- Негізгі бет
- Проза
- Төлен Әбдік. Бір...
Төлен Әбдік. Бір күндік ашу (әңгіме) #3
– Сiздi, сiздi... – деп бастырмалатқан әйел үнi естiлдi әлгi тұстан тағы да. – Ең алғаш көргеннен бастап... Тек сiздi ғана... Маған басқа түктiң керегi жоқ. Тек...
Баяу есiп тұрған түнгi самал ұйытқып кетiп, ағаш жапырақтары сусылдай жөнелдi. Ордабек жел тынған кезде еркек үнiн тiптi ап-анық естiдi:
– Саған өтiрiк айтуға менiң арым жетпейдi. Түсiнемiсiң осыған. Қамықпа. Ал жақсы ендi... Менiң сахнаға шығуым керек, Айгүл!
Ордабек селк ете қалды. «Айгүл» деген үн тауға жаңғырыққан дыбыстай әп-сәтте санасында бiрнеше қайталанды.
Айгүлдiң булығып жылаған дыбысы келдi. Осы кезде жылан шағып алғандай орнынан ата жөнелген Ордабектiң жан-дүниесi адам аярлық едi. Ешкiм көрмей тұрғанда осы арадан тезiрек қашып құтылғысы келгендей жүгiре басты. Есiк алдында тұрған студенттерге көрiнбеу үшiн клубтың сыртымен кеттi.
Ол өмiрiнде тап бүйтiп абыржып көрген жоқ едi. Болмашы бiрдеңенi де пайымдауға үлгере алмады. Өз үйiне тақағанда барып, дуылдаған шекесiн басып, жүрiсiн баяулатты. Ентiгiп, қалтасынан орамалын алып, терiн сүрттi. Тоқылдаған мотор үнiн де естiдi.
– Қалайша бұлай? – дедi есiн жиып. – Қалайша бұлай? Кiм ойлаған? Тiптi... Япыр-ау, сонда... сөз салып жүрген жiгiт емес, Айгүлдiң өзi болғаны ма?! Ордабек үйiнiң алдындағы ағаш жаңғырықта мұңайып ұзақ отырды. Iштей жаңылып, iштей түзелетiн барлық тұйық мiнездiлерге тән бiр қасиетпен бұл да әлгi оқиғаның жай-жапсарын ақылға салып, таразылап отыр. Кенет ол «Айгүлдiң де бiреудi ұнатып, бiреуге ғашық болуы мүмкiн-ау» деген ойдың осы уақытқа дейiн басына қалай келмегенiне қайран қалды.
«Ғажап», – дедi басын көңiлсiз шайқап. Кеудесiн кернеген қызғаныштан шымырлап жүрегi ауырды. «Ғажап», – дедi тағы да.
Үйге кiрiсiмен, «Кетесiң бе?» деген әйелiнiң сұрағына жауап берместен, бiр кесе ашыған көженi дем алмастан сiмiрiп салды да, келген iзiмен қайта тартты. Ай әлi туа қоймаған. Туырлықтың тесiгiндей жылтыраған сирек жұлдыздар ғана көрiнедi. Басын кабинадан шығарып, желге тосты. Анда-санда шабындық жиегiнен түнгi торғайлар лып етiп ұшып кетедi. Бiрен-саран қосаяқтар жарыққа ентелеп, жол бойымен секектеп, машина жақындап қалғанда ғана жолдан бұрылып кетедi.
Ордабек қалтасынан темекi алып тұтатты. Жүрегiнiң тереңiнен мұңдылау бiр сезiмдер құйылып, бiр кезде өзiнiң де алғашқы махаббатының сәтсiз болғанын ойлады. Нәрестедей пәк қарындасының әлгi бiр тұншыға жылаған үнiн есiне алған сайын ет-жүрегi езiлiп, елжiрей түстi. Тұңғыш рет құшақтап, бауырына басқысы келдi, «өмiр деген осы» деп, арқасынан қағып, жұбатқысы келдi.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: azattyq.mobi
M. Auelkhan