Қандай 5 кезеңнен сүрінбей өткен жұп мәңгілік махаббатқа қол жеткізеді?

Махаббат – болжауға, өлшеуге келмейтін құбылыс. Сіз жұлдыз-жорамалдан қашан және қандай жағдайда «мәңгілік махаббатыңызды» кездестіретініңізді сұрап жүргенде, тағдыр сіз үшін мүлдем басқа сценарий дайындап отырады.  Десе де әр жұптың сезімі әртүрлі жағдайда өрбігенімен, бәрінің ортақ қасиеті, жүріп өтер жолы бар. Психолог мамандар тек ең күшті жұптар өтетін бес кезең туралы жазып жүр. Мақаланы оқып, өзіңіз қай кезеңде екеніңізді бақылап көріңіз.

Ғашықтық сезімі

Ғашық болу өте қызық. Көбі өзі ешқашан армандамаған адамды ойламаған жерден ұнатып жатады. Оның алдын алу немесе бақылау мүмкін емес. Оны химия деп атайды. Одан құтылу мүмкін емес. Себебі, біз саналы таңдауға емес, инстинктке бағынамыз, бірақ ол уақытша ғана қанағаттандырылады. Осы кезеңде ғашығымыз бізге планетадағы ең идеал адам болып көрінеді  әрине, махаббат келесі деңгейге өткенше ғана... Кейде ғашықтық махаббатқа ұласпай жатады.

Қосылу

Сүйіспеншілігімізді мойындаған кезде біз саналы түрде таңдау жасаймыз. Бұл бірінші кезең аяқталғанын білдіреді және біз қарым-қатынасты одан әрі жалғастыруға дайын екенімізді түсінеміз. Сіз өміріңізді ғашығыңызға байлап, ортақ жоспарлар жасайсыз, бір-біріңізге сенімді боласыз, өсіп, дамисыз. Дәл осы кезеңде көптеген ерлі-зайыптылар бірге тұру және некеге тұру туралы шешім қабылдайды. Ал егер бұл шынымен сіздің адамыңыз екеніне күмәніңіз болмаса, онда сіз одан әрі қарай жүресіз.

Көңілі қалу

Көңілі қалу немесе бөтенсу - бұл көптеген жұп ешқашан кесіп өте алмайтын сынақ, белорта. Бір кездері мінсіз көрінген ғашығыңыздың кемшіліктерін көре бастайсыз, сезіміне күмән келтіріп, болашаққа деген үмітіңіздің сөніп бара жатқанын түсінесіз. Мұндай қарым-қатынасқа көңіліңіз толмайтынын түйсінесіз, бірақ неге осылай болғанын таба алмай дал боласыз... Сонда сіз жанжалға себеп іздейсіз, бұрын назар аудармаған кез келген кішкентай нәрсе сізді ашуландырады.

Шынында да, біз ғашық болған кезде, барлық нәрсе бізге өте әдемі болып көрінеді. Енді ол сізге бөтен, сүймейтін сияқты. Тіпті сізге ұнаған қасиеттері де ашуыңызға тие бастайды. Бұрын елеп-ескермеген кемшілігін енді алдыңғы орынға тартасыз. Көпшілікті екі жаққа ажырататын осы кезеңді дүрбелеңсіз өткерген жұп келесі кезеңге өтеді.

Кемшілігімен сүю (еңбек немесе күрес)

Сіз өз ойыңызды өзгертсеңіз ғана жағдайды түзей аласыз. Осы деңгейге дейін өскен ғашықтық сезіміне бір мезетте қол сілтемей, еңбек ету керек екенін және тынымсыз күресу керегін саналы түрде қабылдауыңыз керек. Ешкім кемел өмір сүріп жатқан жоқ, сондықтан оны тұтастай барымен қабылдауды үйренуіңіз қажет. Адамның артықшылығын сүю оңай, енді сіздер бір-біріңіздің кемшіліктеріңізге ғашық болуыңыз керек. Иә, қарым-қатынас еңбекті талап етеді. Сол еңбектің нәтижесінде жұп бір-бірінен айнымас дос табады, тірек табады. Сондықтан шынайы махаббат уақытты, шыдамдылықты және күш-қуатты қажет ететінін түсіну маңызды.

Сыналса да, сынбаған сезім

Күнделікті қиындықтармен жалғыз күресу қиын, сондықтан біз әрқашан біздің шынайы одақтасымызға айналатын серіктес іздейміз. Бірақ адам сіздің қажеттіліктеріңізді толығымен қанағаттандыра алмайды: сондықтан сіздер бір-біріңізге бейімделуіңіз керек. Сіз мұны қаншалықты шын ниетпен істесеңіз, қиындықтарға бірлесе төтеп берсеңіздер, сенімді серік, адал дос табасыз.

5-ші кезеңге өткен жұп бір-бірінен ештеңені жасырмайды, бір-бірінің күшті және әлсіз жақтарын біледі және бар болмысымен сүйеді. Міне, дәл осы сәтте сіз шынайы махаббатқа қол жеткізесіз. Осы кезеңдерден кейін сіздер тау қопаратын дәрежеге жетесіз, өйткені енді сіздің қолыңыздан бәрі келеді.