Досы көп жігіттің ойы

«Досы көпті жау алмайды» дейді қазақ ежелден-ақ. «Доссыз адам – қанатсыз құспен тең» екені де рас. Салыстырмалы түрде қарағанда әйелдер қауымынан гөрі ер адамдардың досы көп болады. Сонымен қатар жігіт достардың маңызы да, көмегі де көбірек болып келеді. Ендеше, достардың көп болуының қандай ұтымты тұстары барын досы көп жігіттің ойы арқылы беріп көрейік.

Достарым – қорғаным. Жігіт болған соң араларында түрлі келеңсіз жағдайлар мен ұрыс-төбелес орын алып тұрады. Мұндайда жалғыздың үні де, шаңы да шықпайтынын түсінген жігіттер үнемі көп болып бірліктің туын желбіретін жүргенді дұрыс көреді. Достарың көп болса, қорғаның  мықты болып, күшің көбейеді деп түсіндіреді.

Достарым – мерекем. Жігіттер неғұрлым досқа бай болса, соғұрлым мереке де көбейе түседі. Бүгін – біреуі үйленсе, ертең – екіншісінің туған күні, үшінші күні – тағы бір атаулы күнді атап өтеді. Той-жиынды, көңіл көтеруді жақсы көретін жігіттер үшін бұл бір қызық.

Достарым – жанашырым. Қиналғанда өзіңнен артық қабырғасы қайысып, жаныңнан шықпай жәрдем беруге дайын тұратын жігіттердің көп болғаны, әрине, жақсы. Кез келген жағдайды өзіңмен бірге қарсы алып, қажет кезде көмегін аямайтын достардың көптігі қуантады.

Достарым – көңіл-күйім. Қашанда әзіл айтып, көңіл-күйіңді кез келген уақытта көтеріп, еріксіз күлуіңе әсер ететін достар да бар. Олармен бірге жүрсең ешқашан жалықпайсың, ішің пыспайды.

Достарым – ақылшым. Өмірдің кейбір белестерінен аса алмай, тауың шағылып жатқан тұста дұрыс таңдау жасап, шешім шығаруға көмектестетін және дұрыс ақыл айтатын достан айналасың. Өмір сүруге қауқарың қайтқан тұста олар шын көңілмен кеңесін беріп, ақыл айтып жаныңнан алыс ұзамайды.

Сіздің де осындай достарыңыз көп пе?

Сурет: Фархат Токтаров

Ұқсас жазба:

Қыздар арасында шынайы достық бар ма?