Махаббатты шатастырып алмаңыз...

Махаббатты шатастырып алмаңыз...
Фото: Анастасия Агафонова

Біреу жақсы көрсін деп мінез-құлқын, жүріс-тұрысын өзгертуге ұмтылатын адамдар да бар. Олар өзінің кейбір қасиеттерін кемшілік деп ойлап, жұрт көзінен жасыруға тырысады. Нәтижесінде өз болмысына жат, мүлде басқа адам болып шығады.

Адамның психикасы мұндай өзгерісті ұзақ уақытқа көтере алмайды. Біреудің рөлін сомдаймын деп, ауырып қалуыңыз да ғажап емес. Себебі өзіңіздің тұлғалық қасиеттеріңізден бас тартасыз.

Адамның өз-өзіне көңілі толыуы өте маңызды. Өзіңізді жақсы көрсеңіз, қоршаған ортаға да мейірімді боласыз. Өзіңізді жақсы көре алмасаңыз, сыңарыңызға да махаббат сыйлай алмайсыз. Бұл - дәлелденген факт.

Өзіне сенімсіз адам талас бола қалса сөзін дәлелдеу үшін соңына дейін күреседі. Ал махаббатта көп жағдайда ұрысты жандандырмай, қоя салу керек. Қарым-қатынас - гүл секілді өте нәзік дүние. Оны тек суарып қана емес, желден, бораннан қорғау керек. Ал ұрыс пен дау ұйытқыған жел секілді, құлпырып келе жатқан гүлді қисайтып, құлатып түсіруі мүмкін. Сыңарыңыз сізге қымбат па? Онда дауды жылы сөзбен тоқтатуға тырысыңыз. Әрине егер сүйіктіңіз шектен шығып бара жатса, оған жол беруге болмайды. Қарым-қатынаста бәрі тең болуы керек.

Бүгінгі қоғамда өмір сүру өткен дәуірге қарағанда әлдеқайда жеңіл. Себебі адамдар қалағанын жиі таба алады, бірақ оны уысында сақтап қалуы сирек кездеседі. Махаббат та солай. Оны тапқаннан кейін «еңбек етіп», сақтап қалуға екі жақты атсалысу керек.

Дегенмен біреуді күйіп-жанып, өлердей сүю де дұрыс емес секілді. Себебі бар ойыңыз бір адамда болса, сіз ішкі жан дүниеңізбен «байланысты» үзіп аласыз. Өз бетімен шешім қабылдай алмай, біреудің ойы мен пікіріне тәуелді бола бастайды. Әрине жақын адамың үшін барлығына дайын болу – адалдықтың, сүйіспеншіліктің белгісі. Дей тұрғанмен, біреу үшін өз мақсатыңыз бен жоспарыңыздан бас тарту – үлкен қателік. Себебі сізді шын сүйетін адам керісінше асыл арманыңызды орындауға қол ұшын береді.

Бұл ғаламда мінсіз адам жоқ. Әркімнің өзіне тән қасиеттері, әдеттері мен мінез-құлқы бар. Ешкімге ұқсамайтын жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, күлкісі, дауысы болады. Оның бірі сізге ұнамаса, басқа біреу үшін сүйкімді көрінеді. Сол секілді сіздің де «кемшіліктеріңіз» біреу үшін еш маңызы жоқ, уайымдауға тұрмайтын нәрсе болады. Осыны түсініп, өзіңізге деген қарым-қатынасты өзгертесіз деген үміттеміз.

Ф. Абилова