Күнімізді жоспарлауға көмектесетін 4 ереже

Күнімізді жоспарлауға көмектесетін 4 ереже

Жасымыз ұлғайған сайын жұмыс көбейіп, өмірдің ең маңызды деген сәттері назардан тыс қалып жатады. Кейде өзімізді зымырап жүріп бара жатқан пойыздың ішінде отырған жолаушыдай сезінеміз. Ал соңғы аялдама көзге шалынар емес.

Өмірде біз таңдайтын екі жол бар. Бірі – айналамызда болып жатқан оқиғалардың санамызға әсер етуіне жол беріп, бағыттаушылардың соңынан еру. Екіншісі – өзімізге сай ырғаққа ілесіп, тізгінді қолға алу. Әдетте барлығы керісінше болады. Қиындықтарымыздың шексіз тізімін жазып, оның шешімін табуды ұмытып кетеміз. Бұлай әрекет жасауымызға жоспарламаған жұмыстармен айналысып кетуіміз әсер етеді.

Бақытты ғұмыр кешкіңіз келсе, уақытты мақсатыңызға сай жоспарлауыңыз керек. Ал ол үшін ұзақ мерзімде жүзеге асатын мақсаттар құрған дұрыс.

1. Үш басымдылықты анықтау

Күнделікті өзіңізге «Қалағаныма қол жеткізу үшін қандай 3 іспен айналысуым керек?» деген сұрақ қойыңыз. Қандай жағдай болмасын, осы әрекеттерді орындаңыз.

Жасалып жатқан жұмыс пен алға қойған мақсатыңыздың арасында байланыс болу керек. Сол кезде ғана жоспарыңыз жүзеге асады.

2. Уақытты шығындаушылардан сақтаныңыз

Оған үнемі өзгелердің қалауын орындау, теледидар көру, музыка тыңдау, әлеуметтік желіде бейтаныс адамдармен шүйіркелесу және т.б. кіреді. Сол себепті жоспарыңызға уақытты шығындаушылардан арылу туралы пункт енгізіңіз. Мақсатымыз туралы ойлаған сайын уақыттың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз.

3. Өмірдің ырғағын сезініңіз

Үшіншіден, әркімнің өзіне ғана тән ырғағы бар. Бірі – жарқанат болса, екіншісі – үкі, үшіншісі – ұзақ жүгіре алатын марафоншы, төртіншісі – спринтер. Өзіңіздің қай типке жататыныңызды білген соң жұмысты қай уақытқа қою керектігін анықтай аласыз. Маңызды жұмысты жарқанаттар таңертең, ал үкілер түстен кейін орындағандары жөн. Марафоншылар өз кезегінде 3-4 сағат, ал спринтерлер тынымсыз 1 сағат бойы жұмыс істей алады.

Белсенділігіңіз артатын уақытқа маңызды, қалған уақытқа екінші дәрежелі жұмыстарды қоя аласыз.

4. Демалыңыз

Төртіншіден, демалыстың да пайдасы мол. Энергияңызды қалпына келтіру үшін демалуды ұсынамыз. Энергияны эмоциядан, ой әрекетінен, физикалық жаттығудан, рухани құндылықтардан алуға болады.

Ал күш-қуатымыздың дәрежесін қалай тексереміз? Жұмысыңыз аяқталған мезгілде өзіңізді жақсы сезінсеңіз, жолыңыз болды дей беріңіз.

Көп пе? Жоқ. Ұзақ па? Жоқ. Олай болса, іске сәт!

Ал Сіз күніңізді қалай жоспарлайсыз?

Сурет: rudaki.ru

Қ. Бүйенбай