Жүсіпбек Қорғасбек. Мұқағали мен Фариза #6

Жүсіпбек Қорғасбек. Мұқағали мен Фариза #6
Фото: zhasorken.kz

Басы

6.
Шалқасынан жатқан адамның бет әлпеті саз балшықтан илеген мүсіндей қан-сөлсіз қуарады. Қара шашы мен қасы болмаса, адам жатқанын айыру қиын. Жас баланың жанарындай монтақан көздерінен де қалғаны шамалы. Көздерінің ұшында өшкісі келмей жылтыраған бір ұшқынды көрген жан, «үміт деген осы екен-ау» дер еді еріксіз. Біресе төмен түседі, біресе жоғары шығады әлгі жарықтық.
– Осы мен жазған реквием… – деп кезерген еріндерін тамсап-тамсап
қойды ол. – Осы мен жазған реквием… Әлгі Моцартқа арнап жазған ше… Түнімен есіме түсіп шықты… Өзі менің өлеңдерімнің біразы реквием сияқты жазылыпты… Ойласам…
Қасында отырған әйел қолынан ұстап еді, ол тас қып қысып алды. Әйел еңкейіп, екінші қолын маңдайына басты. Ұйпалақтанған қастарын түзеп, шаштарын тарамдады. Ішжейденің мойын жібін ілмектеп байлағанда, саусақтары дірілдеді. Соны білдіргісі келмегендей, еңсесін қайтадан көтеріп отырды.
– «Моцарт. «Жан азасы» ма? – деді шаршаңқы үнмен.
– Иә, сол, – деді ол елең еткендей болып. – «Біреу келді де қара киімге оранған: «Жаназа күйін жазшы бір Моцарт!.. Жоғалған…», – деген екі жол миымда айналып тұрып алды.
– Күйтабақ құсап па? – деді әйел ойсыз, дәнеңесіз.
– Іздейтін халық, жесір мен жетім, басқа кім?!. – деді ол сарғайып. –
Әрбіріне бір-бір тарау арнағаным есіңде ме?.. «Халық үні», «Жесірлер үні», «Жетімдер үні» деген тараулары бар… Сен өзің де білесің… Мен жесірлер мен жетімдердің ортасында өстім… Жесірлер мен жетімдердің жағында болдым… Халық сол жесірлер мен жетімдерден тұрады!..
– «Моцарт. Жан азасында» ма? – деген әйелдің сөзі тағы да мағынасыз айтыла салды.
– Иә, «Жан азасында»! – деп өз сөзіне мән бере сөйледі ол. – «Бесік
жырымен» аяқтағам «Моцартты»… «Әлди, әлди, ақ балам… Әлди, әлди… Әлди-ай!..». Әлди, әлди, әлди-ай…
Ол өзін өзі тербеткендей күбірлеп, сыбырлап жатты да көзі ілініп кетті. Әлде түс, әлде елес бір бейнелер анталап, бірден қамап алды. Тізіліп өтіп жатқан, келіп жатқан, кетіп жатқан бәрі де таныс жүз, таныс бейнелер.
Арасынан сырбазсып келіп, сыздықтап сөйлеп тұрған Тоқашты таныды…
Қолын бір бұлғап қойып, әлдеқайда асығып бара жатқан Төлегенді таныды…
Кегжиіп келіп, кекшиіп кеткен Қадырды таныды, басын бір жағына қисайта күліп, маңайынан кете алмай айналсоқтаған Тұманбайды таныды…
Анау Қасым ба, құдай?!. Ол да ұмтылып сар төсегінен тұрып келеді… «Қасым деген – қалғыған жанартау ғой!..», – деп айқайлады бұл.
Құшағындағы қағаздарын шашқанда, ақ парақтар аспаннан қар болып жауды!.. Қасым!.. «Қасым солай болмаса, несі Қасым?!.», – деп тағы тамағын жыртты.
Кенет, биік мінберден қасқа маңдайы жарқырап Әуезов көрінді. Мұның қолы көтерілді, бірақ тілі байланып қалды. Дана Мұхаң залды қалт жібермей шолып тұр екен.
Байқап қалып, «сөйле» дегенде барып тілі шықты. «О, Мұха! Сұрағым бар! Сұрарым бар!..», – деді жандалбасалап. Бірақ!.. Бірақ!.. «Сұрақ та, жауап та мен қайтармадым, Тым құрыса атымды да айта алмадым!..», – деп сылқ түсті.
Соның арасынша үйінің екінші қабатынан ағаш баспалдақты сықырлатып арыстан жал Әбділда түсіп келе жатты. Балдағы ағаш баспалдаққа тақ-тақ қадалады, тақ-тақ!.. «Моцарттан» бір жол тіліне оралды. «Өмір осы екен, сырына, міне, қанықтым, Жаса сен мәңгі! Жаса сен мәңгі! Жарық күн! …Табытпын!..».
Қиналып, тағы бірнәрсе айтқысы келіп тыпыршыды. Қасында отырған әйел ар жақтан лып етіп бері өтіп, өңіндегісі аздай, енді түсіне араласты. Қолынан алып, арыстан жал Әбділда түсіп келе жатқан баспалдаққа қарай сүйрелеп әлек. «Баспалдаққа аяғым бір іліксе, адам боп кетермін» дегендей өзі де талпынып-талпынып қояды. Арыстан жал Әбділда да жағы салқ-салқ ашылып, төменге мұны іздегендей тоқтап-тоқтап кеп қарайды.
Тұрайын десе, аяқ-қолынан жан кетіп қалған екен дейді. Дауысы да булығып жатып, тұншығып барып әрең шықты. Ішегін тартып, кеңірдегін созып, қақалып-шашалып айтарын айтты ақыры: «…Ұйқы-тұйқы ақ самайың… Абыржып асаңды ұстап… Ашулы Грозный патшадайын… Жырдағы жалғандықпен мылтықтасып… Ақ таяғың… Арқамда ойнай ма деп қауіптенем!..».
Арыстан жал Әбділда да ақсаңдап, тоқсаңдап баспалдағынан түсіп болмады. Обалы не керек, мұның үйіне іздеп келгеніне разы болып апалақтап келеді. Апалақтап, ақалақтап сөйлеп те келеді. «Жігіттік ыстық буың алаңдатып… қалай жетіліп өскенің, өршігенің… жазық маңдайың жарқырап, жарқылдап…» , – деп әр ашқан сайын, аузынан маржан төгіледі. «Бірақ, әй, сен маған берген кітабыңа неге «27 наурыз» деп қолтаңба қалдырғансың?!. 27 наурыз әлі болған жоқ қой!.. Тағы не бүлдірейін деп жүрсің сен тентек, а?!.», – дегенде аузынан жалын шашты.
Бір сәт бәрі жым-жырт бола қалды да, өзі жатқан палатаның терезе жағынан сыңсыған музыка естілді. Селк етіп оянып кетіп, көзін үлкейтіп ашып алды. Бірінен бірі асып түсіп толқындаған түрлі аспаптардың үні құлағына енді анық естілді. Әлдебір таныс әуен, таныс күй елеуретіп әкетіп барады.
«Кең өлкем, әлдилей бер сен деп келем
Аңсап келем, сағынып, шөлдеп келем», – деп шырқырады балапан дауыс.
Ол өзін өзі төсектен жұлып алғандай болды. Біресе бұған, біресе терезеге жүгірген әйелдің көзінен жас парлап жүр. Арса-арса еркектің қолтығынан әрең сүйеп қалды. Терезе алдына екі аттап жетті ме, үш аттап жетті ме, әйтеуір жетті. Сырттан жүгіріп кірген медбике екеуі терезені ашып үлгерді, әлде үлгермеді, білмеді.
Бірақ төменнен сиқырлы таяқшасын мың құбылта сермелеген Нұрғисаны көргені анық. Бір көзімен қызылды-жасылды қалың оркестрдің қарасын да сыдырта шолып өткенін біледі. Оркестрден төгілген музыка екпіндеп, әнші баланың дауысы одан сайын шырқырап, шырқау шегіне жеткенде ол да талықсып кетіп еді.
Алыста, алыста, сон-а-а-у алыста, жан-жағын биік шыңдар мен шоқылар қоршаған Аспантаулар аясында жүр екенмін дейді. Қара жалға қадалып өскен қарағайдай солқылдаған жас шағы болар. Қасындағы әр нәрсеге таңданып қарап, тамсанып сөйлеп тыпыңдаған Ораш шығар. Екеуі Хан-Тәңіріні көреміз дей ме, шалқайып мойындарын созады, шошайтып қолдарын созады.
Тілеулерінен бе, тәлейлерінен бе, осы бір сәтте төргі аспанды тұмшалаған бұлт пердесі қолмен сырғандай жарқ етіп ашылған. Қабырғасы мәрмәр, қыр арқасы құж-құж, етегі шоғыр-шоғыр, басы найзадай тіп-тік тәңір шыңы да көз алдарына жарқ етіп тосылған. Қызылкөз дүние аннан да көзін сатып, мұннан да көзін сатып, тұншығып, тыншығып, қызғаныштың қызыл иті ішін өрттей жалап өліп бара жатқан сықылданған.
Аурухана төсегінің аяқ жағында отырған әйел мүлгіген тыныштықты бұзып, көкірегі қарс айырыла күрсініп кеп жіберді. Білегіндегі қан тамырына ине тығылып, жоғарыдан нәр тамшылаған сырқат оң қабағы бір тартып, сол қабағы бір тартып, селт етіп көзін ашты. Бірінші бетіне төне қарап отырған Лашынды көрді, содан соң есік жақта өзіне сынай қарап тұрған бадамды кісіге көзі түсті.
– Балаларым жас еді… Бітпеген жұмыстарым бар еді… – деп қинала
тіл қатты әлденеге пұрсат сұрағандай.
Бадамды кісі иегімен үстел үстін нұсқады. Онда гүл салынған құмыраға сүйелген күнтізбе тұрған. «27 наурыз, 1976 жыл» деген сан көзіне оттай басылды. «Бәрін түсіндім» дегендей, еш саспастан қанаты жаңа шыққан көбелектей ақырын жып еткізіп кірпігін қақты.

жалғасы бар

А. Оралқызы