмиян, пиала, тұмар. Сондай-ақ, туристер барған елдің тәтті тағамдары мен ішімдіктерін әкелуге тырысады.
Суреттер: nowaday.biz, darudar.org
Ғ. Ұзақ