Таспен атқанды аспен ат

Әңгімелесушіңіздің жеке басыңызға қатысты сұрақтар қоятын кездері үнемі кездеседі. Мұндайға отбасында дұрыс тәрбиеленбеу немесе қарым-қатынас шекарасы жайында білмеуі себеп болуы мүмкін. Дөрекі сұрақтардан сыпайы бас тартып үйреніңіз:

1. Өзіңізге артықтау болып көрінген сұраққа көмескілеу жауап қайтарыңыз. Мысалы, жалақыңыз туралы сұраса, құпия мәлімет екенін айтыңыз. Ал «дөрекі» мінезді күйеуіңізбен қалай тұрып жатқаныңызды білгісі келген көршіңізге қарым-қатынастарыңыздың өте жақсы екендігін жеткізіңіз. Алайда айналаңыздағылармен тілдесе білгіңіз келсе, ашық мінезді болуға тырысыңыз.

2. Әңгімелесушіңіздің сұрақтары тым артықтау болып жатса, бірден тақырыпты ауыстырыңыз. Мысалы, жақсы білмейтін танысыңызбен ауруханада кездесіп қалып сізден не болғанын сұраса, әдеттегі тексерістен өтіп жатқандығыңызды айтып, әңгімені басқа арнаға бұрыңыз. Бірнеше қызықты оқиғалар мен жаңалықтарды осындайда пайдалану үшін қоржыныңызға сақтап қойыңыз.

3. Әзіл-оспақты түсіне білу қасиетіңізді іске қосыңыз. Көңілге тиетін сұрақтарға қиын болса да аса мән бермей, әзілмен жауап қайтаруға тырысыңыз. Мысалы, жұмыстан неге кеш келесің десе, ол жердегі ұжыммен уақыттың қалай жылдам өтіп кететіндігін байқамай қалатындығыңызды айтыңыз.

4. Әңгімелесушіңіздің өзіне қатысты сұрақтар қойыңыз. Кейде осы сұрақ өзіме қойылсын деген ниетпен айтылады. Мысалы, құрбыңыз сүйіктіңізбен қарым-қатынасыңыз жайлы сұраса, оны өзінің басындағы осы жәйт мазалағаны.

5. Осы күндері қызметке орналасу өте қиын. Ал егер жұмысқа алушы артықтау сұрақтар қойып жатса, бірден ашуланып кетуіңіз де ғажап емес. Мұндай жағдайда сұрақтың қызығушылықтан емес қажеттіліктен туындағанын есте сақтап, қысқа да нұсқа жауап беруге тырысыңыз. Кей жағдайларда жұмыс тәртібі туралы сұрақтар қойып, тақырыпты өзгертіп жіберуге болады. Мысалы, балаларыңыздың тәртібі мен жасы туралы сұрап жатса, «Сізді менің жұмысты дұрыс атқара алатындығым қызықтырады ғой деймін?» деп сыпайы жауап қайтарыңыз.

6. Жеке басыңызға қатысты қойылған сұрақтан қысқа әрі күлімсіреп бас тарту керек. Неліктен бас тартқандығыңызды бұл тақырыпты қозғаудың еш ұнамайтындығымен түсіндіріңіз. Бірақ, бұл сұрақтарды дәрігер маман қойып жатса, тек шындықты айтқаныңыз жөн.

Дайындаған. Қарлыға Бүйенбай

Сурет: fakt.ru