Қыз еркелесе жеңеді

Қыз еркелесе жеңеді
Фото: Қазақстан-Шымкент

"Қыз еркелесе жеңеді",– дейді қазақ. Шын мәнінде, дәл солай. Бұл жердегі еркелік – жігіттің мойнына асылып, орынсыз күлу емес. Қазақ ұғымында еркеліктің де өзіндік шекарасы болғаны белгілі. Қырсықтықтың қаһарына ілігіп жүрген қыздарымыз қаншама... Қазақ санасындағы қыз бала мінезі биязы, ұяң, ибалы секілді тіркестермен өлшенеді. Әлі де солай.  Неге?! Себебі, қазақ болмысы әйел адамды қаншалықты құрмет тұтып, қадірлесе, соншалықты ер-азаматтан кейінгі орынға қойып, артық әрекет жасатпаған.

Әйелдің бақыты – отбасы. Түтінді түзу түтетіп, жанұяның берекесіне мән беріп, үйдің жылуы мен жарығын кіргізіп отырған әйелдер қауымының тізімін жасасақ өте көп. Қазақ құда түсерде қыздың тәлім-тәрбиесіне, өнеге-өсиетіне ерекше мән берген. Жүрген жүрісіндегі шолпының сыңғырына қарап-ақ, қыз мінезінен хабардар болып отырған деседі.

Баланың да, ата-ененің де, жардың да жағдайын жасайтын қыздар әлі де көп. Осы орайда, әйел адамға ең керегі – ақыл. Содан кейін сабыр мен парасат. Ер адамды еркелеп жеңу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Десе де, ойланып қараған адамға бүгінгі қоғам көп жағдайды жасап қойған. Әжелеріміз секілді нанды қолдан жауып, кірді қолмен жуып, қамырды қолмен жазатын заманның өткені қашан?! Он саусақты санаулы жұмыстарға ғана жұмсаймыз. Дайын өнімдер өте көп. Сөйте тұра, өмірге артылар өкпе де көбейіп бара жатқандай.

Үнемі күліп, жанұямызды аялы алақанда әлпештеп, жарымыздың құшағында еркелеп жүргенге не жетсін?! Бір данышпан ғалым былай депті: Қолыңнан келгенше сұлу бол, қаласаң дана бол, алайда, ақылды да саналы болуға міндеттісің. Шынымен, қыздар қауымы, соның ішінде қазақ қыздары ақылды да саналы болуға міндетті. Өйткені, ел болашағы, ұрпақ мәселесі – қыздардың тәрбиесіне тікелей байланысты.

Ә. Жутаева