Мәдениеттілік – адамгершіліктің айнасы

Бір көргеннен бағаңды беріп үлгеретін заманда, өзіміз туралы жақсы көзқарас қалыптастыру үшін мәдениетке бай болуымыз керек. ХХІ ғасыр – зияткерлік пен мәдениеттіліктің ғасыры десек, адам бойында осы қасиеттердің табылуы шарт. Сөйлеу өнері, құрмет көрсету, көңіл-күйді басқара алу – мәдениетіміздің айнасы. Олай болса, мына тізімдегі қағидаларды естеріңізде ұстап, өз-өзіңізді жан-жақты тәрбиелей жүріңіз. Ендеше, адамгершіліктің айнасы болған мәдениеттілігіңізді дамыту үшін:

• Қоғамдық орындарда (жиналыс, дәріс, т.б.) ұялы телефоныңызды үстел үстіне қоймаңыз. Бұл әрекетіңізбен ұялы телефоныңызды өтіп жатқан жиналыс не дәрістен де маңызды етіп көрсетесіз. Не дегенмен, сырт көз – сыншы екенін ұмытпаңыз. 

• Үй иесіне хабарласпай, қонаққа бармаңыз. Алдын ала қоңырау шалып, үйіне баратыныңызды ескертіңіз. Әйтпесе, үй иесін ыңғайсыз жағдайға қалдыруыңыз мүмкін.

• Ер адам әйелдердің сөмкесін көтеріп жүрмейді. Бір қарағанда, қамқор болып көрінуі мүмкін. Бірақ ерлердің сөмке көтеріп жүруі – сын. Және де күртесін көтермейді. Тек күртені үстіне кигізген жағдайда ғана киім ілгіштен әперіп, үстіне жабады.

• Аяқ киім үнемі таза жүруі тиіс. Бұнымен барған жеріңізді сыйлайтыныңызды дәлелдейсіз.

• Жаныңызда келе жатқан құрбыңыз не жолдасыңыз сіз танымайтын адаммен амандасса, сіз де ишарат білдіріп, сәлемдесуіңіз керек. 

• Ұялы телефонмен бос әңгіме айту қазір әбестік. Егер жаныңызды мазалап жүрген сұрақтар болса, досыңызбен бетпе-бет отырып сөйлессеңіз, рухани байып қалар едіңіз.

• Егер сізді қатты сөгіп, балағаттап жатса, дауыс көтеріп, байбаламға салмаңыз. Байыппен түсіндіріп, кикілжіңнің тыныш аяқталуын қадағаласаңыз, «қасқыр да тоқ, қой да аман» болатынын ұмытпаңыз.

• Көшеде келе жатқанда, ер адам әйел адамның сол жағында жүруі тиіс.

• Көлік жүргізушілердің басты назарында болуы керек қағида! Жауынды күні жаяу жүргіншілерге, жанында өткен көлікке су шашып өту – асқан мәдениетсіздіктің белгісі.

• Қыздарға ғимарат ішінде қалпағы мен саусақты биялайын шешпеуіне рұқсат. Бірақ бөркі мен қолғабын шешіп отыруы тиіс.

• Адам 9 түрлі сырын сақтауы тиіс: жасын, байлығын, үйіндегі құпия орынды, дұғасын, дәрілерінің құрамын, ғашықтығын, сыйлықтарын, құрметі мен құлдыраған сәтін. Сақтанған артық болмайды.

• Кино, театр, концерттерде өз орныңызға бару үшін отырған адамдарға қарап өтуіңіз керек. Бұл жағдайда бірінші болып ерлер өтеді.

• Жігіттер мейрамханаға бірінші боп кіреді. Өйткені, кездесуге шақырып отырған адам бірінші болып кіруі тиіс. Мына қағиданы да ескеру керек: мейрамхана есігінің алдында меймандарды кіргізіп-шығарып тұрушы жігіт сіздерді қарсы алса, ерлер әйелдерге жол береді.

• Ұлық болсаң, кішік бол! Сіз қандай қызмет атқарсаңыз  да, бірінші болып амандасуыңыз керек. Мейлі сіз бастық, дәрігер, дүкенші болсаңыз да, бірінші болып амандасыңыз. 

• Құпия ұстаңыз. Әлеуметтік желіде өзіңізге тым жақын жандармен, сырласатын достарыңызбен әңгімелескен диалогтеріңізді құпия ұстау қажет.

• Қатты күліп, айқайлап сөйлеу – айналадағы адамдарды елемегенмен тең. «Ақырын жүріп, анық бас!» деген қағиданы естен шығармаңыз.

• Ата-анаңызға, жақындарыңызға, достарыңызға алғыс айтып жүруді ұмытпаңыз. Олардың сізге істеген жақсылықтарын естен шығармай, үнемі мақтап, қиналғанда қол ұшын беріп жүріңіз.

Этика мен эстетиканың заңдары бұл кеңестермен шектелмейтіні анық. Алдағы уақытта осындай қағидалармен де таныс боласыздар. Ал сіз өз мәдениетіңізді қалай танытасыз?

Ұқсас жазбалар:

Мәдениеттілік дегеніміз не?

Біреумен сөйлескен кезде мына сұрақтар ойыңызда тұрсын...