- Негізгі бет
- Проза
- Ештеңе білмейтін данышпан...
Ештеңе білмейтін данышпан
Бұл соттың өткеніне 24 ғасырдан асты. Сонда да адамзат есінен шыққан жоқ. Себебі, 70 жастағы данышпанды өлімге қиған дүние жүзі тарихындағы ең әділетсіз сот ретінде тарих беттерінде жазылып қалды. Бұл қателіктің құрбаны кейінірек есімі барлық халықтар мен ұрпақтар үшін данышпандық символына айналған Сократ еді.
Сократ біздің заманымыздан бұрынғы 470-469 жылдары афиналық мүсінші Софриникс пен Фенеретта жанұясында өмірге келген. Патрокл есімді інісі, Ксантиппа есімді жұбайы, 3 ұлы болған. Кейбір жазбаларда оның жұпыны ғұмыр кешкендігі айтылады. Үстіне ескі матадан тігілген киім киіп, жалаңаяқ жүрген екен. Көп уақытын көшелерде адамдармен сұқбаттасып өткізуді жақсы көрген. Кез келген сұқбаттасын терең мағыналы сұрақтар қойып, тығырыққа тіреу оның сүйікті әдеттерінің бірі болған. Қайсібір мәліметтерде оның алып-сатарлықпен айналысқандығы, 3 соғысқа қатысқандығы айтылады.
Ең ғажабы Сократ өмірінде қолына қалам ұстамаған жан. Оның өсиеттері мен философиялық ойларын кейін шәкірттері қағазға түсірген.
«Мен ештеңені білмейтінімді білемін» деген сөздер Сократтың өміріндегі ұдайы айтып жүретін ұраны болған. Сондықтан болар ол ақылды адамдарды іздейді, олармен сұқбаттасуға қашан да ынтық болады. Алдымен, ол жоғары лауазымдағылармен дос болуға ұмтылады. Бірақ олардың менмендігі Сократтың күлгісін келтіреді. «Мен ештеңені білмейтінімді білемін, мыналар соны да білмейді екен» деп қатты сынға алады. Кейін сұқбаттастарын ақындардың ортасынан іздейді. Бірақ ол жерден де өзімен тең сөйлесетін адам таппайды. «Олар кәсіптерін жақсы білгендіктен өздерін ақылды санайды» дейді Сократ.
Міне, осындай білімдарлық данышпанның басына таяқ боп тиеді. Оның білімдарлығы өздерін ақылды санайтындарға жақпайды. Әсіресе, Афина билік басындағыларының алаңдаушылығын туғызады. Қарапайым халықтың көзін ашып, олардың арасында абыройы асқақтап бара жатқан Сократқа үкіметтің өзі қарсы шығады. Сократты демократияға қарсылықта, жастарды теріс жолға түсіруде және халық сыйынып келген құдайларды менсінбей, жаңа құдай жаратуға талпынғандықтан айыптап сотқа береді.
Сотта Анит Мелит, Лекон есімді адамдар данышпанды қатты айыптап, соттан өлім жазасына кесуді сұрайды. Данышпан болса, өзін қорғаудың орнына оларды мазақ етеді. 501 сот мүшесінің 281 данышпанға қарсы дауыс береді. Кейін қарсы дауыс берушілер 361-ге жетіп Сократты өлім жазасына кеседі.
Сот отырысы біткен cоң, достары данышпанға түрмеден шығып қашуды ұсынады. «Мен, - себебін түсіндіріп данышпан, - өмір бойы заңды, мемлекетті, отанды құрметтеп осы дәрежеге жеттім. Енді ажалға бетпе-бет келгенде неге оларды тастап қашуым керек. Егер, заң мен үкімет маған ұнамаған болса, бұрынырыақ кетуім керек еді немесе оларға қарсы күресуім керек еді. Мен мұның бірін де істемедім. Енді заңға мойынсұнуым керек» дейді философ.
Ол уәдесіне берік адам болатын. Бірақ, данышпанды жендет емес, өз ықтиярымен бір кесе у ішіп заманымыздан бұрынғы 399 жылы түрмеде қайтыс болады.
Антика дәуірінде өз ортасына сыймаған данышпанның аянышты тағдыры міне осылай. Афина халқы кейін қателікке бой алдырғанын түсінді. Мелет өлім жазасына кесіліп, Анит пен Ликон қаладан қуылады. Сократқа қола мүсін орнатады. Бірақ, ешкім «Халайық, оны жалдамалы жендеттер емес, өзіміз өлтірдік емес пе?» деген сұрақ ешкімнің ойына да кіріп шықпады.
Т. Раушанұлы