Бір жарық сәуле

Бір жарық сәуле

Назарларыңызға оқырманымыз Хұсанова Ақбота Көрікбайқызының жолдаған "Бір жарық сәуле" деп аталатын туындысын ұсынамыз.

«...Балам! Құлыным-ау! Неге жылап тұрсың?! Жылама! Мен тірімін ғой!... Оқуың не болды?!» - Әже! Әже!... Әже кетпеші! Әже! Әже!... Өз даусынан өзі шошып оянып, орнынан атып тұрды. Қолын кеудесіне қойып:

- «Уһ» - деп терең бір тыныс алды. Түсім екен ғой!...

- Иә, қызым-ау қорқынышты түс көрдің ғой! – деп жанынан орын алған орта жастағы әйел ақырын ғана тіл қатты.

Әлгі әйелдің үні Лашынды сабасына түсіргендей болды. Жиі соққан жүрегінің дүрсілі поездың тық-тық еткен дауысымен үндескендей... Сол сәт поезда отырғаны есіне жаңа түсті. Жанарындағы жасты еріксіз сүртіп, жан-жағына аласұра қарай берді.

Кеш түсе, Қарағанды автобекетінен отырған жас қыздың мұңлы жанарын ұға алмай келе жатқан әйел, мынау қорқыныш пен қайғы араласқан дауысынан оянып, жас аруды әңгімеге тартқысы келді.

- Не болды, қызым! Өзің тіпті сұп-сұр болып тұрсың ғой! Міне, ал су іше ғой,- деп абыржып стақанмен су ұсынды

- Рақмет, тәте – деп қолы дірілдей стақанды алып – сізді де оятып жібердім-ау! Айып етпеңіз!

- Қызым-ау о, не дегенің! Менің жасымда ұйқы келер дейсің бе? Рас, даусыңнан оянып кеттім. «Әже»-деп шақырып жаттың ғой! Үй-ішің аман ба?

Жүрегінде бір мұң барын сезген әйелдің сезімталдығына іштей риза болды. Бірақ дәл осы минуттарда жаны оңашалықты қалап, ешкіммен тілдескісі келмеді. Сүйріктей ақ саусақтарымен стақандағы суды ақырын ғана, ұрттап қойып:

- Ыстық ықыласыңызға рақмет! Қызым деп, елегізіп, жылы шырай танытқаныңыз маған үлкен күш берді. Тек, әжемнің аздап мазасы болмай... – деп, демін ішіне тартып, сыр білдіргісі келмей - соған уайымдап келем. Лашынның қос жанарындағы көз жасы көк жапырақта мөлтілдеген жаңбыр тамшысындай шоршып кетті. Еріксіз терезеге мойын бұрып, үздіксіз ұзақ жолды жүріп келе жатқан поезд дауысына бір сәт құлақ түрді. Терең ойға батқан, жас аруды, одан артық мазасын алғысы келмеген әйел өз орнына жантая кетті.

Таң енді ғана қылаң беріп атып келеді. Вагон іші құлаққа ұрған танадай жым-жырт. Қатар тізілген әрбір орынға жайғасқан адамдар шырт ұйқыда. Қалың адамдардың арасында отырса да, жаны жалғыз, ойы оңаша Лашын ғана. Осы өлі тыныштықта сағат қоңырауындай дамылсыз соққан поезд дауысы ғана естіледі. Тық-тық-тық!... Лашынның жалғыздығын осы үн ғана құтқарғандай. Терезеге телмірген күйі, іштей күмбірлеп: Сары даланы артқа тастап, Сарыарқа төсінен де алыстап кетіппіз!... Соңғы сессиям қалып еді! Тіпті... әжем де оқуымды уайымдап жатыр-ау!..

Жаз айы. Қарағандының бүгін де салқын желі есіп тұр. Маусым айының бір жаймашуақ кезі болатын. Жазғы сессияның басталғанына да екі жетінің жүзі болды. Қолдарына кітаптарын алып, бүгінгі сабақтың үшеуін де ойдағыдай тапсырып, көңілдері орнына түскен қыздар шүйіркелесе, саябаққа жол алды. Құрбылармен ілесе, толған айдай толықсыған, ажарлы Лашын да келеді. Алда келе жатқан, ер мінезді, аздап еркелігі де басым, Жанат қыздарға бұрылып:

- Қыздар, байқадыңдар ма! Енді соңғы сессиядан соң, үшінші курсқа аяқ тірейміз!

- Иә, оның рас. Зымыраған уақыт не деген жүйрік, десеңші! – деп қостай кетісті қыздар. Бұл топтан дараланып Лашынның, өз-өзімен оңаша ойда келе жатқанын сезіп, жанына аяңдап келіп, Жаннұр:

- Лашын, жаным-ау! Не болды саған? Көңілің абыржулы ғой. Ауылды сағынып жүрсің бе?

- Ойланып келем, Жаннұр! Расында да уақыт жүйрік екен. Алғаш оқуға аттанарымда әжем ақ батасын беріп шығарып салып еді. Неге екенін қайдам, әжемнің ыстық құшағын сағынып келем... Әжемнің жанында болып...

Сол сәт, ұялы телефон шырылы жарасымды әңгімені үзіп жіберді.

- «Алло, әкетай!... Әжем бе?!... Хал үстінде жатыр ма... Бүгін-ақ жетем, әке! Жоқ әке мен барамын! Әке... Әжем өлмейді ғой иә?...» - деп, телефонды қоя сала, көз жасына ерік берді. Не болғанын іштей ұғып тұрған Жаннұр құрбысын құшақтай алды.

- Жаннұр, әжем... әжем... хал үстінде жатыр... Мен кетуім керек...- деп әр сөзді бір қайталап аяғында әрең тұрып: - Әжем мені шақырып жатыр екен. Әкем, сессияңды бітіріп кел,- дейді.

- Лашын, жылама, әжең әлі-ақ аяққа тұрып кетеді. Біз жаныңда не үшін жүрміз. Билетті, бүгін-ақ алып, сені өзіміз автобекетке дейін шығарып саламыз. Сессияңды мұғалімдермен сөйлесіп, сосын келіп тапсыруға келісеміз. Топырлап, жан-жағын қоршай алған қыздар да, жұбату сөздерін айтып, тілектес достар екенін білдіріп жатты. Екі кештің ортасында, жанталасып жүріп, Лашын жақын құрбыларының арқасында поезға да үлегеріп еді.

Вагон ішін кезіп, ерсілі-қарсылы жүрген адамдардан, ойы бөлініп, енді ғана оянғандай болды. Терезеге қараған күйі көп уақыт ойланып кетсе керек, жаздың таңғы шуағы шағылысып көз жауын алды. Жанындағы тәте бір ауық көз қиығын тастап, қайта теріс қарап жатып қалды. Ал, жоғарғы орында екі жас жігіт жайғасқан екен. Олар да бір сәт арлы-берлі қимылдап, ұйқылы-ояу жатыр. Поезд іші лық толы. Әркім өз ісімен, өз ойымен әуре. Кенет, екі орын кейін отырған қарт әжеге көзі түсі. Еріксіз көзіне жас келіп, жүрегі бүлкілдеп жастыққа бас қойды. Көз алдында, сексен жыл ғұмыр кешкен, қарт әжесінің бейнесі тұрды. Әжесімен өткерген бүкіл ғұмыры көз алдында моншақтай тізілді.

Тоғыз-он жас шамасындағы балалықтың бал дәуреніне бөленген Лашын. Әр жеті сайын әжесінің ауылына күн құрғатпай барып тұратын. Ұршығын иіріп, әуезді әуенін айтып отыратын әже, Лашын келе қалса, ерекше қуанып, қарсы алушы еді. Бүгінде жанына отырғызып алып, ән, не болмаса ертегі, әңгімелер айтып берді. Өзге балалардың бәрі ойын қуып кетсе, әжейдің әуенін тыңдап, ісін үйренуге әуестенген, Лашын, тоқыма тоқуды үйренді. Ойы зерек, айтқанды тез ұғып алатын, Лашын екі-үш күннің ішінде кішкене мойын орағыш тоқып үйренеді. Балаша шаттанған Лашынға әжесі іштей қуанып маңдайынан сүйіп, бауырына басты. Әженің құшағы қандай ыстық болатынын бала жүрек сонда сезіп еді. Ыстық құшағына енген сәтте-ақ, бүкіл әлемнің иесі, бүкіл құдіретті күшті бағындырған үлкен бір қорған екенін аңғарғандай... Ол құшақтан босап қалсаң, дәрменсіз күйде қалатындайсың. Осындай таудай биік, аспандай тұнық, қамалдай берік қорғаннан кімнің ажырап қалғысы келеді...

Ұзақ жолдың торабын жүріп келген поезд Оңтүстіктің шалқар төріне де келіп тоқтап еді. Өз бекетіне жеткен Лашын поездан асыға түсті... Қарсы алдында тұрған әкесін бас сала құшақтай алды...

*****

Сәске кезі. Қызылжар ауылы. Қарт әженің төсек тартып жатқанына да екі жетінің жүзі болды. Жүдеу тартып, шашына ақ кіріп, жүзін әжім өрнегі шимайлаған әже, соңғы кезде қарттыққа бой алдырған. Күн сайын жүдеп, құр сүлдері ғана қалған анасының жағдайын көріп, Асқат үмітін де үзіп қойған еді. Дәрігердің «дайындала беріңіздер» деген сөзінен соң бүкіл туған-туыстарына, ауыл адамдарына хабар берді. Ондағы ойы, өмір бойы өзімен сырласып, жақынындай артық көріп кеткен адамдарымен соңғы рет дидарласып, тіл қатысып қалу еді.

Қандай дерт басып, неден ауырғаны бәріне де жұмбақ. Тіпті дәрігердің өзі де, түсіне алмай, қандай ем жасарын білмеді. Тек соңғы сәттерде, көзін жұмып, қор етіп ұйықтап кеткеніне қарап, «кома» деп ұйғарды... Кеудесінде жаны, тамырында қаны ағып тұрған әлсіз жүректің бір күні тоқтарын бәрі іштей сезеді, күтеді. Нені күтеді? Неге үміттенеді? Көзін ашып қайта тіріліп, аяққа тұруын ба, жоқ әлде, қашан мына әлемнен мәңгілікке баз кешіп кетуін бе? Неше күннен бері тірі өліккке айналған әжейдің жағдайын көріп, бәрі үнсіз егіліп жылап алады.

Бір сәт әжей, көзін ашып, темір кереуеттің айналасын қоршай алып отырған ұл-қыздарына, немерелеріне бір назар салып түгендегендей болды. Көзін ашқанын көріп, бәрі жамырай, үміттері қайта жанып, «анашым..анашым...әже...әже..» деп шу ете қалды. Сәлден кейін бір нәрсе айтқысы кеп, иегін көтерді. Оны сезіп, Асқат жақындап, құлағын тосты:

- Балам... Лашын... - деп қинала - Лашын... Ернар... Олар... Келе... жатыр ма? - деп сыбырлай үн қатқан, дәрменсіз анасына:

- Ернар қызын тосып алуға кетті. Бүгін жетеді, Алла бұйыртса. Өзіңді көп шаршатпа – деп анасының қолын қысып қойды. Сол кезде анасының қолындағы кішкене мойын орағышқа көзі түсті.

Лашын тоқыған мойын орағыш емес пе?- деп анасына қарады. Анасы жанарымен ұзақ қарады да, кірпігін бір-екі рет қақты. Сексен жыл ғұмырын өткерген, шаңырағына қарап, көзін алмай жатыр. Осы үйдің келіні, Лашынның жеңгесі көзін жасқа бұлап отырып:

- Осыдан үш күн бұрын, көзі ашық кезінде сөредегі қобдишасынан Лашынның тоқыған мойын орағышын алғызып еді. Лашынды үнемі айтып, көзімнің нұры... деп соңғы кездері жиі еске алды.

- Бәрімізді түгендеп жатыр екен ғой... Баласын күтіп жатыр екен ғой... Шер жүрек ана көкірегі-ай – деп айтып жатысты отырғандар.

- Әже... Әже... мен келдім Әже... – деген үн естілді. Үй іші бұл үннен елегізей қарап, терзеден сыртқа үңілді. Қорғанның есігінен кірген бетте, жанұшыра, Лашын жүгіре кіріп, келеді. Үйдің ішіне еніп, әжесінің жанына отырып, құшақтап - әже құшағыңды сағындым...әже...жеттім ғой... - деп әжесінің бетіне-бетін басып, жанарынан үзілген үзік-үзік жас, әжесінің әжімделген жүзіне төгіліп жатты. Қарт жүрекпен жас жүректің табысқан осы сәтін көріп, бәрі үнсіз егіліп отыр.

Көптен күткен шерлі жүрек өз емін тапқандай, мөлдір тұнық күлкісімен соңғы рет, Лашынға ақырын ғана жымиып:

- Еркешім, менің жылама... құлыным-ау, сол қолын әрең көтеріп, еркешінің маңдайынан сипады. Арманым... жоқ көрдім... көп күттім... Ернар... Асқат... Жандар... деп әрбір баласына бір назар тастап... мені.. әкелелерің... деді де ұлы кеуде мәңгі о дүниеге сапар шегіп кетті.

- Әже! Кетпеші... әже! - деп, Лашын жансыз кеуденің үстіне талықсып, құлай кетті.

*****

Жаздың салқын кеші. Қарт әжейді жер қойнауына тапсырғанына да, екі айдың жүзі болды. Қараңғы бөлме. Үлкен қорғанынан ажырап қалған тар бөлмеде, әжесінің қобдишасына қарап Лашын отыр. Тірі адам тіршілігін жасайды. Алайда... әжесінің өліміне қайғырып, үнемі көңілі жүдеу тартып жүретін, Лашын әжесінен қалған естеліктерге назар салып отыр. Әжесінен қалған «ұршық, оратылған жіптер... суреттер...». Кенет, әжесі екеуі бірге бала кезінде түскен фотосуретке қарап, әжесінің мына бір сөзін есіне алды.

«Әр адам дүниеге келген кезде, көктегі жұлдыздар жарқырап, өз жұлдызың саған жарық сәулесін шашып тұрады. Яғни әр пенденің өзінің жұлдызы болады. Ал дүниеден өткен кезде, жұлдыз да онымен бірге сөнеді. Көктегі жұлдыз қанша көп болса, ол адамдардың соншалық көптігін білдіреді» - деп, айтқан сөзі бар еді. Көзіне жас ала отырып, суреттегі әжесін жүрек тұсына қойып:

«Біздің арамызда да, бір жарық сәуле бар еді. Отбасымыздың тірегіне айналған, мәні мен мазмұны боп табылатын ол жарық сәуле, сен едің әжетайым! Арамызға шуақ ендіретін, қамыққан көңілді жандандыратын жарық сәуле едің. Расында да, көктегі жұлдыздардың біреуі кемігені ме? Арамыздағы жарық сәуле шын мәнінде сөнгені ме?... Жоқ, әже, сенің сәулең сөнген жоқ! Сенен қалған мынау естіліктер, нақыл сөздер, өзің айтқан ертегілер, құлағымда мәңгі сыңғырлап тұратын әуезді әуенің – сенің бұл өмірде бар екеніңнің айғағы. Көкте тұрсаң да мәңгілік сәулең жарқырап, біздің арамызға шуақ шашып тұрады». Осыны айтып Лашын көптен аласұрып қалған көңілін жұбатты.

Автор: Хұсанова Ақбота Көрікбайқызы

Сурет: portpool.ru

Оқи отырыңыз: 

Студенттік өмір туралы шығарма

Педагогикалық қызметтің маңызы мен ерекшелігі

Менің арманым – Нұрсұлтан атадай Президент болу

Мен Отанымды жақсы көремін 

Ж. Исакаев