Бес аруға ғашық бол

Бірер күн бұрын сайтымызда "Бес жігіттен қашық бол" тақырыбында мақала жариялаған едік. Осы материалды көрген әріптесім енді "Бес аруға ғашық бол" деген тақырыпта жігіттерге арналған жазба жаз деп қолқа салды.

Қыз баласы осындай болуы керек деген мәмілені бес-ақ пункке сыйғызу өте қиын. Жігіттердің көзқарасы қандай екенін қайдам, мен өз жеңгелерім мен құрбыларымның бойынан көргім келетін басты қасиеттерді бес бөлімге сыйғызып көрейін. Бәріміздің өмірлік басты миссиямыз – ұрпақ жалғастыру болғандықтан, кез келген жігіт болашақ жарын таңдарда ең алдымен "Балаларыма жақсы ана бола ала ма?" деген сауалға жауап іздегені жөн.

Салт-дәстүрді білетін, ежелгімен жүретін бойжеткен
Өткен ғасырлардағы ата-бабаның тұрмыс-тіршілігімен таныс қыз етек-жеңін жиып ұстайды. Ондай ақпаратпен кітап арқылы танысқан ару озығы да, тозығы да бар дәстүрдің өзіне қажетін саралай біледі. Ақ жаулығын басынан тастамаған дана әжелеріміз қате қадам баспаған. Сол кісілердің тәлім-тәрбиесін алған бойжеткен болашақта баларыңызға бесік жыры, ертегі айтып, жеті атасын тәптіштеп үйретіп, Бауыржан Момышұлының қорқынышын жоққа шығарады.

Ән айта алатын ару
Ән салғанда, бұлбұл дауысты, күміс көмей, шебер әнші болуы міндетті емес. Бала туғаннан бастап "Шілдехана, бесік той, тұсау кесер, сүндет той" деп әндетіп, адам қайтыс болғанда жоқтауды да әуенге салып айтатын қазақтың әр қызы әу дей білуі керек. Ән сиқырын түсінетін адам өзгелердің жанын жақсы ұғады, бала жанының қыр-сырын аша біледі. Әр қыз өз үйінде педагог, психолог болғаны дұрыс.

Сабырлы, кешірімді қыз
"Дәм тұзымыз жараспады, мінезіміз сәйкес емес" деп ажырасатындар аз емес. Мінезді сәйкестендіру бір-бірін сүйген қос жүректің өз қолында, арадағы түсіністік мықты болса болғаны. Барлық еркек өмірінде бір рет болса да келіншегінің көзіне шөп салады, тек сіз ғана "ондай емессіз". Осы сөзге өзін сендіріп, сізге үнемі сенім білдіретін аруды таңдасаңыз өкінбейсіз. Аттаған қадамыңызды аңдымай, әрдайым сенімділік білдіретін қыздың жанында артық жүріске бару да оңай болмас.

Өсек айтпайтын, ешкімді жамандамайтын ару
Қызыңыз қаңқу сөздерден қашық жүретін, алып-қашпа әңгімеден өзін алшақ ұстайтын болса, басыңызға бақ қонды дей беріңіз. Ондай болмақ қайда демей, барынша тырысып жүретін адамның өзін кездестіру оңай емес. Сіздің де, туыстарыңыздың да жақсылығын асырып, жамандығын жасырып отырса, отбасыңызды ұйыған айранға айналдырады.

Сізді құдайындай құрметтейтін қыз
Өзіңізден жасы үлкен болса да, ақылы артық болса да, дәулеті асқан болса да, ЕР азамат деген атыңызды сыйлайтын қыз қашанда құрметке лайықты. Әсіресе, көпшіліктің көзінше кемшілігіңізді бетке басып, абыройыңызды аяқ асты ететін әйел заты өзінің де сыйын арттыра алмайды. Қыз азаматының қара сөзін де аққа балап отыру арқылы парасаттылық танытады. Сізден бүкіл әлем теріс айналса да, жалғыз өзі бас тартпайтын аруды тауып таңдағайсыз.