- Негізгі бет
- Проза
- Жүсіпбек Қорғасбек. Мұқағали...
Жүсіпбек Қорғасбек. Мұқағали мен Фариза
1.
Таң бұлтсыз атқанмен, күн біртүрлі шағырмақтанып ішін бермеді. Алатаудың иініндегі көріністі неге жорырын білмей, жүзін өткірге қарсы салды. Үлкен үйге кірердің алдындағы бұл қылығы жүрексініп тұрғанға баланған тәрізді.
– Нұрғиса ағадан, Шәмші ағадан сұрасаң болған екен, – деді Лашын
мұның үсті-басына бір қарап алып. – Оларды қалай қабылдады екен, не деп сөйлесті екен?
– Сұрайтын несі бар? – деді Мұқағали омыраулап. – Алды кең кісі ғой.
Қалай жұмыссыз қалғанымды, партиядан неге шығарылғанымды, кітабымның жоспардан не үшін сызылғанын, бәрін жаздым. Қолымда анам, төрт балам бар дедім. Енді соның бәрін өзімнен тәптіштеп сұрай қоймас. Бәрін сыртымнан тексертіп білген шығар. Әйтпесе неге шақыртады?
Биік колонналармен қатарласқанда еріксіз бойларын түзеген. Неке сарайының алдына келгендей, әйелі қысып қолтығынан ұстап алды. Білегін тартып көріп еді, босатқан жоқ. Үміттері жебе ұшына байланған сәтте жүрегін жамбы ғып тігуге бар. «Ау, келін қайда?..» – десе!?.
Бірақ, бұлар келеді, әйелімен келеді деп күтініп тұрған ешкім жоқ екен. Есіктегі қызыл жағалылар жан баласы келді деп менсінген сыңай да байқатпады. Қайта үлкен үйге өмірі келмейтін біреулердің келгенін ұнатпағандай едірейді. Екі қызыл төлқұжаттан басы артық бір әріп іздегендей сонша шұқшиды.
– Сіз кіре беріңіз, – деді Мұқағалиға.
– Сіз осында қалыңыз, – деді Лашынға.
Лашын кіре берістегі үлкен залдан мұздай киінген екі адамды көрді. Әуелі оларды да сақшы екен деп ойлады. Бірақ, біреуін бір жерде көргендей шала шырамытты. Мұқағали соларға барып амандасқанда, өмірі еңкеймеген адам, еріксіз еңкейіп кетті. Аналар иілген де, қиылған да жоқ.
Әр қимылын қалт жібермей аңдып-ақ тұр. Алдымен әлгі түрін шырамытқан адам суықтау бірдеңе деді. Екіншісі де қабағын бір жылытпай сөйледі. Мұқағалидың аузын да аштырған жоқ. Ол тұрған жерінде жалғыз қалып, ана екеуі мәрмәр баспалдақпен аяқтарын маңғаздана басып көтеріліп кетті.
Мұқағалидың бет әлпеті жер болып сазарған. Еріндері көн болып көгерген. Көздері қан толып қызарған. Еті арып, сүйегі сөңкедей қуарған. Ақалақтай алақтаған, аш бөрідей жалақтаған. Ішіне, сыртына шер толған. Күні кешегі бадамды қалпына келе алмай қор болған.
Басқа есік болса, әйеліне жолықпай, сол жақтан шығып кететіндей тыпыршыды. Неғылса да айтарға сөз, қарауға бет жоқ. Құдай, әйелдің алдында қор қылмасын де! Сол оймен баспалдаққа бір ұмтылып тоқтады. «Қайда апарады екен?» деп, оң жақтағы қуысқа бір қарады. «Жоғарыға шығар ма екен?» деп, сол жақтағы қуысқа бір қарады.
– Азамат! – деп қатқыл сөйледі есіктегі сақшылардың бірі. – Сізге ары
баруға болмайды!
Сүметіліп әйелінің қасына келгеннен басқа амал қалған жоқ. Сақшы берген төлқұжатын төс қалтасына сала салды, әлде салған жоқ па, білмеді. Әлде жүрегін, әлде қалтасын, сыртынан сыйпалай берді, сыйпалай берді.
– Таныдың ба? – деді маңыздысы тағдырының қалай шешілгені емес,
маңыздысы ана кеткен кісінің кім екені сияқты болып. – Тілегенов!.. Өзіміздің арамыздан шыққан қара табан жазушы!..
Лашын:
– А?.. – деді де қойды.
– Күрсінбе! – деді Мұқағали.
– Күрсінбеймін! – деді Лашын.
Олар үлкен үйді тастап шыққанда, Құдайдың Күні де Алатаудың иінін арқан бойы артқа тастап үлгерген. Екеуі бір-бірінен біресе алға озып, біресе артта қалып қойып, іркіс-тіркіс келе жатты. Лашынның көгереңдей қыстыққан түрінің қасында оның түрі тіптен жайбарақат көрінді. Жазық маңдайлы, кесек келбетті ақсары кісінің бадамды кескіні құрметпен қарауға әбден лайық еді. Қарсы жолыққандар әйелдің мазасыз кейпіне бір қарап алып, мұнымен ескі таныстарындай жылыұшырап амандасады.
Кенет, солардың біреуі қапталдаса беріп, бұған жол бойындағы қатарласа өскен талдардың арасын нұсқады. Ол нұсқаған және бұл бұрылып қараған жерде бір қолымен талға сүйеніп, теріс қарап бітімі кесек, бірақ сәл теңселіңкіреген бір адам тұрды. Ал жаңа ғана мұның қасында келе жатқан әйел тұла бойы ашу мен өкпеден жаралғандай шарт түйіліп алып, артына бір бұрылып қарамастан қаздаңдап жалғыз кетіп бара жатты.