1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін Бунин Мәскеуден кетіп 2 жылдай Одессада тұрады. Кейін 1920 жылы Вера Муромцевамен Францияға қоныс аударады. Ауыр да азапты ғұмыр кешкен Бунин эммиграцияда жүріп те көп еңбектенеді.
Олар басында Парижге, содан соң Ривьераға келеді. 1922 жылы екеуі үйленеді. Бунин өмірінің соңына дейін большевиктердің көзқарасын қабылдай алмай кетті. Большевиктер саясатын терістейтін "Арсеньевтің өмірі" ("Жизнь Арсеньева") романын 1933 жылы жазды. Бұл оқырман қауым арасында да, сыншылар мен әдебиетшілер тарапынан да жоғары бағаланып, оны даңқа бөлейді. Және осы жылы Швед академиктері "Прозада орыс классикалық дәстүрін шеберлікпен баяндағаны үшін" әдебиет бойынша "Нобель" сыйлығына лайық деп табады. Бірі қызығы, Бунин сыйлық алғанда оған қай елдің атынан алғаны жазылмаған. Себебі Бунин сол жылдары азаматтығы болмаған жазушы еді.
Бунин "Нобель" алғанда тағы бір эмигрант жазушы Борис Зайцев: "Екінші сұрыптағы адамдар – босқындар және сондай босқын жазушыға "Нобельдей" сыйлық беріліп жатыр. Бастысы саяси көзқарасы үшін емес, көркем шығармасы үшін", – деп жазады. Бунин "Нобель" сыйлығына лайық деп табылғанда оған 2 мыңдай хат келген. Және бұл құттықтау хаттары емес, өзі сияқты шетелде жүрген, эмигрант жазушылардан. Қаржылық жағынан қиындық көріп жүрген олар Буниннен ақшалай көмектесуін өтінген. Нобельден ол 725 мың франк алған, (267 309 599.53 теңге) алғашқы айда-ақ оның жартысын көмек сұрағандарға таратып берген. 3 жылдан соң өзі де баяғы кедей қалпына қайта түскен. Ол өмірінің соңына дейін кедейлік қасіретін тартып өтті. Ешқашан жекеменшік үйі болмады.
Нобель естеліктері
Мың да тоғыз жүз отыз үшінші жылдың 9 қарашасы мейірбан Прованстың өзі сияқты ежелгі һәм кешірімді Грасс қалашығында тыныш, шуақты күндерінің бірі болатын. Мен он жылдан бері бұл жерден ешқайда шықпай өміріп сүріп келемін...
Мұндай күндері жұмысым жүрмейді. Бірақ сонда да таңертеңнен жазу үстелінінің қасынан табыламын. Таңертеңгі астан соң да жазуға отырамын. Терезеден сыртқа қарасам, жаңбыр жауатындай күн түнеріп тұр екен. Бүгін жаза алмайтынымды білдім де, кинотеардағы күндізгі сеансқа аттандым.
"Бельведер" орналасқан қырдан түсіп келе жатып, қалаға көз салдым. Көкжиектегі Каннға, мұндай күндері бұлдырап көрінетін теңізге, Эстерельдің тұман жапқан шыңына қарап отырып: "Бәлкім осы уақыттарда Еуропаның бір бұрышында менің тағдырым шешіліп жатқан шығар" деп ойладым.
Кинотеатрға кіріп бара жатып Стокгольмге кеткен ойларым ұмытылды. Үзілістен кейін "Бэби" деп аталатын сайқымазақ басталды. Экранға қарадым: "Александр Ивановичтің қызы Киса Куприна өз рөлін сомдап жатыр. Бірақ қараңғы зал ішінде алаңдаушылықты сездім. Біреу желкеме суық қолын қойды да, толқып құлағыма сыбырлады:
– Стокгольмнен қоңырау шалды..
Осы уақытқа дейін өткен өмірімнің арқаны үзіліп кетті...
Үйге әдеттегіден асығып келе жатырмын. Қиялымда: "Кисаның қойылымын соңына дейін көре алмай қалдым-ау" деген өкініштен бөлек ештеңе жоқ. Маған қазір ғана айтылған хабарға сенбей келемін. Жоқ, сенбеу мүмкін емес. Себебі менің тып-тыныш, мұндай уақытта Грасстың төбесіндегі тауды бауырлай өскен зәйтүн бағынан көрінбей тұратын қоңыр үйім төменнен басына дейін жарқырап тұр. Жүрегім езіліп кеткендей болды... Ғұмырымда бір өзгеріс болғанын сездім...
* * *
Кешкі уақытта "Бельведер"-де телефон қоңыраулары тынбады. Бүкіл Еуропадағы астаналардан біреулер, түрлі тілдерде мені бақырып-шақырып құттықтады, пошта барлық мемлекеттерден (Ресейден басқа!) құттықтау телеграммаларын бірінен кейін бірін жеткізді. Бұл аздық еткендей кешке үйім құттықтаушылар, фотографтар және журналистер толқынына толып кетті.
Сағат сайын, минут сайын көбейіп жатқан құттықтаушылар легі толқып тұр, бәрі бір сөз айтады. Олардың жүзін, есімін жаттап қалу мүмкін емес, қиялымда бәрі араласып кеткен.
Фотографтар құты қашқан бір есуастың суретін әлемге тарату үшін кезектесіп шырақтарын жүзіме қаратып, жарқ-жұрқ етіп жағып жатыр. Бұдан көзім шағылысып қалды. Бір жағынан журналистер сұрақтарға көміп тастады.
– Ресейден қашан кеттіңіз?
–Жиырмасыншы жылдың басынан бері эмигрантпын.
– Қайтып баруды ойладыңыз ба?
– Тәңірім-ау, не үшін қайтуым керек?!
– Сізді "Нобель сыйлығын алған бірінші орыс жазушысы" дейді. Осы рас па?
– Рас.
– Бұл сыйлықты кезінде Лев Толстойға ұсынған екен. Ол бас тартыпты. Рас па?
– Жалған. Бұл сыйлық ешқашан, ешкімге ұсынылмайды. Сыйлықты тағайындау рәсімі қашан да өте құпия түрде жүргізілген.
– Сіз Швеция академиясымен жақын қарым-қатынаста болғансыз ба? Ол жерде таныстарыңыз бар ма?
– Ешқашан, ешкім!
– Қай шығармаңызды сыйлыққа лайық деп тапты?
– Барлық шығармаларым үшін шығар.
– Сыйлықтың берілуін күткен едіңіз ба?
– Тізімдер арасында бар екенімді білдім. Және мені бірнеше рет "Нобельге" ұсынғанынан да хабарым бар. Шығармаларым туралы Book, Osterling, Agrell сынды танымал скандинавиялық сыншылар жылы пікірлер білдіріп, мақала жазғанын оқыдым. Олар Швеция академиясымен жақсы байланыста екенінен хабардар болып, мен туралы менің пайдама бірдеңе дейтіндерін шамаладым. Бірақ ештеңеге қатты сенген емеспін.
– "Нобель" сыйлығын тапсыру шарасы әдетте қалай өтеді?
– Әр жылы белгілі бір уақытта: оныншы желтоқсанда.
– Демек, сіз сол уақытта Стокгольмге баруыңыз керек?
– Бәлкім, ертерек баратын шығармын. Ұзақ саяхатқа шығудың рахатын ертерек сезінгім келеді. Эмигрант ретінде құқықсыздығым, барлық эмигранттар сияқты "виза" деген нәрсенің қиындығынан, міне, 13 жыл болды шетелдерге шыға алмаймын. Тек бір рет Англияға барып келдім. Бұл бір кездері әлемді кезген мен сияқты пақырға өте ауыр.
– Скандинавия мемлекеттерінде болғансыз ба?
– Жоқ, әлемді араладым. Бірақ сапарларым Солтүстік және Оңтүстікке арналатын. Шығысты болашаққа қалдырып қойған едім...
Сөйтіп, мені күтпеген құдіретті толқын ала жөнелді. Бұл толқын мені тауға да, тасқа да ұрып, дәрменсіз жаңқаның күйін кештірді. Таңертеңнен кешке дейін тыным жоқ. "Нобель" сыйлығының әрбір лауреаты айналасында болатын сапырылыстан бөлек, мен әлемдегі ешқандай лауреат кездеспеген хәлге душар болдым: мен эмигрантпын, бүкіл әлемді "таңғалдырған" Ресейден шыққан жазушымын. Стокгольмнің бұл шешімі Ресей "сезімдерін" қорлаған һәм кемсіткен ұлттық деңгейдегі оқиға болды.
* * *
Үшінші желтоқсаннан төртінші желтоқсанға өтетін түні Парижден алыста едім. "Норд" жүрдек пойызы, бірінші класты жеке купе. Ехе-хей, неше жыл болды мұндай сапардың иісін сезінбегелі. Түнжарымда Германияға келдік. Пойыздың соңғы вагонындағы тамбурда тұрмын. Айдың әлсіз жарығымен вагон жанынан, пойыз астынан Ресейді есіңе салатын көріністер атып шығып артта қалып жатыр. Олар қар астындағы жазық дала, қабағын қар басқан ағаштар еді...
Таңда Ганноверге жеттік. Ұйқыдан тұрып, пердені ашсам терезеге қырау тұрыпты. Рельстерді де қырау қаптаған. Платформада өтіп жатқан адамдар тымақ, ішік киген. Мұндай көріністі көрмегелі біраз жылдар болды. Жүрек ұмытпайды екен!
Кешке біздің пойызды "Густав V" параходына тиеп, Швеция жағалауына қарай алып кетті. Тағы да сұрақтарға жауап беру, көз алдыңда фотограф шамының тынымсыз жарқыл-жұрқылы...
Швецияда мен түскен вагонды фотографтар мен журналисттер тобы қамап алды. Олар мені түнжарымына дейін босатпады. Түнде жалғыз қалдым. Терезе сыртынан қалың, әппақ қарға оранған момын орман көрінеді. Мен болсам жып-жылы купедемін, баяғыдай Николаев жолымен кетіп бара жатқан сияқтымын...
* * *
Лауреатқа сыйлық беру рәсімі 10 желтоқсанда, кешкі сағат 17:00-де басталады.
Сол күні мен жатқан бөлменің есігі әдеттегіден ерте қағылды: "Сегіз жарым болмай тұрып оятыңдар" деп ескерткен едім. Орнымнан атып тұрып бүгін қандай күн екендігін есіме алдым. Ең маңызды күн! Сағат – 08:00. Солтүстік таңы атып келе жатыр. Тереземнен көрініп тұрған көпір шамдары әлі өшпеген. Стокгольмдегі сарайлар, шіркеулер, мұнаралар маған Петербургты есіме салды. Таң мен күн бату кезінде бұл қала құдды ертектегідей болып кетеді.
Мен күнді ерте бастауым керек: 10 желтоқсон – Альфред Нобель қайтыс болған күн, оның һәм жиені Эммануэль Нобельдің басына гүл шоқтарын қою ләзім. Кеш жатқан едім. Қазір киініп жатып дірілдеп тұрмын. Ыстық, ащы кофе, басталып келе жатқан аязды күн, кешкісін мені күтіп тұрған салтанатты кеш – бәрі мені қайтадан сергек қалыпқа түсірді...
Салтанатты кешке шақыру қағазы лауреаттарға бірнеше күн бұрын жіберіледі. Ол (француз тілінде жазылған) шведтердің барлық рәсімдеріндегідей анық, дәлдігімен ерекше: "Құрметті лауреат "Нобель" сыйлығын алу үшін 10 желтоқсан күні сағат 16:50-ден бір минутта та кешікпей Концерт залында болыңыз. Ұлы патша, оның жанұясы және сарай қызметкерлерімен бірге Залға келіп, салтанатты шараға қатысасыз және 17:00-де әрбір "Нобель" сыйлығы иегеріне сыйлық тапсырылады. Содан соң Зал есіктері жабылып, кеш басталады".
Шведтердің шақыруына 1 минут кешігіп немесе 2 минут бұрын баруға болмайды. Сол үшін сағат 15:00 болмай тұрып киіне бастадым. Оқыс жағдай болып қалудан сақтандым. Мысалы, фрак-жейдемнің түймесі әдеттегідей жоғалып қалуы мүмкін.
Сағат 16:30-да жолға шықтық.
Мұндай кезде қала шамдары лауреаттар құрметіне, бір жағынан жақындап келе жатқан Жаңа жыл мен Рождество мерекесіне байланысты әдеттегіден де жарқыратып қойылған. Сыйлықты тапсыру рәсімі өтетін "Музыка үйіне" қарай ағылып жатқан машина легінің көптігінен біздің тері қалпақты аюдай жүргізушіміз жол табуға қиналып қалды. Тек бір керуен болып келе жатқан лауреаттарды көрген полицияшы басқаларды тоқтатып қойып, бізді өткізе бастады.
Біз, лауреаттар да "Музыка үйіне" ағылған аламанмен бірге кірдік. Бірақ вестибюльде бізді бөліп алып, басқа жолмен алып кетті. Сол үшін эстрадаға шыққанға дейін, парад залында не болатынын адамдардан естіп біліп алдым.
Зал кеңдігі, биіктігімен адамды таңғалдырады. Айнала гүлмен безендірілген, адамдар құмырсқа ұясындай құжынап жүр, меруерт, гауһартаспен көмілген жүздеген әйел көйлегі, жүздеген фрак, жұлдыздар, ордендер, түрлі-түсті ленталар мен салтанатты шара белгілері... 16:50-де уәзірлер тобы, дипломаттар, Швеция академиясы, Нобель комитеті мүшелері және басқа да шақырылған қонақтар орындарына жайғасып, күтіп отыр.
Дәл 17:00-де фанфара ойналып, монарх келе жатқандығы туралы хабар берілді. Фанфара даусынан соң аспаннан әнұран ойналды да әуенмен бірге Залға монарх – мұрагер ханзада мен корольдік отбасы мүшелері кіріп келді. Оның артынан ханзада қызметкерлері кірді. Біз – 4 лауреат бұл кезде эстрадаға жақын кіші залда күтіп тұрдық.
Міне, біздің де шығатын уақытымыз келді. Эстрададан тағы фанфарлар дауысы естілді. Біздің өмірбаянымызды оқыған академиктер артынан ілестік. Мен бірінші болып баяндама жасайтын болғандықтан эстрадаға (сахна төрінде лауреаттар отыратын орын) соңғы болып шықтым. Мені академияның хатшысы Пьер Гальстрем бастап апарды. Осы жерде залда отырған адамдардың соншалықты әсем киінгенін көріп қайран қалдым. Лауреаттарға барлығы, корольдің өзі, швед академиктері, комитет мүшелері орнынан тұрып құрмет көрсетті.
Эстрада үлкен екен, ұсақ табиғи гүлдермен безендіріліпті. Оң жағына академиктер үшін, сол жағындағы бірінші қатарға лауреаттар үшін 4 орындық қойылыпты. Жоғарыдағы қабырғадан Швецияның ұлттық туы төгіліп тұр. Әдетте эстрадаға лауреат атанған азаматтардың мемлекеттік туы ілінеді. Менің құрметіме қандай ту ілінген екен деп жоғарыға қарадым. Себебі КСРО байрағы ілінбейтінін білетінмін. Менің құрметіме Швеция туы ілініпті. Асыл іс!
Салтанатты рәсімді "Нобель" төрағасы ашты. Ол ханзаданы және лауреаттарды құттықтап баяндамашыға кезек берді. Ол бүкіл сөзін Нобельге арнады. Себебі биыл оның туғанына 100 толды. Содан соң әрбір лауреатты құттықтаған баяндамалар оқылды. Әр лауреатқа арналған баяндама оқылған сайын, баяндамашы сол лауреатты патша қолынан сыйлықты алуға шақырып отырды. Сыйлық – "Нобель" дипломы салынған папка және үлкен алтын медаль салынған құтыдан тұрады. Медальдің бір бетіне Альфред Нобель суреті салынған да екінші бетіне лауреаттың аты-жөні ойып жазылған.
Антрактта Бетховен және Григ музыкалары ойнады.
Григ мен сүйіп тыңдайтын композиторлардың бірі. Пьер Гальстрем мен туралы баяндаманы оқудан бұрын Григ сазын сүйсініп тыңдадым.
Баяндаманың соңы мені толқытып жіберді. Гальстремнің сөзі әдемі болуымен қатар жүректен шыққан лебіздер еді. Ол баяндамасын бітіргеннен кейін маған қарап жылы жымиып, француз тілінде:
– Иван Алексеевич Бунин, құрметпен залға түсіп, Ұлы мәртебелімнің қолынан Швеция академиясы сізді лайық көрген 1933 жылғы сыйлықты қабыл алыңыз.
Содан соң мен залдағы тыныштық бақылауында эстрададан баспалдақтармен төмен түсіп, патшаға бардым. Ол мені қарсы алды. Бұл уақытта залды толтырып отырғандар демін ішіне жұтып, ұлы мәртебелі маған не дейтінін, оған менің не деп жауап қайтаратынымды күтіп тұрды.
Король мен және мен арқылы бүкіл орыс әдебиетін аталған сыйлықты алуыммен құттықтап, аса құрметпен қолымды алды. Мен оған иіліп, француз тілінде:
– Ұлы мәртебелім, менің шын жүректен білдірген ризашылығымды қабыл алыңыз.
Дауысым шапалақтар арасына көміліп кетті.
Король лауреаттарды салтанатты кештің ертесіне өз сарайында қабылдайды. Ал бүгін салтанатты кеш біткенен кейін Нобель комитеті ұйымдастыратын кеш басталады.
Бұл кешке ханзаданың өзі басшылық етеді.
Барған кезімізде академияның барлық мүшелері, король үйі мүшелері, сарайдағылар, дипломатикалық корпус т.б бізді күтіп тұр екен.
Салтанатты кеш дастарханына бірінші болып менің жұбайым мен ханзада жұп болып жақындады, одан кейінгі менің орным ханшайым Ингрид (ол қазір Дания ханшайымы) қасында екен. Маған қарама-қарсы корольдің інісі ханзада Евгений отырды (айтпақшы, ол Швецияның ең танымал суретшілерінің бірі).
Ханзада (қалға) кештің дастарханын ашып, Алфред Нобель құрметіне арнап, өте әдемі сөйледі.
Кейінгі сөз лауреаттарға берілді.
Ханзада өз орнында тұрып сөйледі. Лауреттар болса кеш беріліп жатқан залдың төріне қойылған, Швецияның ежелгі зергерлік тәсілімен жасалған үлкен мінбер үстіне шығып сөйлейді. Радио біздің сөзімізді міне, осы мінберден алып, бүкіл Еуропаға таратады.
Менің француз тілінде сөйлеген баяндамамның толық мәтіні мынадай:
"Ұлы мәртебелім, құрметті ханымдар мен мырзалар! Провансальдің ежелгі қалашығындағы маған телефон қоңырауы Швеция академиясының шешімін жеткізді. "Бұл менің өмірімдегі ең әсерлі оқиға болды" деген әдеттегі сөздерді сіздерге айтсам құрметсіздік білдірген болар едім. Ұлы философтардың бірі айтқандай: "Қуаныш қаншалықты күшті болмасын, ол соншалықты қайғы алдында түк те емес!" Өмірімде өшпес із қалдырған осы мерекеге қайғыны араластырғым келмесе де, менің соңғы 15 жылдағы тартқан азабым бүгінгі қуанышымнан салмақты" деп айта аламын. Бұл қайғы жеке қайғы емес, басқаша! Бірақ бір нәрсені сеніммен айта аламын, менің жазушылық өмірімдегі қуаныштар ішіндегі заманауи техниканың кішкентай ғажайыбы телефонның Стокольмдан Грассқа жеткізген хабары ең үлкен қуаныш болды. Сіздердің отандастарыңыз Альфред Нобельдің әдебиет үшін тағайындаған сыйлығы жазушының ең үлкен атағы! Атаққұмарлық барлық адамға, әрбір авторға тән қасиет. Және мен жауапкершілігі мол, қатал төрешілердің қолынан осы сыйлықты алғаныма мақтанамын.
Бірақ, сол тоғызыншы қарашада өзім туралы ойладым ба? Жоқ, ойламадым. Егер ойласам, бұл өте жиіркенішті болатын еді. Алғашқы құттықтаулар, телеграммалар ағымынан соң, түнде жалғыз қалып Швеция академиктері шешімінің маңыздылығын ойладым. «Нобель» сыйлығы тағайындалғаннан бері сіздер алғаш рет оны өз отанынан қуылған адамға бердіңіздер. Мен кіммін? Францияның қонақжайлылығын пайдаланып, оған деген алғысын жүрегінде сақтап жүрген бір босқынмын. Академияның құрметті мүшелері, өзімнің жеке басымды, шығармаларымды бір шетке ысырып қойып, сіздердің бір ишараларыңыз қандай маңызды һәм ғажайып болғандығы туралы айтайын.
Әлемде жеке салалар болуы керек. Осы үстел айналасында түрлі көзқарастардың философиялық және діни өкілдері отыр. Бірақ бәрінің басын біріктірген бір нәрсе бар. Ол – ой мен ар-ождан еркіндігі! Біз оған өз мәдениетімізбен қарыздармыз. Жазушы үшін мұндай еркіндік – аксиома. Ал сіздердің ишараларыңыз, академияның құрметті мүшелері, еркіндіккке деген махаббат Швецияның нағыз ұлттық мәдениетті екендігін аңғартады.
Баяндамамды аяқтау алдында мынаны айтып өтейін: сіздердің корольдік үйіңізді, мемлекетіңізді, халқыңызды және Швед әдебиетін бүгіннен бастап жоғары бағалап отырған жоқпын.
Өнер һәм әдебиетке деген махаббат Швеция корольдік үйі үшін де, халқыңыз үшін де бұрыннан келе жатқан дәстүр болған. Даңқты жауынгер негізін қалаған швед әулеті – әлемдегі ең әйгілі әулеттердің бірі.
Ұлы мәртебелі патша, рыцарь-халықтың рыцарь-ханы! Бөтен жұрттан келген, Швеция академиясының назарын өзіне аудартқан еркін жазушының шын жүректен шыққан тілегі мен алғысқа толы лебізін осылай айтуға рұқсат етіңіз!"
1933 жыл.
Аударған: Тұрсынбек Башар