Неге күйзелісте жүрген адамдар көбейіп кетті?

Соңғы жылдары күйзеліс тақырыбы жиі көтеріледі. Өйткені, осы диагноз арқылы дәрігер көмегіне сүйенетіндер көбейді. Олардың арасында кішкентай бала да, жасы келген қарт адамдар да бар. Күйзелістің осыншалықты қарқынды өсуіне не себеп, бірге анықтайық.

Өмір сүру ырғағы жылдамдай түсті
Бір кездері өмірдің ырғағы буын ауысқан сайын өзгеріп отырды. Яғни, әр буын өкілінің өзіне тән ерекшелігі болды. Ал қазір технологиядық үдеріс әсерінен өмір жиі өзгеріске ұшырайды. Адам өзін қайтадан жаңа нәрсеге үйретуі керек. Өзгерістерден қашып құтыла алмайды. Ал психика өзгерістерді жақсы көрмейді. Мұндай жылдамдық миға күш салады, жаңалықтарға дайын болу үшін ол өз қалпынан екі есе артық жұмыс істеуге мәжбүр.

Белгісіздік
Бұрын адамның өмірі белгілі бір сатылардан тұратын: өмірге келу, мектеп, жоғары оқу орны, отбасылы болу, жұмыс жасау. Ал қазір бәрі өзгеше, әркімнің өз жолы бар деп қабылдайды. Оның үстіне бүгін оқып жатқан нәрсең алдағы 5 жылда өзектілігін жоғалтуы мүмкін. Жылдамдық әсерінен жаңа нәрсе жылдам пайда болып, жылдам қолданыстан шығады. Ешнәрсе айқын болмағандықтан, адам миы әрдайым стрессте жүреді.

Ақпараттың тым көп болуы
Ақпараттар ағынында өмір сүріп жатқан соң, адамның күніне алатын ақпарат саны өсті. Олардың ішінде "қоқыс" та бар. Телефондар маңызды нәрсені жіберіп алмау үшін хабарландырулар жібереді, түрлі жарнамалар, жаңалықтар, түрлі ақпараттық арналар, тіпті әлеуметтік желідеге қызықты видеолардың өзі ақпарат көзі. Адам қатарластарынан артта қалмау үшін болып жатқан барлық жағдайдан хабардар болуы керек, трендтерді білу керек, одан бөлек өз саласы бойынша білім алуы тиіс. Нәтижесінде ми демалмайды.


Қоғамдағы қарама-қайшылық
Қазір адамды еркін болуға шақырады. Яғни, қаламаса отбасын құрмайды, қаласа шетелде өмір сүреді, өзгенің айтқанымен емес, өз қалауымен жүруге үйретеді. Бірақ қоғам әлі толыққанды өзгермегендіктен, үлкен буын әлі де басқа көзқараспен өмір сүретіндіктен жиі қарама-қайшылықтар болып тұрады. Оның өзі адамды күйзеліске түсіреді.


Күйзеліске себеп болатын біраз нәрсе болуы мүмкін. Дұрыс тамақтанбаудың өзі ағза үшін айтарлықтай стресс. Соған қарамастан, осының бәрін қабылдап, жеңе білетін адам ғана бәріне қол жеткізетінін естен шығармаған жөн.