Жігітке қандай тосын сый жасауға болады?

Жігітке қандай тосын сый жасауға болады?
Фото: Нуржан Кыдырбай

Тосын сый қыздарға ғана арналады деген жаңсақ пікір. Жігіттердің де жүрегі бар, күтпеген сыйлыққа олар да қуанады. Жігіттерді де ретін тауып мақтап, қошемет сөздер айта білу керек.

Сыйлық өз қолыңызбен дайындалса, ерекше қуаныш сыйлары анық. Осы ретте қыз болғандықтан, тосын сый дегенде ең алдымен өз қолыңызбен дайындаған тәттілер, ерекше астар еске түседі. Тағам әзірлей білмейтін болсаңыз, қорықпаңыз. Тіпті тұзы көп болса да, сіздің қандай махаббатпен, қандай көңілмен жасағаныңызды түсінетін жігіт өзін қинаса да ұсынғаныңызды тауысып жейді. Сонда да жігітіңіз ащыны жақсы көре ме, тәттіні жей ала ма – осыны әңгіме арасында сұрап біліп алыңыз. Әсіресе, өзіңіз оған ренжіп қалған кезде тағам әзірлеп алып шықсаңыз, ол енді сізді бұлай ренжітпейтін болады әрі өкпелеріңіз де тез тарап кетеді.

Романтикалық кешкі ас дайындасаңыз да, артық етпейді. Мұны қаланың биік ғимаратында ұйымдастырасыз ба, көпшілік жиналатын жерде ме, жеке отыратын орын ба, су жағасында жасайсыз ба – бұл сіздің қиялыңызға байланысты.

Алда келе жатқан суық мезгілдерде жылы мойынорағыш, бас киім не шұлық тоқып, тігіп беріңіз. Уақытыңыз жетіп, қалтаңыз көтеріп жатса, екеуіңізге бірдей етіп жасаңыз. Жанында жоқ кезінде де әрдайым сізді ойлап, есінде жүруіңізге сеп болады.

Ойламаған жерден жұмысына барыңыз. Түскі уақытта түскі ас дайындап апарсаңыз да болады. Басқа мезгілде баратын болсаңыз, жай өзіңіз бармай, бір нәрсе ала барыңыз. Хат жазсаңыз болады. Хатқа оған деген сезіміңізді, ойыңызды, қай қасиетін ерекше бағалайтыныңызды, болашаққа армандарыңызды жазыңыз.

Ол шай жақсы көретін болса, қалташадағы шай сатып алсаңыз болады. Әрқайсысының қағазына сезіміңізді білдіретін сөздер арнап жазыңыз.

Жігітіңіз қабылдай алмай қалар демесеңіз, гүл сыйлауға болады. Жай ғана қызық болады. Арнайы жігіттерге беретін гүлдер болады. Оны мына сілтемеден біле аласыз.

Үйленгеннен кейін де романтиканың бітуіне жол бермеңіз. Ол жолға шығатын болса, киімдерін жуып, үтіктеп, сөмкеге салу, жолға дайындау сіздің мойныңыздағы міндет болады. Әрқайсысын орын-орнымен, тез табылатындай етіп реттеп жинау керегі түсінікті. Сіз әр киімінің қалтасына, қораптардың, қалташалардың ішіне жылы сөздер, жүзіне қуаныш сыйлайтын тіркестер жазып, білдірмей салып жіберіңіз. Барған жерінде қадам басқан сайын сізді есіне алып, бақыттан бал-бұл жайнап жүреді.

@. @assel_assanova