"Кәсібіңе мен сенің басымды ием". Дәрігерлерге арналған өлеңдер

Әлемді жаулаған індет – коронавирустың жаңа түрі COVID-2019-ды 180 мыңнан астам адам жұқтырды, қайтыс болғандар саны 7154-ке жетті, ал шамамен 80 мың науқас сауығып шықты. Бұл індет адамдардан бұрын дәрігерлерге ауыр салмақ түсірді. Олар қазір күн-түн демей, демалмай жұмыс істеп жатыр.

Дәрігерлерге қандай салмақ түсіп жатқандығы туралы итальян дәрігері Humanitas Gavazzeni: "Қызметкерлер шаршап, қалжыраған. Біздің жұмыста әдеттегі ауысымның өзінен әл-дәрменің құрып, сүйретіліп шығасың. Ал қазір бірнеше тәулікке созылған майданда жан-жағымдағы адамдар маған үмітпен қарап, көмек күтіп отырғанда ШАРШАУ дегеннің не екенін енді түсіндім. Қызметкерлер өздерінен әл кетсе де, бір-біріне көмек беруге тырысады... Бізде ауысым, кезекшілік деген жоқ. Бүкіл жеке өмір тоқтап қалған. Біз отбасымызды көрмейміз, себебі жұқтырып аламыз деп қорқамыз..." - деген еді.

Назарларыңызға қазақ ақындарының дәрігерлер туралы өлеңдерін ұсынамыз.

Дәрігерлер съезіне

Қазақтың тиеп алған көп мақалын,
Мен өзім көпті көрген ақ сақалмын.
Дәрігерлердің съезін құттықтарда
Солардың бәрін де мен есіме алдым.
«Байлық алды — денсаулық» — деген мақал,
Ғасыр бойы жатталып келе жатқан.
Халық айтса қалып айтпас дегендейін,
Дұрыс-ақ, орынды сөз тауып айтқан.
Өткен күн көзге танық, ойға елесті,
Білемін қан сасыған заманды ескі,
Жасы жүзді қусырған кәрі Жамбыл,
Басынан өткерген ғой не белесті.
Қанқұйлы Николайдың заманында,
Езіліп елім оның табанында,
Халқымды қай-қайдағы ауру басып,
Оба кеп, елді қойдай қырмады ма?
Оба кезіп қазақтың cap даласын,
Өлімнің жалаңдатып ұстарасын,
Нелер қыршын, нелер сабаз халық ұлының
Мезгілсіз қиып кетті жас қолқасын.
Сүзек, шешек, мерездер айналдырып,
Халқымды аурумен булықтырып,
Есімді, еркімді алып езген патша,
Қырылса қараған жоқ мойнын бұрып.
Hұp шашқан Сталиннің заманасы,
Халқымның бәрі түгел мал мен басы.
Ауру әлдеқашан арылды елден,
Қазақтың дем алды еркін сахарасы.
Сталин ардақтайтын адам басын,
Аударып халқыма шын ықласын,
Елімнің денсаулығын ойлайды ылғи,
Күлімдеп. күн сияқты нұрын шашып.
Гүлденген қызғалдақтай қыздарымның,
Айбатты арыстандай ұлдарымның,
Дені сау, әл-қуатты болуы үшін,
Салады Кремльден көзінің қырын.
Құттықтап съезіңді дәрігерлерім,
Бәріңе жүрегіммен сәлем бердім.
Денсаулық майданында балаларым;
Әрдайым орындаңдар ел тілегін.
Атану ел дәрігері үлкен атақ,
Сақтаңдар сол атақты іспен ақтап.
Сақтаңдар денсаулығын Отанымның,
Құртыңдар ауруды келген отап!

Жамбыл Жабаев

Болашақ дәрігерге

Тоқта-тоқта, ей, жігіт, аялдағын.
Қане, қалай жағдайың, баяндағын.
...Тәжірибе мектебін өтіп жүрсең,
Дәрігерлік кәсіпке таянғаның.
Таянғаның, қарағым, таянғаның,
Адам үшін барыңды аянбағын.
Адам тұрар алдыңда, ұмыт болар,
Өліктер мен сойылған қояндарың.
Енді алдыңда тұрады тірі жандар,
Бірі сүйіп, кім білсін, бірі қарғар...
Қимылдамай кірпігі жатса-дағы,
Байқағайсың, шықпаған тірі жан бар!
Кәсібіңнен кетпегей жеріп мүлде,
(Ақыл айтып кеттім-ау желіктім бе?)
Өлгендерді тірілтем деп ойлаған,
Денесінен жан ізде өліктің де.
Жолың болсын, бара ғой, айналайын,
Айналайын, қорғаушым, қарғадайым!
Кәсібіңе мен сенің басымды ием,
Басымды ием, несіне арланайын…

Мұқағали Мақатаев

***
Қас-қабағын бағып ұдай науқастың,
Ағаруы тегін бе еді тал шаштың.
Қарсы тұрып ажал дейтін дүлейге,
Денсаулықтың майданында шайқастың.
Демейсің-ау, шаршасаң да шаршадым,
Бір басында жүрер сенің қанша мұң.
Жүрегіңнің бар жылуын жеткізіп,
Тұрғандай-ақ дірілдейді саусағың.
Ажарында нұр ойнайды жараса,
Науқастардың беті бермен қараса.
Ауыр ойдан айыға алмай жүргенің
Адам үшін ұзақ өмір, араша.


Розаға

Оянып таң сәріден,
Дәрігер жетер ертелеп.
Хал сұраса бәрінен,
Балаша біз де еркелеп.
Жатса да кейі қиналып,
Қалжырап оймен қазылып.
Кеудеміз толып күйге анық,
Кеткендей болар жазылып.
Зіл басқан денең серпіліп,
Кеткендей жалғыз сөзінен.
Көңілінің күйі шертіліп,
Тұрады нұрлы көзінен.
Күн ұяға мол еніп,
Кетсе де үйге қайтпайды.
Алғысқа жүрер бөленіп,
Артық сөз әсте айтпайды.
Күлкісі қандай келісті,
Тарқағандай шер біткен.
Науқастың сырын бөлісті,
Жаныңды сөзбен сергіткен.
Тұрғаны ұдай кішіріп,
Үлкенге де, жасқа да.
Жаз шағын түсіріп,
Ауруға да, басқаға.
Келсе болды жәй ұғып,
Білегіңнен бір ұстап.
Кеткендей жаның айығып,
Күбірлеп іштей жыр ұштап.
Етпесін әсер білемін,
Уколың да, дәрің де.
Бір ғана сенің жүрегің,
Емдейді-ау, Роза, бәрін де.

Дәрігер ойы

Көбірек сырласамыз өзіңізбен,
Көңілге нәр аламыз сөзіңізден.
Болдыңыз адамдардың жақын досы,
Елена, сонау жап-жас кезіңізден.
Келеді алдыңызға талай ғашық,
Келеді құрдастар да амандасып.
Бөліседі сізбенен тәтті сырды,
Жүздерінен нұр күліп, арайлы ашық.
Келеді айтып кейбіреу тілектерін,
Қолымен баса түсіп жүректерін.
Толып жатқан тұрмыстың тауқыметі,
Жалықпастан тыңдайсыз, сыр еткенін.
"Кейде мінез қасіреттен ауырлайды,
Тоздырады жүйкені ауыр қайғы.
Сондықтан сүю керек бұл өмірде,
Ғашықтар жүйке ауруымен ауырмайды" -
Деп, дәрігер — әзілмен жұбатады,
(Әзілді жаным шыңдап ұнатады).
Сүю, күю — шынында қандай бақыт,
Сөнген үміт қайтадан гүл атады.
Көркейер адам жаны шапағатпен,
Көркеймейді ол әсте —
Атақ — атпен.
Шынымен адамдардың барлығын да,
Емдер болса —
 Тозбайтын махаббатпен!

Марфуға Айтқожина

***

Дәрігерлерім,
Қолыңда тұрса келеді бәрін емдегің!
Жаныңды салып жатсаң да, жігерің сарқып,
Бұл ауру алып ұрды ма әлі келгенін?!

Ақкөңілдерім,
Талас пен тартыс болды ма тәтті өмірлерің?
Сынаққа сынып, сырқатқа сыр бергендерді,
Қасқайып тұрып емдедің, қақ бөлінбедің!

Төзімділерім,
Арпалыстардың ішінен сезілді демің!
Ақ періштедей пендені күзетіп жүріп,
Келген де болар бір сәтке көз ілгілерің.

Жауда сынарым,
Шыңдала берсін ширығып алда шыдамың!
Саулығын тілеп жүретін әрбір жандардың,
Мен сендер үшін Тәңірден сауға сұрадым!

Түсін, бағала!
Дәрігер біткен бүгінің үшін ғана ма?!
Оның да өз отбасы, өмірі бар ғой,
Оларды ойдан біз үшін ұшырған ада!
Себебі, мынау қалаға азуын білеп,
Бұл келген нәубет батырды тісін далаға!
 
Құрметті ақ халаттыларым! Мың алғыс саған!
Қалауыменен Тәңірдің құранды ұстаған
Өмірге құштар жандардың үміті соңғы,
Сендер көтерген иненің ұшында ғана.

Нұртас Тұрғанбекұлы