Төлен Әбдік. Бір күндік ашу (әңгіме) #2

Төлен Әбдік. Бір күндік ашу (әңгіме) #2

(Басы)

– Айгүл қайда? – дедi келе әйелiне.

– Айгүл клубқа кеткен. Ертең әлгi жұмысқа келген студенттер кетейiн деп жатыр ғой. Солар концерт қояды дей ме, кеткен әйтеуiр бiрдеңе деп.

– Жалғыз ба?

– Ендi кiммен барушы едi?

Ордабек әйелiне ала көзiмен бiр қарады. Жолдағы шылапшынды салдыр еткiзiп, шыға жөнелдi. Қараңғы көше бойымен клубқа қарай тура жүрдi. Алыстан тоқылдаған мотор үнi естiледi. Клубтың есiгiнiң алдында бейтаныс студент жiгiттер тұр. Ордабек «Бүгiн – концерт» деген жарнама жапсырылған есiктi жартылай ашып, iшке кiрдi. Дәлiз iшiнде әлденеге сыбырласып тұрған ауылдың екi жiгiтiне тақап келiп амандасты да:

– Бiздiң Айгүлдi көрдiңдер ме? – дедi бұл сыбырлап.

– Отырған, – дедi бiреуi залдың есiгiн көрсетiп. – Бағана отырған. Ордабек шағын, қапырық залға кiрдi. Залда ине шаншар жер жоқ. Түрегеп тұрғандар бiрiн-бiрi кимелеп, сахна жаққа мойындарын өлгенше созады. Ордабек те өкшесiн көтерiп, сахнаға қарап едi, галстук таққан, ұзын бойлы, бұйрабас жiгiттi көрдi. Концерт жүргiзiп тұрғаны, тақпақ айтып тұрғаны белгiсiз, әйтеуiр ыржия күлiп, бiрдеңе деп сөйлеп тұр. Одан соң сығалап залға қарады, жуық маңнан Айгүл көрiнер емес. Алқынып, қатты жүргендiктен терлеп те кеттi.

«Мына залдың iшi не деген ыстық». Тағы да өкшесiн көтерiп, сахнаға қарады. Кекжие-кекжие мойны да ауырып қалды. Ақыры түк көре алмаған соң, сыртқа шықты. Концерттiң аяқталуын күтiп, есiк алдында әрi-берi жүрдi де:

– Жарқыным, ойындарың қашан бiтушi едi? – дедi бағанағы студенттердiң қасына келiп.

– Әлi бiраз бар, ағай. Басталғанына көп болған жоқ.

– Е, солай ма едi.

«Жоқ, бәрiбiр күтемiн, – деп ойлады тағы да, – отырамын осы арада қашан аяқталғанша». Сағатына қарап, естiрте:«Әлi бiраз бар» дедi де, клубтың iргесiндегi ағаш арасына қойылған орындыққа келiп отырды. Қараңғы болғандықтан, орындықтың өзiн сипалап жүрiп, әрең тауып алды. «Отырамын осы арада қашан аяқталғанша».

Қараңғыда әр жерден шылым оттары жылтырап, аллея бойымен қыдырған адамдардың қараңдаған бейнелерi көрiнiп қалады. Көршi орындықтардың бiрiнен бiреулердiң баяу сөйлескен дауыстары, әлдеқайдан гитара үнi естiлiп тұр.

Ордабек көз алдына қазiр концерттiң аяқталатынын, адамдардың сыртқа шығатынын, қарындасының да шығатынын, бiр кезде әлдеқандай бейбастақ жiгiт Айгүлдiң соңынан қалмай, бiрдеңелердi айтып, жұрт көзiнше жәбiрлейтiнiн, осы кезде өзiнiң әлгi жiгiттi бүре ұстап, құлақ-шекеден аямай бiр соғатынын елестеттi. «Екiншiлей кiмге соқтығарын бiлiп жүрсiн көргенсiз!» Көршi орындықтан:

– Менiң не айтпақ болғанымды бiлесiз бе?– деп сыбырлады әйел үнi.

– Жоқ, – дедi еркек үнi.

– Шынымен, осы уақытқа дейiн түсiнбедiңiз бе?

– Жоқ.

– Биге шақырғанда да... – әйел үнi дiрiлдеп. – Осы араға келсiн деп кiсi жiбергенде де... Сонда да түсiнбедiңiз бе?

– Мен қайдан бiлейiн, – дедi еркек үнi тұншыға сыбырлап. – Кел дедiңiз – келдiм...

– Қалайша түсiнбейсiз? Қалайша?.. – Әйел үнi естiлмей кеттi.

«Түу, шайтан! – дедi ерiксiз Ордабек iшiнен. – Қалай ұялмайды өзi? Қыз деген былай...»

– Не дейiн мен ендi? – деп сыбырлаған еркек үнi естiлдi. – Менi жақсы көретiнiңе, бәрiне сенейiн. Бiрақ айтып тұрмын ғой... менiң сүйген адамым бар... Ордабек қараңғыға тесiле қараған күйi мырс етiп күлiп жiбере жаздады. Себебi «сүйген» деген сөз көрер көзге жалған айтылғандай тым қолапайсыз шықты. Осы бiр сөздi өз табиғатымен, өз болмысымен, кiсi сенетiндей етiп айтып берудiң қаншалықты қиын екенiн Ордабек бұрыннан бiлетiн.

«Сүйем демеу керек, ұнатам деу керек, – дедi iшiнен. – Соның өзi жетiп жатыр».

Жалғасы

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: azattyq.mobi

M. Auelkhan