Әженің айтар ақылы

Шаңырақта ата мен әженің рөлі қашанда зор. Олар немересінің жақсы адам боп қалыптасуына бірден бір себепкер жандар десек артық айтқандық емес. Ата-әженің тәрбиесін көрген бала жаман болмайды. Атаның өсиеті мен әженің ақылын тыңдаған баладан ел тұтқасын ұстар үлкен азамат шығады. Бала бүгін бала болғанымен, ертеңгі шаңыраққа ие адам сол. Оның қаншалықты шаңырақты ұстап қалуы бүгінгі берілер тәрбиеге байланысты. Әже немересіне қандай ақыл айтады?

1. Жар қылып алар қызыңның шешесіне қарарсың. Шеше көргенді ал. Алма ағашынан алысқа түспейді.

2. Сонан соң әкесіне қара. Әке қатал, әрі мейірімді болуы керек. Билігі еркекте болған үй берекелі. Осыны ұмытпа.

3. Алғаның басқаны емес, әуелі сені сыйласын. Күйеуін ерім, балаларымның әкесі, болашағым деп сыйлаған әйел ғана сенімен қоса бүкіл әулетіңді құрметтейді. Оның құрметі саған әулетіңнің алдында абырой сыйлайды.

4. Оны қадір тұт. Бар жақсы сөзіңді арна. Жұрттың, балаларыңның көзінше құшақтап, сүйме. Өзіңнің де, оның да қадірін қашырасың. Оның барлығы оңашада қылар іс. Ал басқа уақытта көз қарасың мен оған жасар жақсы ісің де жетіп жатыр.

5. Оны қызған. Тек жөнімен болғаны дұрыс. Ал шамадан артық қызғану ұрыс-керіске себепші.

6. Оның жасар ісіне араласпа. Ақылды әйел сен араласпай-ақ қажет ақылын өзі келіп сұрап алады.

7. Оны ешқашан алдама. Кез-келген жағдайда тек шындықты айт. Оның өзіңе деген сенімін жоғалтып алма. Сезімнің іргетасы сенімнен қаланатынын ұмытпа.

8. Қанша ұрыс-керіс болса да өз араларыңда болсын. Сыртқа шығарушы болма. Ұрыс-керісте я сен жеңіл, я ол жеңілсін. Ал қателік пен дұрыс-бұрысын ашуларың басылған соң талқылаған жөн.

9. Не нәрсеге де сабыр қыл. Барды қанағат тұт. Әйеліңнен де осыны талап ет. Сол кезде ғана өмірдің барлық тосын жайларына қарсы тұра аласыңдар.