- Негізгі бет
- Психология
- Бәрінен шаршадым...
Бәрінен шаршадым
Бүгінгі мазасыз заманда алаңсыз мызғи алмайсыз. Ешкімнің «уақыты жоқ» кезеңде бәріне бірдей үлгеру үшін бипаз белсенділік пен көтеріңкі көңіл күй керек.
Жүрегі еттен жаралған адам болған соң, үнемі бірқалыпты көңілде жүру мүмкін емес. Күш-қуатың сарқылып, жан-жүйең буға айналып кеткендей, өзіңді сөлін сығып алған лимондай сезінетін кез болады. Мұндай жағдайдан қалай шығамыз?
Сағың сынып, бәрінен баз кешіп кету – адам өзі қалаған іспен айналыса алмаған кезде орын алады. Таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыстан босамау, айналаңдағы адамдарға қамқор болып, өзіңе уақыт бөле алмау, күнделікті қайталанатын бір іспен айналысу – осының барлығы адамды жалықтырып, құлазытады.
Өзіңізге мына сұрақтарды қойыңыз: қазіргі өміріме ризамын ба? Жұмысым өзіме ұнай ма? Шынымен өз қалауыммен айналысып жүрмін бе? Әріптестеріммен қарым-қатынасым қанағаттандыра ма? Серігіме, достарыма, отбасыма, жақындарыма жеткілікті уақыт бөліп жүрмін бе? Кім мені бақытты етеді, ал, кім тек «шырынымды сорады»?
Егер ісіңізден пайдалы ештеңе алмай, тек барыңызды беретін болсаңыз, қуатыңыз қалмайды. Өзіңізді үнемі біреуге қарыздар адам секілді сезінумен жүретін болсаңыз, қалай қартайып қалғаныңызды да аңдамай қаласыз. Орындауым керек деген істерге қаншалықты сүйенсеңіз, күйзеліс сезіміне соншалықты берілесіз.
Жұмыс күндеріңізді көз алдыңыздан өткізіп, ұсақ-түйекке дейін қалдырмай, не істеу керек екеніңізді ой елегінен екшеңіз. «Мен ... (жақсы әке, ардақты ана, білікті маман, үлгілі бала) болуым керек деген тізім жазып, барлық міндеттеріңізді тізбектеңіз. Оның қаншалықты көп екеніне көзіңіз жетті ме?
Енді өз қалауыңызды жазыңыз. «Еркіме салса, ... мынадай болар едім, мынаны істер едім». Екі тізімді салыстырып, қайсысы ұзыннан ұзақ екенін қараңыз. Міндеттеріңіз бен қалауыңыздың қайсысын орындау жеңілірек? Қалауыңызды жазған тізім аз ғой, солай емес пе? Мүмкін, өз жүрегіңіз талап еткен іспен айналыса алмағандықтан, бәріне қолды бір сілтеп, тастап кеткіңіз келетін болар.
Есіңізде болсын, адамның жақсы не жаман жағдайы болмайды. Мәселе өзіңіз қалай қабылдауыңызда. Бәлкім, қазір өз тілегіңізге өарай қадам басатын сәт туған шығар. Жанға жайлы жағдай туса ғана, бойға қажет қуат түзіледі.
@. @assel_assanova