Өзгеге тілегеніңіз өзіңізге оралады

Өзгеге тілегеніңіз өзіңізге оралады

Бала күнімізде әке-шешеміздің өзгенің ала жібін аттама, ешкімге жамандық жасама деп айтатын сөздері естеріңізде болар. Бұдан өзге халқымызда осы секілді мақал-мәтелдердің көп болғанына қарағанда, біздің ата-бабаларымыз бумеранг заңын өте жақсы білген сияқты. Сонда бумеранг заңы дегеніміз не нәрсе?

Бүгінгі таңда адамдар ойға алғанның барлығы да іске асатынына сеніп қана қоймай, оны өз тәжірибесімен дәлелдеп үлгерген. Егер қарапайым сөзбен түсіндірер болсақ, бумеранг заңы дегеніміз – біздің өзгеге тілеген жақсы-жаман ойларымыздың қайта айналып келуі. Мұны тек ғылым ғана емес, әлемдік деңгейдегі діндер де үйретеді.

Алайда адам миы мен оның мүмкіндіктерін зерттеп жүрген ғалымдар бұлай болу себебін түсіндіруде бір шешімге келе алмады. Бумеранг құпиясына қатысты жұмбақ осы күнге дейін шешілмеді. Олар біздің ойымызды біліп отыратын жаратқан бар, барлығын сол реттеп отырады деп сенеді. Қандай жағдай болса да, біреуге жаманшылық тілесек, ол өзімізге қайтып келеді. Жақсылық та осылай. Даналарымыз «Өзгеге ор қазба...» деп бекер айтпаса керек.

Олай болса, бақытты болғыңыз келсе, қоршаған ортаға, адамдарға деген көзқарасыңызды өзгертіңіз. Тіпті, сізді ренжітсе де, ол адамға кек сақтамаңыз. Қатты ашулансаңыз қалжыңға айналдыруға немесе ұмытуға тырысыңыз. Әрине, қиянат, жаманшылық жасап тұрған адамның іс-әрекетін бірден ұмыту мүмкін емес. Алайда оның түрлі әдістерін қолданып көрсеңіз болады.

Бұдан өзге бумеранг заңы тек ойымызға емес, мұнымен қатар, істегенімізге де негізделеді. Біреудің затын рұқсатсыз алған соң не болғанын еске түсіріп көріңізші. Арты жақсы болмағаны анық. Өмірімізде осы секілді талай мысалды кездестіруге болады.

Не істейміз?

Бұл жерде барлығы да оңай. Үнемі мұңайып, өмірдің жаман сәтін күтудің қажеті жоқ. Қарапайым халық еш уақытта табысқа жете алмайды, өмірде жақсылық атаулысы жоқ деудің орнына, шын жүректен тек жақсылық тілеңіз. Ол міндетті түрде өзіңізге қайтып келеді.

Біз сүріп жатқан өмір тек біздің басымызда орналасқан. Табысымыз бен бақытсыздығымыз да сол жерде. Өмір біртекті болуы мүмкін емес. Оның ыстығы мен суығы қатар жүреді.

Бұл заң миымызға орнатылатын бағдарлама секілді. Мысалы, түнде жалғыз келе жатып алдыңыздан шығатын бұзақылар туралы ойлай беретін болсаңыз, олар міндетті түрде сол жерде болады.

Күнделікті өмірдегі бумеранг заңы қалай жүзеге асады?

Алайда ол біздің күнделікті тұрмыста қалай көрініс табады? Осыны мысалдың көмегімен анықтап көрейік. Өзгелерге қамқорлық танытып, сыйластық білдірсеңіз, олар да өз кезегінде сізге тек жақсылық жасауға тырысады. Ал оларды үнемі кінәлап, айыптауды жөн көрсеңіз, арты жаман болатынына таң қалмайтын шығарсыз.

Өзгеге жасаған іс-әрекетіңіз дәл сол күйінде қайтып келеді деп ойламаңыз. Мысалы, біреудің затын ұрласақ, міндетті түрде өзіміздің затымыз жоғалады деген сөз емес. Үйге қайтып келе жатқан кезде шалынып, жарақат алуымыз мүмкін.

Бумеранг заңына қатысты қателіктер

Бұл заңға барлығы да сене бермейді. Сіздің жасағаныңыз алдыңызға дәл сол сәтте қайтып келеді деп ойлайды. Іс-әрекетіңіз бен оған қайтарылған жауаптың арасында белгілі бір уақыт болатынын естен шығармаңыз.

Бумеранг заңы тек шынайылық бар жерде жүзеге асатындықтан, жақсы істерді болашақта марапат алсам деген ниетпен жасамаңыз.  

Біздің заманымызға дейін өмір сүрген даналар "істеген жақсылықтарымыз болашақта екі есе болып қайтып келу үшін ұзақ уақыт бойы бір арнаға жиналады" деген екен.

Мамандар бұл заңды түсіну үшін үнемі өміріңізде орын алып жатқан оқиғаның себебі неде екенін білуге қызығып, өз-өзіңізге сұрақ қойып отыруға кеңес береді.

Қорытындысында Абай атамыз айтқандай, "адамзаттың бәрін бауырым деп сүйіңіз". Ал егер қиын сәтте демеу боларлық жан болсын десеңіз, сіз де қол ұшын соза біліңіз!

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: www.azattyq.org сайтынан

Қ. Бүйенбай