- Негізгі бет
- Проза
- Испанияның ұлттық драматургиясы...
Испанияның ұлттық драматургиясы дәстүрлерін әрі қарай жалғастырушы
Испаниялық драматург Хасинто Бенавенте-и-Мартинес 1866 жылы 12 тамыз күні Мадридте өмірге келген. 1882 жылы Мадрид университетінің заң факультетіне оқуға тапсырған. Хасинто әкесінің өлімінен кейін оқуды тастап, өзін біржола әдебиетке арнайды. Бірнеше жыл шығармашылықпен айналысып жұмыссыз жүреді де, кейін театрға актер болып барады.
"Фантастикалық театр" аталатын алғашқы кітабы қысқа драмалық диалогқа құрылған еді. Бір жылдан соң өлеңдерін баспадан шығарған жазушы біраз уақытын әйелдердің психологиясын зерттеуге жұмсайды. Соның нәтижесінде "Әйелдердің хаты" ("Cartas de mujeres") деп аталатын романын жазып шығады.
Өз оқырмандарын тауып, танымал бола бастаған Хасинто Бенавенте "1898 жылдардағы ұрпақ" ұйымының жетекшісіне айналады. Бұл ұйымның ақын-жазушылары "Испания-Америка" соғысынан жеңіліп қалған мемлекеттің абыройын қайта тіктеуді өздерінің басты міндеті деп санайды.
Жазушы 1899 жылы осы ұйымның бас демеушісі болған "Әдеби өмір" журналының басшысы болып тағайындалады. 1901 жылы жазған "Губернатор" ("La gobernadora") пьесасында провинциялық қалашықтағы жемқорлыққа қарсы өз көзқарасын білдірсе, 1906 жылы жазған "Ханшайым Бебе" ("La princesa Bebe") сатиралық пьесасында демократияға ақсүйектік көзқарасты қарама-қарсы қояды.
Бенавенте Мартинес шығармашылық адамы ретінде әмбебап болған. Ол түрлі жанрда: трагедия, комедия, драма, балаларға арналған пьеса, ертегілер, шығыс тәсілінде драмалық шығармалар жазған.
1908-12 жылдар аралығында апталық "Әділет" газетінде жұмыс істегенде бірде-бір шығарма жазбапты. Тек 1913 жылы жазған "Сезімдерге шыдамды қыз" ("La malquerida") пьесасы драматургке АҚШ-та біраз танымалдық әкеліп, бүкіл штаттарда 2 жыл бойы сахналанады. Бұл кейін оның "Нобель" сыйлығын алуында маңызды рөл ойнады.
1920 жылы жазушы Испания мемлекеттік театрына бас режиссер болып барады. Сол жылы Мемлекет парламенті сайлауына өзін ұсынғанымен аз дауыс жинап ұтылып қалады. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында оның шығармашылығы біраз төмендеп, 4 жыл бойы бірде-бір пьеса жазбайды. Таңқаларлығы сол, дәл осы уақытта яғни 1922 жылы Хасинто Бенавенте-и-Мартинеске Швед академиктері "Испанияның ұлттық драматургиясы дәстүрлерін әрі қарай жалғастырғаны үшін" "Нобель" сыйлығын тапсырады.
Сыйлықты тапсыру рәсімінде жазушының өзі келе алмағандықтан оны Швециядағы Испания елшісі қабылдап алады. "Нобель" сыйлығынан соң Мартинес Испанияның ең үлкен сыйлығы "Дана Альфонс" медальімен марапатталады да, Мадридтің құрметті азаматы атанып, тағы да шығармашылыққа оралады. Бірақ оның "Нобель" сыйлығын алғаннан кейін жазған шығармалары "Нобель"-ге дейінгілерінен біраз нашар дейді әдебиеттанушылар.
1944 жылы драматургтың шығармашылығына 50 жыл толу мерейтойына әлемнің әр түкпірінен құттықтау хаттары келіп, Испанияның барлық театрларында оның пьесасы қойылады. Арада 4 жыл өткен соң, журналистикада берілетін "Мариано Кавиа" сыйлығымен марапатталады.
Хасинто-Мартинес үйленбеген. Өмірінің соңына дейін театр үшін пьсалар жазды. Ол 1954 жылы Мадридте жүрек талмасынан қайтыс болды.
Т. Раушанұлы