Кешірім сұрау кішірею ме?

Кешірім сұрау кішірею ме?
Фото: psychologos.ru/

Америкалық әлеуметтік психологтар тобы ата-аналар балаларын не себепті кешірім сұрауға үйретеді деген сауалға жауап табу мақсатында зерттеу жұмысын жүргізді. Бұл шараға 483 ата-ана және олардың 3-10 жас аралығындағы балалары атсалысты.

Зерттеу авторлары кешірім сұрауға тәрбиелеу қаншалықты маңызды екенін білу мақсатында бірнеше жауап нұсқасы бар сауалнама береді. Нәтижесі:

• Ата-аналардың 96%-ы кешірім сұрау маңызды және оны баланың бойына сіңіру қажет деген шешімге келген. Олардың ойынша, бұл қасиет балалардың бойындағы жауапкершілікті, адамға деген сыйластықты дамытады.
• Ал, 88% ата-ана бала әдейі қателік жібермесе де, кешірім сұрауы тиіс деген тұжырыммен келіскен.
• Ал, ата-аналардың 5%-ы кешірім сұрау өзгенің алдында кішірею және өзінің төмендігін мойындау деген нұсқаны белгілеген.

Австриялық лингвист Р.Ратмайр «Кешірім – қоғамдық нормаларға сәйкес өмір сүретін адамның әрі сыпайылықтың басты белгісі», – деген. Мысалы, көшедегі кез келген адамның назарын өзімізге аудару үшін әңгімені «Кешіріңіз» деп бастайтынымыз анық. Бұл – бейтарап сыпайылық немесе байланыс орнатудың басты көмекшісі.

Сонымен қатар, психологияда кешірім сұрау арқылы адам өзін жеңіл сезінеді деген тұжырым бар. Дегенмен, психолог Тайлер Джи Окимото бұл пікірді жоққа шығарды: Адам кешірім сұрамаған жағдайда өзін әлдеқайда жақсы сезінеді. Мұндай «тентектік» адамға рахаттану сезімін сыйлап, оның өзіне деген сенімін арттырады. Яғни, адам өз өмірін басқаруды қолға алады: өзге адам немесе әдеп нормасы іс-әрекетіңнің бағытын анықтауға қауқарсыз болады.

Қарапайым тілмен айтқанда, кешірім сұраған жағдайда, сізді кешіру не жазалау (сізді басқару) туралы шешім қабылдау өзге адамның иелігіне өтеді. Сіз сол шешімді күтесіз және сана еркіндігін жоғалтасыз.

Бірақ, кешірім сұрау арқылы сіз адами қалпыңызды сақтап қана қоймай, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтасыз. Сіз бір рет кішірейіп, алдағы уақытта тууы мүмкін мәселелердің алдын аласыз.

Сіз үшін не маңызды: кешірім сұрау әлде арадағы жанжал?

Т. Есқали