Уақытымыз үй жинаумен өтіп жатқан жоқ па?

Уақытымыз үй жинаумен өтіп жатқан жоқ па?

Ғасырлардан бастау алып келе жатқан шешілмеген мәселелердің бірі – уақыт. Осы күнге дейін ешбір ғалым уақытқа дәл анықтама бермеді. Ол біздің санамызда ғана өмір сүре ме, әлде шын мәнінде бар ма? Ол жағы да белгісіз. Осыған сәйкес, назарларыңызға психолог маман Инна Дружнаяның адам өмірі мен уақыт туралы мақаласын аударып ұсынуды жөн көрдік.

"Заманына қарай адамы" дегендей, үнемі «мен үлгермей жатырмын» немесе «уақытым жоқ» сынды сөздерді жиі ауызға аламыз. Уақыт зымыраған сайын, біз соңынан жүгіре түсеміз. Ақыры жүгіре беруден шаршаған кезде өзімізге «Біз қайда асығамыз? Осы жүгірістің шегі бар ма? Оның не пайдасы бар?» сынды сұрақтар қоямыз.

Уақытты ақшамен теңестіреміз. «Уақыт-ақша». Осы сөз заман адамының аузында жүру керек секілді. Біз өзінің жылдам орындалуы тиіс талаптарын ұсынатын қатыгез қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Нақтырақ айтқанда, өзгелерге жақсы көріну үшін бір тәуліктегі 24 сағаттың ішінде көп нәрсені жасап үлгеруіміз керек. Мұнымен қатар әрбір ісіміз мінсіз болуы тиіс. Әсіресе қыз баласына қиын. Ол – адал жар, сүйікті ана, үй шаруасына икемді, отбасы мен мансапты қатар алып жүре тұра өзінің нәзіктігін жоғалтпауы тиіс. Керісінше, түрлі қызық толып тұрған заманда олардың барлығының дәмін татып үлгеруі керек.

Кемшілігі біздің "аялдамаларда" тоқтауды ұмытып кеткенімізде. Қолымызды тигізе салып келесі іске көшеміз. Оның ұнаған, ұнамағанын ұқпаймыз да. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Ал көбіміз сол мүмкіндікті пайдалана отырып, рахаттануды білмейміз. Мақсатқа жылдамдық пен нәтижені қатар ескере отырып жету қиын. Қиындыққа тап болсақ, бірден басымызды салбыратып, өміріміз аяқталып қойғандай күй кешеміз. Ал сол арман мен мақсатқа жету жолындағы уақыттың рахат сезімін сыйлай алатынын білесіз бе? Істің жылдамырақ аяқталуын күтпей, оның бүге-шүгесіне дейін білуге ұмтылсақ, күйзелістен сақтана аламыз. Бұдан өзге әрбір секундтың мағыналылығын сезінеміз. Өмірдің рақатын сезініп, дәмін татып, дүниетанымымызды кеңейту үшін өзімізге лайық жүріс ырғағын таңдауымыз керек. Біреудің соңынан жүріп, басып оза шығу – біздің парызымыз емес. Байқаусызда бір нәрсені жіберіп алсақ та, тұлғалық қасиетіміз сол қалпында қалады. Ал жаңа мүмкіндіктерді жіберіп алу - үлкен қателік. Өзіміз балалық шағымызда жетпеген дүниелерге бауырларымыз бен қарындастарымызды жеткізе аламыз.

Мүмкін бал билерін билеп, жұмысымызды ауыстырғымыз келген шығар? Әркімнің өз қалауы бар. Туристік агенттікте 10 жыл бойы қызмет атқарған бухгалтермен жақсы араласамын. Оған «Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?» деп сұрақ қойсаңыз, «Ешқандай» деген жауап аласыз. Ол ешбір мансапқа талпынбастан өз жұмысынан ләззат алады. Отбасына да, достарына да, қызығушылықтарына да уақыты жетеді. Оның ешбір әлеуметтік желіде аккаунты жоқ, алайда үйі жылы қарым-қатынастар үшін үнемі ашық. Оның көздері бақыттан жайнайды. Және тағы бір жоспармен ғана өмір сүретін әйел адамды білемін. Жоспары бұзыла салысымен, өшін үйдегілерден алып, рухани тепе-теңдіктен айырылады.

Тіпті, жоғары сыныпта оқитын баласы сабақтан 30 минутқа кешігіп келсе де ашуланады. Күніне үш түрлі тағам жасап үлгеру үшін сағатына қарайлаумен күні өтеді. Алайда отбасы мүшелері 1 тағамға да риза болатын еді. Кешкі астан кейін ыдысын жуатындықтан, сүйікті телехикаясының соңын ғана көріп үлгереді. Артынша «Мен мұның барлығын кім үшін жасап жүрмін?» деген сөздерді зілденіп айтады. Әрине, барлығымыз да әртүрліміз. Үнемі асығып жүруіміздің себебі темпераментіміз бен мінезімізде болуы мүмкін. Дәл осындай жандар үшін белсенділік ауаның қызметін атқарады. Және тағы бір себебі қарапайым адамның кемелділікке ұмтылуында болуы мүмкін. Сол себепті жағымсыз істерден бас тартып, «жоқ» сөзін тиімді пайдалана білуіміз керек.

Тәулікте 24 сағат болғандықтан, уақытпен жарысуымыз - бос әурешілік. Әрине, тұрмыста тамақ дайындау, үй жинау, кір жуу секілді маңызды істер бар. Және онша маңызды болмаса да, бізге жайлылық сыйлайтындары тағы бар. Міне, сол екіншіні қолға алғанымыз дұрыс. Жуылмаған ыдыстарды аз уақытқа ұмытып, жанға рухани азық беретін жұмыс жасап көруіміз керек. Ал ыдыстарды кейін де жууымызға болады. Бүгін жасалауы тиіс істі ертеңге қалдырмаңыз. Әрине, бұл сүйікті кітабымызды қоқыстың ортасында отырып оқу керек деген сөз емес. Бар болғаны үй тазалауға күнделікті аз уақыт бөліп тұрсақ жеткілікті. Кешкі асқа жылдам дайындалатын тағамдарды дайындауымызға болады. Немесе жарты жұмысты отбасының басқа мүшелеріне бөліп беру арқылы жұмысымызды жеңілдетеміз. Мұнымен қатар тұрмыстық техниканы белсенді түрде пайдаланғанымыз жөн. Олай болса шын мәнінде қайда асыққанымыздың жөн екендігін анықтап алайық. Сезімдеріңізге мұқият болыңыз. Бүгінгі күннің тәтті тағам, қысқы пейзаж, балалардың ойыны, әріптестермен шүйіркелесу, телехикая көру секілді сүйікті істерімізбен де айналысуды ұмытпайық. Және уақытым өтіп жатыр деп өзімізді жегідей жеудің орнына, әрбір тағатымызды қызықты өткізейік. Өмір жарыс емес, өмір  – ұзақ серуен. Ал сол серуенде қандай жылдамдықпен қай бағытта жүретінімізді өзіміз ғана шешеміз.

Ал сіз уақытты қадірлей білесіз бе? 

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: goodfon.ru, bankoboev.ru, livelib.ru

Қ. Бүйенбай