Егер жігітіңнің досы көп болса...

Дос – ер жігіттің ажары, әрі базары. Достығы берік жандардың бағындырмас асуы болмайды. Берік қамалдай достары бар жігіттің құрбысы болсаң, сен есте ұстар бірнеше қарапайым қағида бар. 

Жігітіңді достарының көзінше жерге ұрып, кемшілігін айта берме. Оның абыройы асқақтап, көңілі бір жасап қалсын десең, жолдастарының көзінше жамандығын жасырып, жақсылығын асыруға тырыс.

Жігітіңнің жақын көретін достарын өзің де жақыныңдай сыйла. Өйткені, әйел адамдардың достығына қарағанда, ер жігіттердің достығы берік болады. Ғұмыры да ұзақ болады. Әрі шынайы болады. Егер сүйгеніңнің досы көп болса, оның абыройының жоғары болғаны. Жігітің жанына жақын тартып, аузындағы нанын бөліп беруге дайын тұратын досын сен де құрметтеуің керек.

"Не досыңды, не мені таңда" деп жігітіңе ешқашан талап қойма. Өйткені, екеуіңнің де оның өмірінде алар орындарың бар. Оған таласудың еш жөні жоқ. Егер ол сенен гөрі достарына көп көңіл бөлсе, онда оның нағыз ер азамат болғаны. 

Жігітіңнің достары көмек сұраса, аянып қалма. Әр жасаған жақысылығың алдыңнан шыққанда разы боласың.

Жігітіңнің достарына ауыр сөз айтпа. Егер өздері сұрақ қойып әңгімеге тартпаса, өз бетіңше сөйлей берме. Олармен жігітің бар кезде ғана сұхбаттасуға тырыс. Қалған кезде сұраққа жауап беріп, ұяңдыққа салынғаның абзал.

Жігітіңнің достарының құрбыларына (не әйелдеріне) ол жайлы естіген қандай да бір жағымсыз әңгімеңді айтпа. Оларға өз жігітіңнің де бар құпиясын аша салма. Оны жамандап, басқа жігіттермен салыстырма.

Жігітіңнің достарынан оған білдірмей көп көлемде ақша алма. Қарызға болса да... Сонымен қатар, жігітіңді хабарсыз қалдырып, достарынан көмек сұрама. Бұл қылығың сүйіктіңді дәрменсіз адамға балағанмен тең.

Егер сүйіктіңмен қандай да бір себеппен қарым-қатынасыңды үзер болсаң, болашақ сыңарыңды оның достарының арасынан әрі ізде. Оның жолдастарының бірімен көңіл жарастырып, достықтарына сызат түсірме.

Сурет: Ильяс Садыков