- Негізгі бет
- Проза
- Нобельдің «драмалық» тарихы...
Нобельдің «драмалық» тарихы
1903 жылы әдебиет бойынша «Нобель» сыйлығы норвегиялық ақын-жазушы Бьёрнстьерне Бьёрнсонға бұйырды. Сыйлықты сол уақыттарда атақ-даңқы Еуропада шарықтап тұрған Ибсен алмай, Бьёрнсонның алуы онсыз да даулы сыйлыққа тағы бір дау қосып берді. Міне, осылай айналасындағы дау-дамай өртін одан әрі қаулатып «Нобель» көші келесі жылға аяқ басты.
Норвегиялық ақын-жазушы, драматург және журналист Бьёрнстьерне Бьёрнсон 1832 жылы Педер мен Элиза Бьёрнсондар жанұясында алты ұлдың тұңғышы болып өмірге келеді. Бьёрнсон 5 жасқа толғанда отбасы таулар арасында шағын ауылдан, табиғаты әсем батыс Норвегиядағы Ромсдал ауданына көшіп келеді. Болашақ ақынды ата-анасы Молде қаласындағы мектепке оқуға береді. Бала күнінен Бьёрнсон өлең жазып, қабырға газеттерін шығарып, тіпті саясатқа да араласып тұратын.
1849 жылы Бьёрнсон Христианина, яғни қазіргі Осло қаласында университетке емтихан тапсыру мақсатында келеді. Осы уақыттарда атақты Ибсен және басқа да ақындармен танысу мәртебесіне ие болады. 1852 жылы жоғары оқу орнына қабылданғанымен 1 жыл өтпей оқуын тастап кетіп, қаланың қыз-қыз қайнаған әдеби һәм саяси өміріне араласып кетеді. 2 жыл бойы түрлі баспасөз беттерінде мақалалары жариянанып тұрады. Сонымен бірге ақын Норвегия ұлттық театрының құрылуына да өз үлесін қосады. Бір сөзбен айтқанда болашақ Нобель иегері аз уақытта қаланың жетекші мәдениет қайраткерлерінің біріне айналады.
1854 жылы Ослодағы «Моргенбладет» газетіне театр сыншысы болып тағайындалған журналист арада 2 жыл өтіп «Иллюстререт Фолькебладет» журналына редактор болып ауысады. Ол алғаш рет ертегілерін осы журнал бетінде жариялай бастайды. 1856 жылы Бьёрнсон жаз уақытында Швецияға саяхаттайды. Міне, осы сапар ақын рухына қатты әсер етеді. Ол Швеция патшаларының қабірін, ұлттық киімдерін қолданған қару-жарағындағы тарихты өз көзімен көріп, өз отанынының ұлтық тарихын қайта тіктеу идеясымен рухтанып, «Мен қалай ақын болдым» очеркін жазады. Драматург Бьёрнсон өз пьесаларында тарихта өткен өз ұлыларын кейіпкер етіп алып, қайта жаңғыртуға бел байлайды. Мұның артында Норвегия елінің ұлттық рухын тіктеу мақсаты тұрған болатын.
1857 жылы Берген қаласындағы «Норске театр» театрына басшы етіп тағайындалады. 1858 жылы актриса Каролина Реймерспен отбасын құрады. Қызығы мен шыжығы мол отбасылық өмірде бірнеше перзент сүйеді. Жазушының бір ұлы Бьёрн танымал актер, режиссер болады. Әмбебап Бьёрнсон өлең, пьеса, ертегі жазып жүріп саясатпен айналысуға да уақыт табатын. Оның 1859 жылы жазған «Біз, бұл мекенді сүйеміз» ("Ja, vi elsker dette Landet") атты өлеңі кейін Норвегияның әнұранына айналады.
Бьёрнсонның алғашқы драмутургиясы ретінде «Соғыстар арасында» (Mellem Slagene, 1856) пьесасы көпшіліктің назарын өзіне аударады. ХII ғасырда Норвегияда болған драмалық оқиғаларды баяндайтын осы шығармасынан кейін – «Ақсақ Хульда» Halte-Hulda, 1858), «Хан Сверре» (Kong Sverre, 1861), «Залым Сигурд» (Sigurd Slembe 1863) және «Мария Стюарт Шотландияда» (Maria Stuart i Skotland, 1864) пьесаларын жазып шығады. Орта ғасырлардағы таққа ұмтылған құпия ханзада жайлы «Залым Сигурд» трилогиясы қаламгердің шығармалары арасындағы шоқтығы биігі деп мойындалып, оны Ибсеннің «Тақ үшін күрес» шығармасымен қатар қояды.
Ақынның шығармашылығы 1860 жылдарда өз биігіне жетеді. Оның «Өлеңдер мен әуендер» (1870) топтамасындағы өлеңдерінің бір сыпарысына ән де жазылады.
1873-76 жылдары Римде тұрған жазушы фольклор һәм тарихи тақырыптардан бас тарта тұрып, әлеуметтік сын тақырыптарында жаза бастайды. Норвегияның саяси жағынан да, мәдени жағынан да тәуелсіз болуын қалаған Бьёрнсон «пан скандинавизм» идеясына қосылады. Тыныштық пен бұқараның халықаралық құқықтары үшін күресуге кіріседі.
Сыншылар Бьёрнсонның қарама қайшылыққа толы пьесалары ХIX ғасырдың 80 жылдарында жазылды деп есептейді. «Біздің мүмкіндігімізден де биік» (1886) драмасында өз жұбайын әдейі құтқарып қалмаған шіркеу қызметкерінің іс-қимылымен, адами қасиеттер діни рәсімдерден биік тұруын көрсеткісі келеді. Аталмыш пьеса Еуропада да, Америкада да қойылып авторға абырой-атақ алып келеді.
1903 жылы Швеция академиясы Бьёрнсонды «жүрек тазалығымен дараланып тұратын өлеңі, эпик һәм драмалық таланты үшін» әдебиет бойынша Нобель сыйлығына лайық деп табады. Өзінің Нобель баяндамасында Бьёрнсон шын жазушы жақсыны жаманнан ажырата алу керектігі туралы айтып, былай дейді: «Жақсы, сонымен бірге ақымақтау идеямыз өміріміздің әр саласынды үлкен роль ойнап келді. Олар біздің білімге деген ынтықтығымыздай, өмір энергиямызға серпін береді. Кез келген өнер түрінің мақсаты осынау идеяларды көрсету».
1910 жылы драматург өзінің соңғы «Жүзім гүлдегенде» шығармасын жарыққа шығарады. Қаламгер арада бір жыл өткенде 77 жасында Париж қаласында қайтыс болады. 1919 жылы оның тоғыз томдық шығармалар жинағы баспадан шығады.
Өз уақытында Бьёрнсонды Ибсенмен қатар қойып драматург деп таныса да, бүгінгі күнде жұрт оған ақын және жазушы ретінде қарайды. Ағылшын сыншысы Джеймс Уолтер Макферлейн Бьёрнсонның өлеңдеріне тоқталып: «Оның өлеңдеріндегі күш – шынайлығы, сезімдердің қарапайымдылығы мен табиғилығында»,– дейді.
Кейін, сыншылар «болашақ Ибсендікі, Ибсеннің пьесаларынікі, бірақ, Бьёрнсонның қасынан елеусіз өтіп кету де мүмкін емес» деп айтқан сөзін уақыттың өзі дәлелдеген сияқты.
Міне, осылай әдебиет бойынша үшінші «Нобель» сыйлығы норвег халқының ұлына бұйырды.
Т. Раушанұлы