- Негізгі бет
- Психология
- Амандасу қағидалары...
Амандасу қағидалары
Күнделікті өмірде мәдениеттілік сақтаған адам өзгелерден биігірек тұрады. Дегенмен, кей кезде мәдениеттілік ережелеріне көңіл аудара бермейміз. Солардың бірі – сәлемдесу тәртібі. Жасы кіші адам жасы үлкен кісіге, ерлер әйелдерге (жасы қатар болғанның өзінде де) алдымен сәлемдесу керек. Әдетте екі адам кездескенде, бір-біріне «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң», «Қайырлы кеш» деп, бас иіп амандасады. Рас, бұл әдет барлық жерде бірдей қолданылмайды. Мысалы, Англияда әйелдер ерлерге бұрын сәлемдеседі.
Қыздар мен келіншектер сәлемдескенде жай ғана бас исе жетіп жатыр. Қол беріп амандасқан кезде әйелдер ерлерге, жасы үлкендер кішілерге, кеңседе дәрежесі үлкен адам басқаларға қолын бірінші ұсынады. Қол беріп амандасқан кезде алақанды жазып қырынан ұстау және амандасқан адамның көзіне тура қарау керек. Әйтпесе, қол беріп тұрғанда көзің басқа жақта болса, ол сыйламаған белгісі болып көрінеді. Сонымен қатар, алған қолды қатты қысу, ұзақ сілкілеу қолайсыз болады. Амандасарда қолдың бос болғаны жөн. Егер қол бос болмаса, кешірім сұрап, бас исе де жетіп жатыр. Қолыңмен шашыңды сипап немесе қолды қалтаға салып тұрып амандасу қолайсыздық туғызады.
Бір топ адамға кездескенде олардың әрқайсысына қол беріп жатпай-ақ бәріне бір сәлемдессе болады. Ал біреуіне қол бердің екен, бәріне де солай істеу міндет. Олардың араларында әйелдер болса, алдымен соларға сәлемдесу керек.
Қол беріп сәлемдескен кезде отырған қартаң адамдар орнынан көтеріліп, жастар тұрады. Әйелдер өздерінен жасы үлкен адамның қолын аларда ғана орнынан тұрады. Қызмет бабында басшылармен амандасқанда қызметтес адамдардың бәрі орнынан тұрғаны абзал. Жас жігіттерге әйелдер мен жасы үлкен адамдардан бұрын отыруға болмайды. Бөлмеге, кеңсеге кірген жас жігіттер бас киімін, қолғабын шешіп, оны сол қолына ұстайды, ал қыздарға бұл міндетті емес. Егер қарсы келген адам оң жағыңызда болса, жүзіңізді көлегейлемеу үшін бас киімді сол қолмен шешкен дұрыс.
Ж. Исакаев