- Негізгі бет
- Психология
- Баламен үйде отырған...
Баламен үйде отырған келіншекке кеңес: Өзіңді жоғалтып алмау үшін
Баланың бабы – көп қажырды талап ететін адал еңбек. Баламен үйде отырған келіншектер көбіне өз-өзіне қарамай, шашы алба-жұлба, май-май болып, тозығы жеткен халатпен жүре береді. Баласын бірінші орынға қойып, өзін екінші сатыға ысырып тастаған келіншектердің кәдесіне жарар деген ниетпен бірнеше кеңес ұсынып отырмыз.
Біріншіден, үйдегі адамдардың көмегінен бас тартпаңыз. Егер үйде туысқандарыңыз болса, "бес-он минут қарай тұра аласың ба?" деп өтініш айтудан тартынбаңыз. Бұл – ұят емес! Сіз де адамсыз. Сол уақытта өз-өзіңізге көңіл бөліп, тым құрығанда үсті-басыңызды ретке келтіріп аласыз.
Екіншіден, үйде отыра бермей, таза ауада көп серуендеңіз. Балаңызбен бірге көбірек сыртта жүріп, миыңызды тыныштандырасыз.
Үшінші ереже – мүсін күтімі. Ол дегеніміз – сымбатыңды, қолыңды, бетіңді, шашыңды күту. "Үй тірлігіне үлгермей жатқан адамға қол күтімін айтқаны несі?!" деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ бұл ойыңыздан айнып, ең алдымен әйел болып жаралғаныңызды еске түсіріңіз. Сіз – әйелсіз. Ал әйел үшін сұлулық басты орында болуы керек. Сондықтан балаңызбен бірге тырнағыңызды бояй аласыз. "Ол қалай?" десеңіз, бала ұйықтап жатқанда сіз де жата кетпей, тырнағыңызды бояп алыңыз. Ол сізге ләззат сыйлап, күйеуіңізге де жағымды әсер қалдыратыны анық. "Үйде отырмын" деп күтінбей, таранбай жүрсеңіз, күйеуіңіз бір күні сізді көзіне ілмей де қалуы ғажап емес. Ал балаға келсек, әрбір бала өз анасының ханшайымдай сұлу болғанын қалайды.
Төртінші ереже. Үй тірлігі – адамды қажытып жіберетін нәрсе екенін бәріміз білеміз. Күнде қайталана беретін тірлікті бір сәтке ысырып қойып, мызғып алсаңыз болады. Бастысы өз-өзіңізге физикалық, психологиялық күш түсірмеңіз. Күнде кір жуасыз ба? Жинап-жинап, бір күнде барлық кірді жуыңыз. Немесе таңмен тұрып, бәрі ұйықтап жатқанда біраз тірлік бітіріп тастай аласыз. Жолдарын іздеңіз. Өз-өзіңізді тұқыртып, төмендете бермей, "бұл жағдайдан қалай шығамын?" деп әр жағдайдың жақсы тұсын табуға тырысыңыз. Бала күн санап өседі. Бар бақытыңыз бен көз қуанышыңызға айналған балаңыз – "өзіме қарай алмай жүрмін" деп ақталуға жақсы себеп болмауы керек. Өйткені "қалауын тапса, қар жанады". Баласын тастай қылып бағып, мүсінін сымдай етіп, бетін әсемдеп бояп, үй тірлігіне де үлгеріп, қоғамдық жұмыстарға да араласып жүрген белсенді келіншектер бар!
М. Оңғарова