Жігітпен қай жастан бастап жүрген дұрыс?

Жігітпен қай жастан бастап жүрген дұрыс?

Бұл сұрақтың нақты шешімі жоқ. Өйткені шын махаббат жасқа да, басқаға да қарамаса керек. 

Әйтсе де, атам қазақтың ғасырдан-ғасырға желісі үзілмей жеткен тәрбиесін негізге ала отырып сұраққа жауап іздеп көрейік. Қазақ "он үште отау иесі" деп, өткен ғасырларда жасы он екі, он үштегі қыз баланы ұзатып жіберген. 

Бірақ бүгінде бұл дәстүр түбегейлі жойылған. Қыз бала мектеп пен ЖОО бітіріп, кем дегенде бір жыл жұмыс істеп барып тұрмысқа шықса, перзенттік парызын толық өтеген болып есептелетіні жасырын емес. Ата-ана ақ батасын беріп, ондай қыздан барған жері де айналатыны тағы бар.

Десе де, бес саусақтың бірдей еместігі сияқты ондай "бақ" бәріне бұйыра бермесі анық. Кейбір қыздар мектеп бітіре сала тұрмыс құрып кетіп жатады. Оны айтамыз-ау, бесіктен белі шықпай жатып, мектеп жасында да отбасын құрып кететін қыздардың қарасы көп болып тұр. 

Қай жастан бастап жігітпен жүру қазіргі қоғамда құпталады? Бұл сұрақ шетел сайттарында қызу талқыға салынады. Әр ұлттың менталитеті әртүрлі болғандықтан, біз еш уақытта қазақы тәрбиеден аттап кетпеуіміз керек.

Арнайы межесін белгілемесек те, шамамен қай жастан бастап қыз тәрбиесіне сәл еркіндік берген дұрыс?

Біз бұл сұрақты жабық сауалнама жүргізіп, халықтың өзіне қойдық. 

Ер, 36 жаста:

– Меніңше, кәмелеттік жасқа толған соң, яғни 18 жастан кейін жігітпен жүруге болады. "Қыздың жасы – 18" деген сөзге қосыламын. 

Әйел, 22 жаста:

– Меніңше, он жеті жастан бастап жігітпен жүру керек. Себебі бұл шақта қыздың сезімі кіршіксіз болады. Махаббатқа шынайы қарайды. Өмірінде бір рет болса да, нағыз махаббатты сезінудің өзі бақыт. Жасың үлкейген сайын жігіттерді сынағыш болып кетесің. 

Ер, 24 жаста:

– Қыз «нақты осы жастан бастап жігітпен жүргені дұрыс» деп дөп басып айту қиын. Себебі қыз бен жігіттің тек дос болып жүруі бар да, олардың махаббат құрып ғашықтар атануы бар. Бізді толғандырып отырғаны да осы соңғысы. Бұл күрделі мәселе. Оны жан-жақты қарастыру керек. Менің түсінігімде екі жас тек бір-біріне ғашық болып, яғни адал махаббатпен қана жүре алмақ. Ал ғашықтық сезімінің айтып келмейтінін ескеретін болсақ, онда қыз немесе жігітке «осы жастан бастап жүр» деп кеңес айту қиынға соғары анық. Ал бұл сұраққа жауапты еш эмоциясыз айтатын болсақ, онда адамдардың пікірі әрқилы болатыны заңды. Себебі кеңес айтушы әркім тек өзінің басынан өткен немесе көрген жәйттеріне қарап, «нақты бір жасқа» болжам жасайды. Кейбір қарындастарымыз да «қыз мұраты – кету» деп, тезірек отау құрып, ана атану дұрыс десе, енді біреулері «оқуымды бітіріп, жұмысымды жасап алайын, бұйырған күні көрермін» деп, асықпайды. Екі тұжырымды да «дұрыс» не «дұрыс емес» деп айта алмаймын. Себебі екеуінің де өз шындығы бар. Сондықтан дәл бұл мәселеде барлық адамның жауабы субъективті. 

Әйел, 20 жаста:

– Романтикалық фильмдерді көп қараймын. Әсіресе, үнді фильмдерін. Сол жердегі қыз бен жігіттің кіршіксіз таза махаббатына қызығамын. Өкінішке орай, бүгінгі таңда махаббаттың қадірі кетіп бара жатқандай. Айналама қарасам, мектептің кіші сыныптарында-ақ бір-бірімен жүріп жүргендерді көремін. Олардың барлығы да еш ұялмастан, бір-біріне деген сезімдерін көпшіліктің алдында құшақтасып көрсетеді. Осы секілді құбылыстар онша ұнамайды. Сондықтан жігітпен оңымыз бен солымызды танып алған соң, өмірлік жарымыз ретінде таңдап жүргеніміз дұрыс деп ойлаймын. 

Ер, 29 жаста:

– Шынын айту керек, біз, жігіттер, бастауыш сыныптан бастап қыздарды ұната бастадық. Сондықтан мектеп жасында жігітпен жүре бастайтын қыздарға түсіністікпен қарау керек деп ойлаймын. Бірақ мектепте жүрген қызын өмірлік жары етіп алып жатқандар сирек. Өзіміз мектеп кезінде жігітке қарамайтын, сабағын үздік оқитын қыздарға қызығып, оларды алақанымызға салып жүрдік. Сондықтан мектеп – білім мен тәрбие ордасы ғана болғаны дұрыс сияқты.

Сіз не дейсіз? 

Сурет: baq.kz, vk.com

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

М. Оңғарова