Ең күлкілі сот үдерісі: Адаммен соттасқан маймыл

Ең күлкілі сот үдерісі: Адаммен соттасқан маймыл
Фото: vk.com

Фотограф-натуралист Дэвид Слейтер мен Наруто аталатын маймыл арасында болған сот адам  құқығын қорғап шықты. Слейтерді шын мәнісінде сотқа берген маймылдың өзі емес, PETA зоо ұйымы болатын.

Осы іске қатысты сот үдерісі екі жылға созылған. Америка соты маймыл селфи суреттерге иелік ететін тұлға ретінде қарастырылмайтыны туралы шешімге келді. Сот фотограф пайдасына шешілсе де, Слейтер мырза суреттен түскен қаржының ¼ пайызын Наруто өмір сүретін ұйым шотына жіберетінін айтты.

Бұл оқиға 2011 жылы басталған. Индонезияға барған сапарында  Слейтер мырза жергілікті Сулавеси ұлттық паркіне бас сұққан. Ондағы жануарларды сурет пен видеоға түсіру үшін аппараттарын құрып жатырған кезде бір маймыл оның камерасын қағып алып, бірнеше селфи жасап үлгерген.  Жануар бұл әрекетті әдейі жасамағаны анық. Не болса да, камераның тетігін баса бергеннен бірнеше сәтті сурет шықса керек. Кейін Слейтер сол суреттерді өзінің "Тірі табиғат" аталатын кітабына енгізеді. Ал, аталған селфи ғаламторға жүктелген кезде нағыз фурор болған.

Бұны сырттай бақылаған PETA ұйымы 2015 жылы Нарутоның атынан сотқа өтініш жазады.  Бұл ерекше сот ісі "Наруто Дэвид Слейтерге қарсы" деген атаумен белгілі болды. Жануар құқығын қорғаушылар суреттен түскен қаржының барлығы оның шотына өтуін талап еткен.

Бұл адамзат тарихыындағы ең күлкілі сот отырыстарының бірі болды. Үдеріс кезінде сот залында күлмей отыруға мүмкіндік болмапты. 

А. Оралқызы