Ана – барлық көркемдіктің үлгісі

Ана – барлық көркемдіктің үлгісі

Ана! Бар болғаны үш әріптен тұратын сөз. Бірақ бұл сөздің астарында ұшан-теңіз ой жатыр. Бұл сөз иесі бар әлемдегі ең аяулы, ең әдемі, ең ардақты, ең сүйкімді, ең сүйікті жан. Олай дейтін себебіміз, ана әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы. Шыр етіп дүние есігін ашқаннан-ақ ананың ақ сүтімен нәр алып, ана құшағына еніп, мейіріміне бөленеміз. Сәбидің аузынан шығатын ең алғашқы сөзі де – ана. Сондықтан бұл өмірде анаға тең келер ешкім жоқ.

Шынында да, осыншама қиналып, көз жасын көрсетпей, өсірген анаңа қолыңнан келгеніңнің бәрін істесең де, оның бәрі анаңның түн ұйқысын төрт бөлген бір күніндей ғана. Өз парызыңды өтеу, бұл – ана алдындағы парызды өтеу. Қаншама байлық иесі болсаң да, әлемге әйгілі адам болсаң да, анаңның жасаған жақсылығын ұмытпау – сенің өмір бойындағы борышың. Қай адам қолынан келген сый-құрметін жасамады десеңші, шіркін! Бірақ соның бәрі анаңның бір ауыз жылы сөзіне де татымайды. Дүниенің нұры, өмірдің гүлі, қызықтың қызығы – ананың қолында. "Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді" деп бекерден-бекер айтылмаса керек.

Ана - болашақтың кепілі. Өйткені біздің елбасымыз, елге белгііл әншілеріміз, жұдырығы балғадай балуандарымыз, қайтпас қайсар спортшыларымыз, бәрі-бәрі анадан туған. Ананың тәрбиесін көрген. Қанша жерден ұлы болса да, ананың ұлылығынан асып түсе алмайды. Ғабит Мүсірепов айтқандай, "ана сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді". Иә, ананың мейірімділігінде шек жоқ. Ананың мейірімі нұр шашып, жан-жағына өз шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл аналардың құшағында мейірім алып жүрген біз – алтын анаға мәңгілік қарыздармыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, барлық перзент ана алдындағы парызын өтеп, ақ сүтін ақтап, шашына ақ түсірмей, қасиетті де, киелі жандардың бақытты болуын ойлау керек. Себебі ең бақытты адам – анасы бар адам. Жер бетіне жақсылық нұрын себетін аналарымыз аман жүрсін! 

Сурет: yvision.kz

Ж. Исакаев