«Бумеранг заңына» сенесіз бе?

Көбіміз психологияда нық қалыптасқан «бумеранг заңы» жайлы естідік. Алайда оның растығын дәлелдейтін деректер бар ма?

Қандай да бір теорияны пайдалана бастамас бұрын ұлы ғалымдар оған дәлел қалыптастыра бастайды. Сондықтан бәрімізге таныс адамдардың өмірінде болған жайттан мысал келтіре кетейік.

Жиырмасыншы ғасырдың басында бір шотландық фермер үйіне қайтып келе жатады. Саз батпақтың жанынан өтіп бара жатып, біреудің айқайын естиді. Дауыс шыққан жаққа мойын бұрған фермер мидай батпаққа батып бара жатқан жас баланы көреді. Көмек сұрап, тұншығып жатқан баланы бұтақпен шығарып алады. Өлім аузынан қалған балақай тыныштала алмай, денесі дір-дір етіп, жылай береді. Фермер:

- Менің үйіме жүр, сені тыныштандырып, жылыту керек.

- Жо-жоқ, мені әкем күтіп тұр. Ол қатты уайымдап жатқан болар, - деп қашып кетеді.

Таңертең фермердің үйіне пәуеске келеді. Одан бай джентльмен шығып:

- Кеше баламды құтқарған сіз бе? - деп сұрайды.

- Иә, мен, - деп жауап береді фермер.

- Сізге қанша ақша қарызбын?

- О не дегеніңіз, онда тұрған ештеңе жоқ. Кез келген адам өлгелі жатқан адамға көмектесуге тиіс.

- Жоқ, мен мұны бұлай қалдыра алмаймын. Себебі балам мен үшін өте қымбат. Кез келген соманы атаңыз, - деп бай айтқанынан қайтпайды.

- Мен бұл жайында сөйлескім келмейді. Сау болыңыз, - деп фермер бұрыла кетеді. Сонда есіктің алдына оның баласы жүгіріп шығады. Қонағы:

- Мынау сіздің ұлыңыз ба? - деп сұрайды.

- Иә, - деп, фермер баласының басын сипап, мақтанышпен жауап береді.

- Онда былай жасайық. Мен сіздің балаңызды өзіммен бірге Лондонға алып кетемін. Оқу-білімінің ақшасын төлеймін. Егер ол әкесіндей кеңпейіл адам болса, мен бұл әрекетім үшін ешқашан өкінбеймін.

Арада бірнеше жыл өтеді. Фермердің баласы мектепті, кейіннен медициналық университетті тәмамдайды. Ол әлемге пенициллинді ашқан адам болып танылады. Оның есімі – Александр Флемминг.

Флеммингке білім берген адамның аты – Рандольф Черчилль. Ал фермер құтқарған баланың есімі – Уинстон Черчилль. Ол есейгенде Англияның премьер-министрі атанды. Ол өзінен кейін «жасаған ісің өзіңе қайтып келеді» деген ой қалдырған.

Міне, бұл – бумеранг заңына айқын дәлел бола алатын оқиғаның бірі.

Ал сіздің өміріңізде бұл заңға дәлел болатын оқиға болды ма?