Көлік жүргізетін қыздарға жігіттер көзқарасы

Осыдан он-ақ жыл бұрын көлік айдап бара жатқан әйел затын көрсек, көлік терезесінен шығып кетердей болып бұрылып қарайтын едік. Қазір бұл жағдайға көз үйреніп, қалыпты жайға айналды. Себебі әр минуты жоспарлаулы заман осыны талап етеді. Массагет оқырманы редакцияға «Көлік айдайтын қыздарға ұлдардың көзқарасы қандай екен?» деген сұрақ қойып еді.

Оқырман сауалына жауап беру мақсатында, бірнеше жігіт арасында сауалнама жүргізген едік. Олардың жауабы әрқилы болды.

Мәлік Сейтбек: Қыздардың көлік айдауына қарсымын. Олар көбіне тежегіш пен газды шатастырып алады. Өзімнің жеңгем мен әпкем айдайды. Әйел затының көпшілігі қорқақ, әр бағдаршам сайын біссімілләсін айтып, қорқып қорқып айдайды...

Айбар Тағаберді: Өзім құптамаймын! Қыздардың көлік айдауы қазаққа жат нәрсе деп ойлаймын. Бірақ, жұмысына, қажеттілігіне байланысты айдаса болады деп ойлаймын.

Жігер Ержігітов: Көлікті тәуір жүргізетіні бар, жүргізе алмайтыны бар. Ондайлар ерлер арасында да кездеседі. Жақсы жүргізетін болса, қарсы емеспін.

Ақыл Исламов: Көлік айдап келе жатқан әйел тығырыққа тірелсе, көзін жұмып, шыңғырып, газды қатты басады деген әзіл-шыны аралас әңгіме бар. Қыз көлікті қалай жүргізгеніне байланысты. Тәжірибесі бар, өзін-өзі ұстай білетін, жағдаяттан шыға алатын болса, несі бар?! Айдай берсін. Өз келіншегім айдаса, балаларды сабаққа апару, азық-түлік алу деген секілді ұсақ шаруаларды маған қаратпай-ақ тындыра берер еді.

Али Габдрахманов: Көлік айдайтын қыздарға көзқарасым – нашар. Себебі көпшілігі айдай алмайды, айнаға қарамайды, дұрыс бұрылмайды. Өзімнің әпкем жақсы айдайды, ол он жасынан бастап үйренген. Кез келген ұл тамақты жақсы әзірлей алмайды ғой, сол секілді қыздар ішінде де көлікті жақсы жүргізетіндер ілуде біреу кездеседі.

Біздің сауалнамаға қатысқан санаулы жігіттің пікірі осындай. Ал сіз қандай ойдасыз, оқырман?