- Негізгі бет
- Психология
- Анаңмен татуласу үшін...
Анаңмен татуласу үшін
Ана мен қыздың арасында кішігірім болса да реніш болып жатады. Кейде анаңның айтқаны ақылға сыймайтын сандырақ болып көрініп, өзіңді "одан ақылдымын" деп ойлауың мүмкін. Ондай кезең кез келген қыздың басынан өтеді. Бірақ сенің сөзің емес, анаңның сөзінің дұрыс екенін біраз уақыт өткен соң түсінесің. Сондықтан кез келген жағдайда анаңның айтқанынан аттамауға тырыс. Ана жүрегі бәрін сезіп, қай жолдың дұрыс, қай жолдың бұрыс екенін алдын ала болжап тұрады.
Ана – кез келген адам үшін осы өмірдегі ең жақын жан. Ол 24 сағат бойы сені жүрегінен тастамайды. Сенің қайда жүргенің, кіммен сөйлескенің, қандай киім кигенің, қалай күлетінің... Анаң үшін осының бәрі – таусылмайтын тақырып. Ол сен туралы бүкіл тірлігін ысырып қойып, сағаттап сөйлеуге бар. Қандай болсаң да, сені жан-жүрегімен жақсы көретін бір адам болса, ол – анаң.
Десе де табиғаттың заңына бағынып, екі бөлек адам боп жаралғандықтан, арада пікір қайшылығы болып тұрады. Оның қалауымен сенің қалауың үйлеспей қалады. Кейде анаңды "көштен қалған, заманға сай емес" деп ойлап: "қойшы, мама, сен не білесің?", "қазір ондай заман емес!", "сіздің заман бөлек, біздің заман басқа!" деп айтуың мүмкін. Заман өзгерсе де, адами құндылық ешқашан өзгермейді. Сондықтан бұл пікірің – қате. Анаңмен салғыласпауға, оған дауыс көтермеуге, ашулы кезінде үндемей қалуға тырыс.
Қалай болғанда да, анаңмен сөзге келдің делік. Енді қалай татуласамыз? Өз-өзіңді қолға алып, терең тыныста. Болған жайтты ақыл таразысына тартып, сабырға кел. Сен анаңа тіл қайтарған сайын ол қатты ренжіп, уайымға салынатын болады. Сондықтан ашу үстінде тұрсаң да: "мама, сосын сөйлесейікші" деп, өзіңді одан артық сөз айтпауға көндір.
Егер болған ұрысқа сен кінәлі болсаң және өз кінәңді мойындап, түсініп тұрсаң, анаңмен қайта тіл табысып кету анағұрлым оңай болмақ. Бірақ кез келген жанжал бір адамның кінәсінен тумайды. Анаң да жеке тұлға, оның да кез келген затқа өз көзқарасы бар. Оның пікірі мен қалауына үлкен сыйластықпен қара. "Қыз – қонақ". Анаң жаныңда өмір бойы жүрмейді. Өз адамыңды кездестірген соң, өзге отбасының түтінін түтетуге кете барасың. Іңгәлап көзіңді ашқан үйіңде уақытша жүргеніңді ұмытпа.
Анаңмен ренжісіп қалғанда, анаңның кемшіліктерін теріп отырмай, оның саған жасаған жақсылықтарын ойла. Сені тоғыз ай бойы құрсағында көтеріп, жаны қиналса да, осы өмірге әкелгені – бағасыз әрекет. Бір ғана осы әрекеті үшін өмір бойы анаңның алдында қарыздарсың. Ұрысты анаң бастаса да, бірінші болып кешірім сұраудан тартынба. Ана жүрегі кешірімді әрі жараланғыш, ол сенің әрбір сөзіңді жақын қабылдап, ұзақ уақыт ұмытпауы мүмкін.
Жүйкеге түсетін кез келген салмақтың артында дерт тұрады. Бас ауруы, қан қысымының көтерілуі сынды аурулардан анаңды сақтағың келсе, оны ренжітпе. Оған қамқор бол, үнемі анаңның ыңғайында жүр. "Өгізге туған күн бұзауға да туады". Бумеранг заңы өз шешімін жасайды. Сол кезде "анамды көп ренжіттім-ау" деген өкініш өмір бойы өзегіңде қалып қоймасын...
Р. Роза