Жігітіңіз интернетте көп отырса

Жігітіңіз интернетте көп отырса

Жоғалған әрбір сәт — жоғалған іс, жоғалған табыс

Честерфилд Ф (ағылшынның мемлекеттік қайраткері)

Бүгінгі заманда жұптардың бір-бірін интернеттегі парақшалары арқылы бақылап отыруы әдетке айналған. "Неге ана қыздың суретіне лайк бастың?", "Неге мен шығып кеткен соң вк-ға кірдің?", "Пәленше деген қызбен бүгін сағат 11-де дос болыпсың ғой", - деп қыздар өзі жігіттерін үздіксіз кінәлап жатады. 

Кейде жігіттер әлеуметтік желілерге кірмесе де, компьютер ойындарын шектен тыс көп ойнайды. Психологтардың айтуынша, қолы қалт еткенде виртуалды ойынға жармасып, басымен ұялы телефонға не компьютерге кіріп кететін жігіттердің ішкі уайымы бар. Уайымын не қиындығын сыртқа шығара алмайтын жігіттер көбіне виртуалды ойынға құмар болып келеді. 

Егер жігіт интернет арқылы басқа қызбен сөйлесе бастаса, жай қалжыңның өзі сіз үшін оңайға тимесі анық. Бұл жайт қыз бен жігіттің екі жаққа кетуіне де әкеп соғады. Өйткені шынайы өмірде көңілі тоқ жігіт интернетке кіріп, қызық іздемейді. Егер басқа қызбен сөйлессе, демек сіз оған жеткілікті көңіл бөлмей жүрсіз... Немесе ол сізден суынған! 

Десе де кейде жігіт қызық көріп, іші пысып та интернетке кіруі мүмкін. Интернетке көңілі суынып не жай ғана уақыт өткізу үшін кіріп жүргені – сізге аян. Егер жігіттің әдеттегі қылықтарынан өзгеріс көрсеңіз, күмәндануға себеп бар. 

Жігіттің интернетте көп уақыт өткізуіне түрлі себеп тапсаңыз да, оның соңы аз дегенде ұрысқа әкеледі. Ол жігітті темекіге, араққа құштарлық сияқты интернет тәуелділікке ұшыратуы мүмкін. 

Ондай жағдайда жігітті интернет тәуелділіктен "емдеу" жолдары қандай?

1. Ашық сөйлесу. Жігітіңізбен емен-жарқын отырған сәтінде ашық сөйлесіп көріңіз. Дауыс көтермей, жылы қабақпен әңгімеге тартыңыз. Кез келген жағдайда қасынан табылып, қолдау білдіретініңізді ұғындырыңыз. 

2. Сыртқы келбетіңізді өзгертіңіз. Кездесу кезінде интернетте отыратын жігітіңіз таңғалатындай бейнеңізге ерекшелік енгізіңіз. 

3. Демалыста тамаша бір жерге қыдыртып алып барыңыз. 

4. Бір мейрамды пайдаланып, интернетке қосылатын телефонының орнына тек сөйлесуге арналған қарапайым ұялы телефон алып беріңіз. Планшетін сізге "бірнеше күнге бере тұруын" өтініңіз. 

5. Өзіңіз ұялы телефоныңызға назар салмай, сөмкеңізге салып қойыңыз. Бар назарыңызды жігітіңізге аударып, оны әңгімеге тартыңыз. 

6. Алтын уақытты босқа өткізбеу керектігі туралы кинолар көрсетіп, оқыған кітаптарыңыздан үзінді айтып отырыңыз. Интернеттің адам денсаулығына зияны жайлы ақпарат беріңіз.

Сіздің жігітіңіз (досыңыз) көп уақытын интернетте өткізе ме? 

Сурет: jcatalogs.com

М. Оңғарова