- Негізгі бет
- Проза
- "Нобельден" бас тартқан...
"Нобельден" бас тартқан ақын
Швед ақыны Эрик Аксель Карлфельдт 1864 жылы 20 шілдеде Далекарлиадағы Фолькерн қыстағында өмірге келген. Әкесі Эрик Эрссон Карлфельдт әуесқой заңгер болған. Эриктің жастық шағы көптеген балалар сияқты тыныш, бейғам өткен. Болашақ ақын Упсаль университетіне оқуға түскенде, әкесі банкротқа ұшырап, Толфмансгордендегі отбасылық үйін сатуға мәжбүр болады да, көп ұзамай арғы дүниеге аттанып кетеді. Осылай қаржылық қиындық көрген Эрик өзгелердің балаларын оқытып ақша тауып, жан бағуға мәжбүр болған. Ол оқытушылықтан қатты қиналған екен. Себебі бір жағынан өзі де студент болған. Қаржылық қиындықтарға байланысты 1902 жылға келіп қана жоғары оқу орнын тәмамдай алған.
Бір жыл бойы мұғалім болып жұмыс істеген соң, Стокгольмдегі ауылшаруашылық академиясында кітапханашы ретінде жұмысқа орналасады. 1895 жылы Эрик Аксель алты өлеңдер жинағының алғашқы шығарылымын - "Жабайы өмір мен махаббат әндері" ("Vildmarcks – och karleksvisor") деген атпен кітап етіп шығарады.
Оның өлеңдерінде Далекарлиадағы шаруалық өмірді сипаттайтын, швед шаруаларының пұтқа табынған дәуіріне қатысты мистикалық сарындар бар. Эриктің алғашқы жинағында этнографиялық жағынан ерекше, терең лирикалық және дәстүрлі рухта, қарапайым өмір сағынышпен суреттеледі. Ал оның заманында швед халықының бойындағы мұндай қасиеттер өркениеттің дамуы, қалалардың көптеп салынуына байланысты бірте-бірте жоғалып бара жатқан еді.
Ақынның "Фридолинаның әндері" ("Fridolins visor", 1898) және "Фридолинаның бағы" ("Fridolins lustgard", 1901) атты кітаптарындағы лирикалық қаһарман Фридолина атты қыз болған. Бірақ автор оның кім екенін сыр тұтқан екен.
1904 жылы оны Швеция академиясының мүшесі етіп сайлайды. Арадан үш жыл өтіп әдебиет бойынша "Нобель" комитетінің мүшесі етіп тағайындалады. 1912 жылы оны осы комитеттің тұрақты хатшысы етіп сайлайды. Ол осы лауазымға ие болғанымен, бірнеше рет "Нобель" сыйлығына ұсынылды. Бірақ Карлфельдт академиядағы жұмысын негізге ала отырып, сыйлыққа ұсынылудан бірнеше рет бас тартқан. Оның үстіне ақын өзінің шығармашылығы Швециядан басқа елдерде онша танымал еместігін және "Нобель" ала қалған жағдайда осындай қарама-қайшылықтар туындайтынын жақсы білетін еді. Оның себебі ақын швед халқының ескі тілінде өлеңдер жазған болып, оның өлеңдерінің өзегін шведтің идиомалары, көнерген сөздері мен тұрақты тіркестері құрайтын. Бұл "Мен" деген аудармашыны да ойлантыратын өлеңдер еді.
1931 жылы 8 сәуір күні Эрик Аксель Карлфельдт аяқ астынан қайтыс болады. Арадан алты ай өткенен кейін ақынды Швед академиктері "ешкімде қайталанбайтын шұрайлы тілі бар өлеңдері үшін" "Нобель" сыйлығына лайық деп табады.
Осыған байланысты наразылық туғанымен, швед академиктері Альфред Нобельдің "егер автор қайтыс болғанға дейін осы сыйлыққа ұсынылған болса, онда сыйлық оған берілсін" деген өсиетнамасын дәлел етеді. Нәтижесінде Эрик Карлфельдттің жанұясы сыйлықты алады.
Америкалық әдебиеттанушы Алик Густафсон ақынның шығармашылығына тоқталып өтіп: "Карлфельдт – ең ұлы швед ақындарының бірі. Оның ойлау қабілеті мен талғампаздығы ерекше. Карлфельдттің поэтикалық стилі көп жағдайда дәстүрлі, бірақ бұл дәстүр өте ерекше", – деп баға береді.
Т. Раушанұлы