Дулат Исабеков. Мәңгілік қағида

Дулат Исабеков. Мәңгілік қағида
Фото: massaget.kz

Бүгін – қазақтың белгілі жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтің дүние есігін ашқан күні. Жазушы 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған.

Еліміздің мәдениет, әдебиет салаларында бірқатар айтулы қызметтер атқарған. Оның "Тіршілік", "Дермене", "Гауһартас", "Сүйекші", "Қарғын", "Бонапарттың үйленуі", т.б. секілді романдары мен повестері һәм әңгімелері халықтың ыстық ықыласына бөленген шоқтығы биік шығармалар. "Дермене" (реж. А.Әшімов, 1986), "Тауқымет" (реж. Ұ.Қолдауова), "Гауһартас" (реж. Ш.Бейсембаев, 1975) көркем фильмдері түсірілген. Жазушының туған күніне орай Массагет порталы "Мәңгілік қағида" әңгімесін оқырман назарына ұсынады.

Дулат Исабеков оқуға ұсынған 10 кітап

Бұл әңгімеде жас жеткіншек Андастың аянышты халге душар болғандығы жайлы айтылады. Бүкіл ғұмырында не көрсе де, үнсіз көріп, көндіккен Андас басына түскен ауыр тауқыметті көтеруге тағы да үнсіз келіседі. Жалғыз тірегі – осы үнсіздіктен құтқаратын, көңілін жылытатын тəтті арманын да аяусыз суық қолдар мəңгілік мəңгі тартып алғандай. Əңгіменің "Мəңгілік қағида" деп аталуының себебі де автор танымынан туындаған ой-өрнегіне келіп саяды.

Мәңгілік қағида
(әңгіме)

...Сонымен,  бәрі  де  бітті.  Екі  айға  созылған  алдын  ала  тексеру, куәлардан жауап алу, тексеру изоляторында отырған үміт пен өкінішке толы күндер, адвокаттың мұны ақтап алмақ болған әрекеті, бәрі-бәрі артта қалды. Ол сот процесі өтіп жатқан ең соңғы сәтке дейін еркіндіктен үмітін үзбеп еді.

Үкім жаңа ғана оқылды. Үкім оқылып жатқанда бостандықтың есігіне қол созым ғана қалғандай, сол есікке тезірек жетуге асығып, соттың ең соңғы сөйлемді тезірек оқуын тағатсыздана күтіп, жүрегі тайдай тулап тұрды. Кенет... Барлық үміт пен алданыш қас-қағым сәтте ойран боп шыға келді.

– «...Айыпкер  Андас  Аяпбергенов  Қазақ  Республикасының қылмысты істер жөніндегі статьясының N6-тармағына сәйкес қылмысты деп табылып, алты жыл бас бостандығынан айырылсын. Жазаны өтеудің алғашқы екі жылы балалар колониясында ал, айыпкер он сегізге толған соң  қалған  төрт  жылы  ересектер  түрмесінде,  жалпы  ережеге  сәйкес өткізілсін...»

Ол камераға қайтып келген соң барып есін жиды. Соттың манағы үкімінен соң-ақ қақпағы тарс жабылған зындандай төңіректі басқан қою қараңғылық пен ақырзаман азасындай басын мең-зең еткен ретсіз шуыл бірте-бірте  сейіліп,  көз  алдына  өткен  өмірі  мен  болашақ  тіршілігінің айқын көріністері келе бастады. Қара түнекті бірте-бірте алмастырып келе жатқан буалдыр сағым арасынан ол әуелі қарақұрым боп жиналып тұрған дүйім жұртты көрді. Алғашқы сәтте олардың кімдер екенін, неге құжынап жинала қалғандарын, жүздерінің неліктен көңілсіз екендігін түсіне алмай біраз жатты да, сол құжынаған топтың алдыңғы жағында отырған анасы мен әпкесін және екі інісін көріп, олардың сот залына жиналған адамдар екенін еске түсірді. Әне, енді анық көрінді. Анасы ебіл-дебіл жылап отыр. Сот үкімі оның да есін тандырып кетсе керек, әпкесі оны бір қолымен құшақтап, екінші қолымен көзінен сорғалаған жасын  тынымсыз  сүртуде.  Анасының  ұлы  қайғысы  өз  қайғысынан әлдеқайда ауыр екенін сезгендіктен бе, әлде, екі айға созылған үміт сәулесі қас қағым сәтте түнекпен алмасып шыға келгеніне оның әлсіз жүрегі төзе алмас деп қорықты ма, әпкесі Зүбайра өз көзінен сорғалаған жасын еркіне қоя беріп, сүртуге де әрекет жасамайтын сияқты. Ал, бірі он, екіншісі сегіз жасар үйелмелі-сүйелмелі екі інісі болса көздері жасаурап, жүздері сұрланып, қимылсыз қатыпты да қалыпты. Екі інісінің жасаураған көзі мен сұрланған жүзінен ол дәрменсіздіктің, қорғансыздық пен мүсәпірліктің анық пайда болып үлгірген нышандарын көріп, жүрегі біз қадалғандай шым ете түсті. Ол өзінің олардан үлкен екенін, оларға аға екенін алғаш рет сезінді.

Анасы Биғанымды айтсаңшы. Осы өмірінде о байғұс не көрмеді десеңші? Күйеуін жерлеу, төрт баламен жесір қалу, төрт баланы оқыту, өсіру, әр күнін тиын санап өткізіп келе жатқан ит тіршілік. Енді кеп міне, баласының абақтыға айдалғанын көру...

Қалай  еді,  бәрі  неден  басталып  еді  өзі?  Қарғыс  атқыр  сол  бір жексенбі!.. Бәлкім сол күні әпкесі мен анасының сөзін естімесе, егер көршілері дәл сол күні үйінде отырған болса... «Ұрлыққа түспегенде басқалар секілді мен де бостандықта жүрер едім-ау, – деді ол ішінен. – Ұрлыққа түспегенде!.. Жалпы, ол мүмкін бе еді? Ұрлыққа түсу ниеті, сол күні ғана пайда болып па еді?» Өз ойына өзі терең үңіліп қараса біреудің бірдеңесін ұрлау деген ниет сонау бала кезден, тіпті, бесінші класта жүргенде-ақ пайда болып еді ғой. Сол ой алтыншы, жетінші, тіпті, ол бірінші класта жүргенде де көңіл түкпірінен жойылып кетпеген-ді. Бірақ, ол ойды жүзеге асыра алмаған: не реті келмеді, не ұялды, қала берді қорықты да.

Бұл  бірінші  класқа  барған  жылы  әкелері  асқазан  рагінен  қайтыс болды.  Әкелері  ежелден  дімкәстау  болды  да,  күнделікті  тіршіліктің мұқтажынан асырып дүние де таппаған еді. Өзі көз жұмғанда кір басқан сақтық кітапшасында он бір сом қырық тиын ғана қалған-ды. Бұлар жетімдік пен жоқшылық тақсыретін бірден тартты. Алғашында алыс-жақын, ағайындары келіп-кетіп, реті келгенде қол ұшын беріп тұрып еді, әкелерінің жылы өткен соң олардың да  іргелері  бірте-бірте алшақтап, ақыры мүлде хабарласпайтын болды. Сөйтіп, «өмір» деп аталатын осынау қатыгез де тұңғиық мұхитта бұлардың кішкене ғана қайығы ешқандай бас  иесіз,  ешқандай  жанашырсыз  қалт-құлт  етіп  жалғыз  жүзіп  кете барды. Ол шиеттей мына балаларды «есею» деп аталатын есебі жоқ алыстағы үміт жағалауына аман-есен жеткізе ала ма, жоқ әлде алда жолығатын мың-сан дауылдың бірінде төңкеріліп қала бере ме, ол жағы бір тағдырға ғана аян-ды.

Кішігірім автопаркте диспетчер боп істейтін анасы Биғанымның ақшасы бұлардың тек «аштан өліп қалмауы» үшін ғана жететін. Оның алатын жүз жиырма сомы бесеуіне бөлгенде жиырма төрт сомнан келуші еді, яғни, күнге шаққанда бір сомға да жетпейді. Ал, бәріне киім керек, оқу-құрал керек, мектепке алып кететін тиын-тебен тағы қажет. Кейде ол балаларын мектепке аттандыру үшін тиын таппай қатты күйзелетін. «Құдай-ау, сендерді қайдан ғана туып едім!» деп еденге отыра ғап ебіл-дебіл жылаушы еді. Балалары үн-түнсіз шығып кетеді. Қиындықпен, жоқшылықпен, қорлықпен іштей келіскен, қу тақыр кедейлікке көндіккен үнсіздік.

Қара су, қара нанды қорек еткен осындай күндер өтіп жатты. Бала болған соң олардың өз оқиғалары болмай тұра ма? Бірігіп серуенге шығу, туған күндерін құттықтау, сүйікті мұғалімдеріне мереке сайын гүл сыйлау, газды су, балмұздақ, мектеп буфеті... Бұл үйдің балалары ондай «артық  салтанаттың»  бір  де  біріне  қатыспайтын.  Олардың  осындай мінезіне үйренген өзге кластастары да бұларды туған күн, басқа да толып жатқан той-томалақтарына шақырмауды үйреншікті әдетке айналдырып алған-ды.

Бір күні алтыншы класта оқитын Зүбайра үйге қуанып кірді. Қолында сары қағазға оралған үлкен бумасы бар. Даладан мәз-мейрам боп күліп кіру бұлардың үйінде кезігетін аса сирек құбылыс еді. Ол күліп кірген соң өзгелер де жадырап сала берген.

– Күнім-ау, не болды? – деп кешкі ыстық қауметтің қамымен күйбеңдеп жүрген Биғаным оның алдынан жүгіре шықты.

– Міне! – ол қолтығына қысқан буманы анасына ұстатты.

– Бұл не?

– Пальто. Қыстық пальто!

– Қыстық пальто?! – Оны қайдан алдың, кім берді?

– Бірге оқитын балалар. Кластас достары жиналып, оған қыстық пальто сатып алып беріпті. Сол сәтте олар қуанды. Сол түні Биғаным үнсіз жылады. Анасының жылап жатқанын және оның жылау себебінің түпкі төркінін енді ғана түсінген Зүбайра да көз жасына ерік берген-ді. Сөйтіп, екі әйел, дүниеге шыр етіп келгенде бақыт пен жақсылықты ғана дәметіп келген екі әйел алдарынан тағы кездескен қорлық пен езгіге шыдай алмай тағы жылады. Бұрын Биғаным жалғыз жылаушы еді, енді оған серік боп қызы қосылды. Осындай кезде Андас тез есейіп, тіпті, бір түннің ішінде жігіт боп, ертесіне әлдеқайдан буда-буда ақша әкеліп үй ішін жоқшылық құрсауынан суырып алғысы келетін. Қырсық қылғанда тырысып уақыт та тез өтпей қойды. Бір күнінен бір күні ауыр сүреңсіз өмір ілбіп жалғаса берді. Ол түнді жақсы көретін. Көзін жұмып алып сан түрлі тәтті қиялдарға шому қандай рахат! Ол тау-тасты аралап жүріп алтын көмбеге де кезігеді, немесе мың лотерея алып, оның бәрі де ұтып шықса екен деп қиялдайды, енді бірде ерекше дарыны ашылып, дүниені шулатқан не жазушы, не әнші болғысы келеді. Анасы мен әпкесін, өмірі балмұздаққа тоймайтын екі інісін байлыққа кенелтіп, дүниедегі ең бақытты, ең бай адамдардың қатарына қоссам-ау деп армандайды. Амал не, ұйқы мәңгі емес, ол ғажайып түсін төсекте қалдырып, тағы да бір тиынсыз мектебіне кетеді.

Марат екеуі мектептен қайтып келе жатыр еді. Алдарынан масаңдау бір жігіт бұлғақтап шыға келді де қарсы қарап тұра қалды.

– О... оқып жа-жатырмыз ба? – деді ол ықылық ата сөйлеп. Бұлар қорыққандарынан жауап қата алмады.

– Оқып жатырмыз ба? – деймін деп ол қайтадан ақырды.

– Иә...

– О.... оқыңдар.., а-ақымақтар... м-мен де оқығам. Түк шықпады.

Үй-үйде... мы-мынадай екі дип-лом жатыр. – Ол дипломының көлемін көрсетіп құлашын керіп қойды.

– Жатсын! Ж-жата берсін! Ал мен... мен  ша-шашлық  сатып  кеттім.  Пайда  шаш-е-етектен.  Не-нешінші кластасыңдар?

– Б-бес...

–  Бесінші?  Фу-у,  боқ...  боқмұрын  екенсіңдер  ғой.  Же-жетінші класқа ба-барғанда ма-маған келің-дер. Б-бір жылда ... ма-машина ал... аласыңдар. Ке-келесіңдер ме?

– Иә...

– С-солай болсын, б-боқмұрындар!

Жігіт  қалтасынан  сіріңке  шығарып  темекісін  тұтатып  алды  да, тәлтіректей басып жүріп кетті. Бүркіттің шеңгелінен құтылған көжектей мас жігіт ұзаған соң барып екеуі әзер есін жиды. Әлгі жерден сәл ұзаған соң Марат:

– Адидас, – деді сыбырлап. Кластағылар Андасты Адидас дейтін.

- Жаңа сен не көрдің?

– Ештеңе.

– Ол қалтасынан сіріңке алып жатқанда жерге ақшасы түсіп қалды.

– Түссе қайтеміз?

– Жүр, барып алайық.

– Ұстап алса ол өлтіреді ғой.

– Өлтірмейді. Әне, ол таксиге отырып жатыр. Отырды. Енді қайтып келем дегенше... Екеуі әлгі жерге қайта оралды. Тротуардың жиегінде жатқан ақшаны көргенде  жүректері  лүпілдеп  жан-жақтарына  қарады.  Азық-түлік дүкенінен бір еркек, бір әйел шығып тура осылай қарай жүрді. Олар таянғанша ақшаны ала қоюға батылдары жетпей, алмайын десе екеуі өздерінен бұрын иемденіп кетер деп қауіптеніп, не істерге білмей әрі-сәрі күйде тұрды. Елгезектеу Марат тротуардан шығып, ақшаны аяғымен баса қойды да, екеудің өтуін күтіп жансыз адамдай қалшиды да қалды. Ақыры олар да өтті-ау! Азық-түлік дүкенінің бұрышына барып екеуі ақшаны санап шықты. Жүз қырық сом екен. Ақшаның түскенін алғаш көргені үшін, оны осында ертіп келгені үшін және аяғымен басып тұрып оны өткіншілерден аман сақтап қалғаны үшін Марат жүз сомын алды да, бұған қырық сом берді. Бұл – көрінеу-көзге жасалған әділетсіздік еді. Арамнан табылған ақшаның өзі адал бөлінбеді. Андас ләм демей үйіне бұрылды. Жыларман халде келе жатып ол мұндай-мұндай әділетсіздіктің өз өмір жолында талай-талай кездесетінін және олар бұдан әлдеқайда терең, әлдеқайда тұңғиық боларын болжаған да жоқ.

Ол  камерада  жатып  сот  процесін  көз  алдына  қайта  елестетті. Қайта елестеткен кезде зәбірленушілердің (яғни, үйі тоналғандардың) қылықтары есіне түсіп, қайтадан қаны қайнап шыға келеді. Зәбірленуші – бұлармен көрші еді. Бұлар көп қабатты үйдің бесінші қабатындағы екі бөлмеде, ал олар үш адам – өздері және ересек ұлы – екінші қабаттағы бес бөлмелі үйде тұратын. Күйеуі қалалық арақ-шарап заводында директордың орынбасары, ал, әйелі кондитер фабрикасының бір бөлімін басқаратын. Есіктерін екі-үш жыл сайын ауыстырып, сыртын темірмен қаптап қоятын-ды. Өздері көршілердің бірде-біреуімен араласпайды, тіпті, амандаспайтын да.

Андас тоғызыншы класқа өткен жылы Зүбайра тұрмысқа шығатын болды. Оның бұл жаңалығын алғаш естігенде үй-ішіндегілер қуанарын да, мұңаярын да білмей үнсіз отырып қалып еді.

– Енді қайттік! – деп күрсінді анасы, – Той жасап аттандыру былай тұрсын, жұрт көзіне көрсетіп құлағыңа сырға да сала алмайтын болдық-ау...

– Қойшы, мама, жоқтан өзгені уайым ғып шыға келесің, сырға мен жүзікті олардың өздері алатын болды.

– Сонда да... жерге қарап қалған байғұстар екен дейтін болды дә.

– Олай демейді. Олар жақсы адамдар, мама.

– Оған да шүкір. Құдай қашанғы жылата берсін, тым болмаса барған жеріңде бағың ашылса екен, жарығым...

– Анасы қайта-қайта мұрнын тарта бастады. Әрине, ол кісінің мұндай әңгімені жыламай айтуы мүмкін емес.

– Күйеу балаңызды ертең әкеп таныстырам, мама. Сонан соң... келесі жұмада... үйге құдалар келіп, сіздің алдыңыздан өтетін болды. Қызының үйіп-төгіп айтқан мына қуанышын бойына сіңіре алмай есеңгіреп қалған Биғанымның ойына күйеу бала мен құдалардың есік көріп, рұқсат сұрау үшін келе жатқаны, оларды күтіп алу ауыртпалығы түсіп, қызына аңырайып қарады да қалды.

– Үй де мынау: айра-жайра. Қара су мен қара наннан басқа түк жоқ.

– Ол тағы мұрнын тартты,

– Қанша дегенмен жат жерге бара жатсың. Өз үйіңнен жарқыратып бір киім, жалтыратып бір сырға тағып кетпегеніңе сен емес бұ жақтағы біз пүшәйман боламыз да. Бір үйде тұрған соң адам ищай деспей өмір сүре алмайды, күндердің күнінде құдағиымның тілі шығып: «артыңнан іздеп келер жөні түзу бір адам жоқ, босағамды көшедегі киіммен аттап едің» десе көңілің пәс боп, қамығып қаласың ба деп уайымдаймын дә.

– Кейінгіні кім болжап біліпті, мама. Кейінгіні кезінде көре жатармыз

– Зүбайраның да даусы дірілдей бастады.

– Бағың ашылсын, жаным... Қыз байғұстың бақытын еркекпен егіз ғып жаратқан соң не шара. Әйтеуір барған жеріңде жыламай жүрсең болғаны...

–  Тұрмысқа  шықтым  екен  деп  сендерді  ұмытып  кетпеспін. Қарайласып тұрамын ғой...

–  Өйтіп  әуреленбе.  Төркініне  жылтыңдай  берген  келіннің  қадірі кетеді. Бізді уайымдама. Андасжан да ер жетіп қалды ғой. Енді аз ғана шыдасақ біз де теңеліп кетерміз.

– Бар үмітіміз осы үшеуінде ғой. Осы үшеуі үш азамат боп кетсе көрген қорлық, шеккен азап, бәрі-бәрі ұмыт боп шыға келер.

– Тек құдай бәле-жаладан аулақ қылсын...

– Сонда деймін-ау, үшеуі үш азамат боп, «кімнің баласы – пәленшенің баласы» деп ел тамсанып жатқанда өзің де мастанып, өзгелерді танымай кетерсің.

– Зүбайраның көз жасымен шыланған мұңлы да арманды күлкісі сыңғырлай шықты. «Менің анам мен әпкем қандай ақылды, қандай мейірімді, қандай пәк, қандай жылауық, – деп ойлады Андас өз бөлмелеріндегі қатар тұрған үш сым кереуеттің біреуіне кеп жатқан соң.

– Әйелдер неге әлжуаз, олар неге жылауық? Бәлкім, жылауық болатыны дәрменсіздігінен де шығар. Зүбәйра! Мен сенің осыншалықты ақылды екеніңді қалай байқамағанмын? Енді сен бұл үйден кетесің. Осы үйде тудың, осы үйде есейдің,  ұрыстық,  таластық,  күлдік,  жыладық,  бәрі-бәрінде  де  бірге болдық. Бір-бірімізсіз ас ішпедік, біреуіміз кешіксек қалғанымыз көз ілмедік. Бір-бірімізсіз мына өмірді де көз алдымызға елестете алмаушы едік қой. Енді кеп... сен... кетесің, бізден бөлінесің. Біз көрмеген, көремін деп ойламаған жат үйге барасың, солардың тірлігін істейсің, жат біреудің фамилиясын аласың, бізсіз күлесің, бізсіз қуанасың... «Өмірдің заңы» дейді, неткен қатал заң!.. Мен сені дәрменсіз деймін-ау... Ал, мен ше? Сен дәрменсіз болғанда мен қандай қауқар танытып жатырмын. Сен үйден біржола кетіп барасың, ал біз сенімен жөндеп те қоштаса алмайтын болдық. Жұрт сияқты жасау беру былай тұрсын, үстіңе жаңа киім, құлағыңа сырға да таға алмадық... «үшеуміз үш азамат болғанда» деп армандайсың. Бірақ, ол... ол кейін ғой. Оған шейін сен балалы- шағалы боларсың, ол кезде сыйлаған сырғаның мәні де болмас. Жоқ, сен бүйтіп кетпейсің! Мен сені жетімсіретіп жібермеймін. Сен үшін, сенің нәзік жаның үшін, барған жеріңде басыңды көтеріп жүру үшін мен бір амалын табамын, Зүбайра!.. Мені құдай кешіреді! Кешіреді!..» Тапқан амалы осы болып еді.

Көршілерінің екі-үш күнге басқа қалаға қыдырып кеткенін білетін. Үйде ешкім жоқта ол бесінші қабаттан жіп байлап екінші қабаттың балконынан түскен... Үй үй емес, кинолардан көретін асыл жиһаздардың музейінен аумайды екен. Ол тез арада өзіне керекті жүзік пен сырғаны таба алмады. Сонан соң айырбастап алармын деген оймен оңайда тұрған он екі алтын қасық пен он екі шанышқыны алды. Оларды түсіп қалмасын деп стол үстінде жатқан газетпен  төрт-бес қабаттап мұқият орады да, балконнан жерге лақтырды. Мұндай үйде сигнализация дегеннің болатынын, оның бір ұшы милициямен жалғасатынын бала жігіт білмеген еді...

Ол  балконнан  жерге  түскенде  қарсы  алдында  тұрған  екі  қызыл жағалыны көрді... Сот кезіндегі бір сәт есіне тағы оралды.

– Айыпкер Андас Аяпбергенов! Сіз зәбірленуші Атажан Ибрагимовтің үйінен қандай заттар алғаныңызды өз аузыңыздан айтыңыз.

– Мен ол үйден он екі алтын қасық пен шанышқы алдым.

– Бұған қосарыңыз бар ма?

– Жоқ.

– Енді,  зәбірленуші  Атажан  Ибрагимов  айтсын.  Айыпкер Аяпбергеновтің айтқанына қосыласыз ба?

–  Жоқ.  Айыпкер  Андас  Аяпбергенов,  менің  көршім,  әрі  жақсы көретін інім, – ол басын шайқап күліп қойды, – алған заттарын жасырып отыр. Ол тек он екі алтын қасық пен шанышқыны ғана ұрласа біз оны кешірер едік. Жас бала, жасаған қателігін түсінер де, түзелер дер едік. Әңгіме одан көп заттардың жоғалғанында болып отыр. Рұқсат болса бәрін тізіп айтып шығайын.

– Айтыңыз, айтыңыз.

Ибрагимов қалтасынан милиция органының бланкісіне жазылған ресми қағазды алды да оқи бастады.

– 12 мың сомдық екі люстра, он екі адамға арналған ас ішетін және шай сервисі. Үш парсы кілемі, төрт алтын сағат, әйелімнің алтын бұйымдарын  салатын  қобдишаны  түгелімен,  екі  жапон  магнитофоны, түрлі-түсті телевизор және жапондық видеомагнитофон, автомобильге қоятын дыбыс күшейткіші бар радио. Бәрін есептегенде 91 мың 500 сом. Айыпкерден мен осы шығындарды орнына келтіруді талап етемін. Басқа айтар сөзім жоқ. Милиция куәландырған мына актінің бір данасы өздеріңізде тігулі.

Сот:

– Айыпкер Андас Аяпбергенов, сіз бұл шығынды қанша мерзім ішінде өтеп шыға аласыз?

– Мен он екі алтын қасық пен шанышқыдан өзгені білмеймін.

– Сонда сіз ұрлыққа тәуекел еткенде тек қасық пен шанышқыны ғана алып, қалған заттарға тимедіңіз бе?

– Жоқ.

Адвокат:

– Мен заседательдер мен судьяға мына жәйтті ескерткім келеді. Атажан Ибрагимовтің үйінде арнаулы сигнализация бар, Аяпбергенов балконнан түскен сәтте оның жұмыс істегені белгілі, сол арқылы екі милиция ұрыны ұстап отыр. Демек, зәбірленуші атаған әлгі заттардың бәрін жалғыз адам он шақты минуттың ішінде алып кетуі мүмкін емес. Бұл жерде не Ибрагимов жолдас ұрланбаған заттарын ұрланды деп қосып отыр, немесе үйге ұры түскенін пайдаланып екі тәртіп сақтаушының өзі ұрлаған, я болмаса, екеуара келісушілік бар.

Сотта айғай-шу көтерілді. Университетті үш-ақ жыл бұрын бітірген жас адвокат өзі қамқорлыққа алған адамын қорғай алмады. Бір адам он минуттың ішінде әлгіндей қыруар затты алып кете алмайтынын айыпталушыдан бастап айыптаушыға дейін жақсы білді, сезді, бірақ, қағаз жүзінде заң заңсыздық жағында еді. Әлімсақтан бері келе жатқан және бұдан кейін де жасай беретін: «Әлсізді әлді жеңеді» деген қағида бұл жолы да сүрінген жоқ.

...Камераның есігі ашылды.

– Аяпбергенов! Сыртқа шық! Ол есікке таянды.

– Уақыт қанша болды?

– Уақытты сұрап қайтесің, әлі алты жылың түгел.

– Мені қайда апарасыз?

– Кездесу бөлмесінде сізді періштедей бір бикеш күтіп отыр. Махаббаты күшті болуы керек, таңғы төртке дейін жылауын бір тоқтатпады.

Зүбайра екен. Ол мұны көргенде орнынан ұшып тұрып, мойнына асыла кетті. Өксігін баса алмай ұзақ тұрды.

– Көгершінім-ау,  күнім-ау,  ақылдым-ау,  мұның  не?  Бұл  қай қылығың?

Андас үндемеді.

–Өмір бойы жылап өтетіндей біз сорлы құдайға не жазып едік! Анау анаң байғұс ес-түсін білмей ол жатыр. Екі інің жұрт көзіне көрінуден қалды. Неге үндемейсің, айтсаңшы бірдеңе!..

Ол жауап қата алмады.

– Мен үшін бе? Сен осының бәрін мен үшін істедің бе? Құрысын, ұрып  кетсін  бәрі  де.  Сені  түрмеге  түсіріп  мен  күйеуге  шықпай-ақ қойдым... Енді біздің өміріміз не болмақ! Сен ол жақтан қандай адам боп қайтасың?

– Жылама, жыламашы, Зүбайра! – ол тұңғыш рет тіл қатты.

– Даусыңнан айналайын сенің!.. Мен қалай жыламайын, қалай?..

– Жылымды өтеп келгенде... мен... жиырма екіде ғана боламын. Сонан соң, бәрін өз қолыма аламын, Зүбайра. Тек жыламасаңдар болғаны.

– Уақыт бітті!

Зүбайра орнынан тұрды.

– Жылама  дедің  ғой,  енді  жыламаймын,  –  деді  Зүбайра  қол сөмкесінен құрғақ орамалын алып.

– Біз істі қайта қозғаймыз. Бүгін шағым жазып келдік. Қамықпа! – Ол Андасты үйде жүргендегідей шашынан еркелете сипап қойды. – Рұқсат берсе ертең мамаңды да ертіп келем... Сау бол! –Зүбайра інісінің екі бетінен алма-кезек сүйді де, мұны өзін жасауыл алып кеткенше тапжылмай қарап тұрды.

Екі жетіден соң ол Сібір жақтағы жазықты балалар колониясына жөнелтіліп бара жатты. 30-40 адам «Ташкент – Иркутск» поезының темір торлы вагонына жайғастырылды.

Жылау, сықтау, қоштасу. Поезд орнынан қозғалды. Бірінші Алматының таныс вокзалы мен оған жалғасқан үйлер көзге оттай басылып, бірте-бірте шапшаңдығын үдетіп, артта қалып бара жатыр. Сәлден соң қала көзден біржола таса боп, кішкене елді мекендер тізбегі басталды. Бұл жақты ол көрген жоқ, бұл жақты ол танымайды. Таныс дүние артта қалды. Алда колония, сонан соң шын мәніндегі түрме. Өмірдің қатал да сұсты шындығы бүкіл бетпердесін сыпырып тастап, өзіне анық төніп келе жатқанын ол енді ғана, елден ұзай бастаған шақта ғана ұғынды. Бұдан екі жеті бұрынғы сот, ондағы айтылған сөздер, жабылған жала, адамдардың арсыздықтары мен имансыздықтары, бәрі-бәрі енді көз алдынан қайтадан, басқа бір қырынан тізбектеліп өте берді.

Вагон  дөңгелектерінің  тарсылымен  қабаттасып,  оның  миына  осыған дейін төбе көрсетпеген мүлдем жаңа, мүлдем күтпеген бөлек ойлар кеп ұшқындап ене бастады. «Мен ғой сотталдым да кеттім. Қылмысым бар болса бар шығар, оны мойындамасқа лаж жоқ. Ал, үйіме ұры түсті екен деп соншама мың сомның дүниесін ол маған неге жапты? Дүниені тапқан үстіне таба түссем деп пе? Ол дүниенің бәрін неғылмақ, не үшін жимақ? Оның айтқандарын екі милиция неге жақтады, неге жалған актіге қол қойды? Осыншама дүниені бір адам он минуттың ішінде алып кете алмайтынын, мұның бәрі басқа бір мақсатпен жасалып отырғанын сот та, куәгерлер де іштей анық біліп отырды ғой. Сөйте тұра олар неге ананы жақтап, мені жақтамады? Неге? Неге? Себебі қайда? Жарайды, мен жазықтымын, ол үшін жазалануым керек. Ал, әлгілер ше? Қасық пен шанышқыға тоқсан мың сомның мүлкін қосып тіркеп, біреудің обалын ойламаған, өзгенің өмірі қиылып, көз-жасы көл боп жатса да шімірікпей аттап өте беретін дүниеқоңыздардың қылмысы қайда қалады? Оларды кім жазғырады? Анау екі милиция, анау соттар... Сонда... бұлар да бір-бірімен жалғасып жатқан шым-шытырық бірдеңе болғаны ма? Олар осы бойы сүттен ақ, судан таза боп бостандықта жүре бермек пе? Олар менен гөрі әлдеқайда қауіпті, әлдеқайда қатерлі ғой! Оларға неге заң жоқ, бар заңның өзі оларға келгенде неге оп-оңай бұрмалана салады? Әлде мен әлі ештеңе білмеймін бе? Оны білу үшін енді қанша жыл өмір сүруім керек? Білгенде не бітірем, біліп қана қойғаннан не түспек? Бәрібір ол осылай жалғаса беретін шығар. Бұл қағида қашанға дейін жалғаспақ? Он жыл? Жүз? Мың? Әлде мәңгі бақи ма? Баршаға бірдей Әділдік сонда ешқашан орнамай өтетін болғаны ма? Расымен солай ма? Дөңгелек тарсылы бұрынғысынан да күшейе түскен секілді. Енді олар тек тарсылдап қана келе жатқан жоқ, мұның тереңде жатқан сұмдық ойын: «тап солай, тап солай» деп растап келе жатқан сияқты.

25 қыркүйек, 1991ж

Н. Үсенова