- Негізгі бет
- Проза
- Жүсіпбек Қорғасбек. Мұқағали...
Жүсіпбек Қорғасбек. Мұқағали мен Фариза #7
7.
– Әй, қара қыз!
Сол көгілдір шырша, сол екі түп арша, сол биік емен және сол ұзын ағаш сәкі ешкім көтеріп кетпей орнында тұр. Айналасындағы басқа ағаштар мен орындықтардан көп айырмасы жоқ. Бірақ саябаққа жалғыздан жалғыз имене кірген әйелзат басқа жаққа мойын бұрмай, тап осы жерге келіп тоқтаған.
Жаңағы дауыс шыққан жаққа қате естідім бе дегендей, тәкаппарлана мойын бұрып, таңырқай қарады. Тіл қатқан адам анадайда дара өскен дарақтай ол да жападан жалғыз сорая қалған екен. Қасына жетіп бармай, сөмкесінен алып, басына орамал тартты.
– Ауруханадамын… – деді жайсаң адам өзі жақындап. – Мына қазаны
жүрегім көтере алмады.
– Ұшақтан жаңа түстім, – деді әйелзат қабағы кіртиіп. – Бакуде естідім.
– Жалғыз өзім жылап алайын деп келіп едім…
– Жаңа Асқардың да бұрышқа тығылып алып, жалғыздан жалғыз жылап тұрғанын көрдім.
– Асқар Сүлейменов пе?.. Е-е-е… Біз бір қамырдан иленген жандар едік қой…
Жайсаң адамның жас бала құсап боталап көзі жасаурады. Әйелзат еркектің босаңсығанын көргісі келмей, жанарын аулаққа салған. Тұстарынан өтіп бара жатқан қыз бен жігіт көгілдір шыршаның түбіндегі сәкіге гүл шоғын қойып жатқанда барып қайыра тіл қатысты.
– Айтпақшы, әлгі хат терезеден құс болып ұшып кетпеген болар?
Әйелзат оған көздері шоқтана жалт қарады.
– Өлең арнағанына рахмет, бірақ аманатты азаматтарға айтпай, маған
айтқаны қабырғамды қайыстырды.
Ана кісі аяқ астынан ақсиып күлді.
– Түйелі жердің қызы деген шығар.
Күлкісін көз ілестірмей жиды да алды.
Әйелзат тіпті ес жиып та үлгерген жоқ.
Осымен сөз тәмамға келтірген түрі намысына тиді.
Жүзі қылыштай өткірленіп шыға келген.
Жайсаң жан кетіп бара жатып жауырынымен сезді.
Басына лайық бір сөз айтпай кете алмады.
– Құдайлардың махаббаты солай болады, қалқам!
Әйелзат тұрған жерінде оттан алып шоққа салғандай қинала, күйзеле
бүгіліп кетті. Бірақ Нұрғиса ағасы артына тым болмаса бір қайырылып та қарамастан, қайыспас қара нардай қақырайып кете барды. Оның сол беті үйіне қалай булығып жеткенін; айта алмай кеткен әңгімесін қара шанақтың қабырғасын қақырата сөккен күйімен қалай буырқантып төккенін; ақыры қалай «аһ» ұрып, атандай шөккенін бұл, әрине, білген жоқ. Саябақтан шыққанда көкірегінде дулап, құлағында шулап, босағадан аттар-аттамастан аққу-қаздай қаңқылдап қара шанаққа көшкен шерлі әуен шырқау шегіне жеткенде қос ішектің сыңарын сыңқ еткізіп үзген де тынған. Көзін қайта ашса басында қара шаңырағы тұр, қасында сүйген жары отыр, ал өзі төр алдында тоңқалаң асып құлап жатыр.
– Ауруханада сені іздеп шулап жатыр, неге кетіп қалдың? – болды сүйген жардың пістиген танауы қусырылып бірінші сұрағаны.
– Мұқағали ана Фаризаға өлеңмен аманат жазып қалдырған көрінеді, –
болды мұның іштегі өрті сыртқа теуіп бірінші аузына түскені.
Сүйген жар не десін, жасып төмен қарады. Әлдене айтпақ болып, басын бір көтерді де қоя қойды. Аяғы аттап баса алмай отырған жерге көзі әлденеше рет жүгіріп барып та келді. Киім ілгіш жақты жағалап қайтқан жанары ерінің қос шырағымен түйісе кеткенде, тұзаққа түскен қояндай тыпырлаған да қалған. Жүрегінің тарс-тарс соққаны алыстан шапқан ат дүбіріндей боп естілді.
– Жүрегіңе салмақ түсіп кете ме деп… Екі ай ауруханада жатқаныңда неше рет оқталып… , – деді әуелі тігісін жатқыза сөйлеп.
– Не боп қалды? – деп адырайды бұл.
Көзі жапақтаған сүйген жар:
– Мұқағалидың соңғы хаты бешпентіңнің қалтасында тұр! – дегенде
төбесінен жай түскендей болды.
«Әкел!» деп айтам деп, айта алмай апалақтады. Аяғын әлтек-тәлтек басып, орнынан ұмтылып тұрып кетті. Сүйген жар енді кешіксе болмасын біліп, құстай ұшып барды да, төрт бүктеулі хатты алды да келді. Саусағының ұшы тиер-тиместен бүктеуін жазып жіберген парақтан бұршақтай ірі-ірі таныс жазулар сағыныса көріскен жан қимасындай жамырап ала жөнелді:
«Аға, мен ғой. Дертім қозып барады. Мынаған назар аударып көрерсіз…».
Нұрғиса Мұқағалидың қоңыр дауысын естігендей, көзін тарс жұмып алып, тербеліп-тербеліп кетті. Мұқағали жарқыраған жазық маңдайымен, күлімдеген ұялы көздерімен, балбыраған бадамды болмысымен қарсы алдында елес боп тұрып алды. Жаңа ғана оқыған өлеңнің алғашқы жолдары тау басындағы қасат қарды түрткілеп, жарыққа ұмтылған бәйшешектей көкірегін ән болып жарып шықты бір кезде.
Нұр жауып тұрған көктемде,
Гүл тере барсаң бөктерге,
Қоңыраулатқан аспанды,
Найзағай шаншып өткенде,
Есіңе мені алғайсың…
Эпилог
Алматы көшесінде қара қорым халық ақырын жылжып келе жатты. Қаралы жұрттың алдынан кесіп өте алмаған есік пен төрдей қара «Чайка» еріксіз тежелді. Жолды кеңейткісі келгендей ақырын кейін шегініп тұрды. Артқы орындықта отырған еңселі адам сала-сала саусақтарымен тарамдап бет сипаған. Екі оттың ортасында қалғандай қыбыжықтаған жүргізушіге:
– Идеологияны тер! – деп қысқа ғана бұйырды.
Тұтқаның ар жағындағы адамға сөйлеткізіп те үлгертпей:
– Мен не көріп отырмын? – деді таңданысын жасыра алмай. –Мынау
көшедегі неғылған халық? Бұлар кімді жерлеуге апара жатыр?
Анау аузын ашып болмай жатып:
– Құдай тас төбесінен ұрсын! – деп бастырмалатып кетті. – Шынында да мен не көріп отырмын? Алдында біраз жақсы-жайсаңдар кетіп бара жатқан сияқты ғой.
– Кешіріңіз!.. – деп арғы жақтан асып-сасқан адамның дауысын тағы
да шорт кесті:
– Бұл қалада бір ағаш құлап қалса да біліп отыруым керек емес пе?! .
Қаралы жұрт көше бойлап ұзай берді де, орта жолда көлігінен түсіп
қалған еңселі кісі ары қарай жалғыздан жалғыз жаяу тартып кетті.
* * *
Мұқағали дүниеден өткенде Асқар Сүлейменов елге қосылмай, оңашадан оңаша тамға арқасын сүйеп жылар тұрған екен деседі…
Соңы
А. Оралқызы